Сыр өңірінде күріш егу науқаны жартысынан ауды. Қазірге дейін межеленген 83,9 мың гектардың 44 мың гектарына дән себілді. Бұл межеленген жоспардың 52,4 пайызын құрайды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл 195,6 мың гектарға егін егілмек. Оның ішінде дәндi дақылдар 96,4, майлы дақылдар 5,7, малазықтық дақылдар 73,7, қант қызылшасы 7, картоп, көкөнiс, бақша 19,8 мың гектарды құрайды.
Былтыр 4,8 мың гектар күздік бидай егіліп, 41,2 мың гектар сүдігер айдау қамтамасыз етілді. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 7 мың гектарға ұлғайтылды. Атап айтқанда, күріш 5,3, малазықтық дақылдарды 2,3, картоп, көкөніс-бақша 222 гектарға арттырылды.
– Елдегі еңбеккерлер күріштің жоғары репродукциялы 9 сортын егуге көңіл бөліп отыр. Олардың ішінде 576 тоннасы «Маржан», 640 тоннасы «Сыр сұлуы» секілді жергілікті сорттардың үлесіне тиеді. Сондай-ақ, басым бөлігіне «Янтарь», «Лидер» егілсе, қалғанын «Премиум», «Маршл», «Патриот», «Яхонт» сорттары құрайды. Биыл облыс аумағында ақ егіс 15 наурызда басталды. Қазірге дейін 4,6 мың гектар жаздық бидай, 395 гектар арпа, 5,1 мың гектар мақсары, 125 гектар қант құмайы, 22,4 мың гектар жаңа жоңышқа дақылдары орналастырылды. Оған қоса 46,3 мың гектар ескі жоңышқа мен 5,6 мың гектар күздік бидай күтімге алынған.
Сонымен қатар, дәндік жүгері, сүрлемдік жүгері, күнбағыс, картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілуде.Көктемгі дала жұмыстары тұрақты бақылауға алынған.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<