Егінге әзірлік қандай?

606

0

Фото: ашық дереккөз

Жердің тоңын жібітер көктем де жақын. Егін науқаны басталады. Сол маусымға әзірлік қандай? Кейінгі жылдары диқанды алаңдатқан су жайынан өзге минералдық тыңайтқыш, жанармай, техниканың жағдайы да дұрыс болуы керек. Алдын ала жоспар бойынша биыл 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Бұл өткен жылғыдан 7 мың гектарға артық.

Меже мен міндет

Бүгінде «Шардара» су қоймасында 4,9 млрд текше метр су бар. Төменгі ағысқа секундына 900 текше метр су тасталуда. Ал «Көксарай» су реттегішіне 1,7 млрд текше метр су жиналған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,3 млрд текше метрге артық.

– Вегетация кезеңінде су лимиті жасалғаннан кейін егіс көлемі нақтыланады. Алдын ала жоспарға сәйкес күрішті 5,3, малазықтық дақылдарды 2,3, картоп, көкөніс-бақша дақылдарын 222 гектарға ұлғайту межеленуде. Сондай-ақ, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 1,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда. 2025 жылға дейін осы әдіспен егіннің көлемін 17,2 мың гектарға дейін ұлғайтуға мән беріледі. Оның ішінде тамшылатып суару арқылы 3 гектар қызанақ, жаңбырлатып суару бойынша 10 мың гектар жоңышқа егу ойластырылуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында биыл қала және ауыл әкімдері тарапынан 3 мың гектар жер дайындалады. Осыған байланысты дайындық жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес атқарылуда, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев.

Облыс бойынша көктемгі егін егу жұмыстары наурыз айының үшінші онкүндігінде басталады. Күріш сәуір айының ортасында себілмек. Жергілікті шаруашылықтар ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарымен толықтай қамтамасыз етілген. Қазірге дейін 21,5 мың тонна күріш, 1782 тонна бидай, 30 тонна арпа, 116,3 тонна мақсары, 4,5 тонна соя, 51,8 тонна жүгері, 278 тонна жоңышқа тұқымы дайындалған.

Тазартылған күріш тұқымының 80,6 пайызы егіске дайын тұр. Диқандар биыл «Маржан», «Сыр сұлуы», «Янтарь», «Лидер», «Премиум» сорттарын егуді жоспарлап отыр.   

Суды үнемдеуге не кедергі?

Кейінгі жылдарда Сыр өңірінде су тапшылығы көрініс беріп келеді. Қазір дария деңгейі жоғары болғанымен егін маусымында қиындық туындауы мүмкін. Сырдария өзенінің жоғары ағысындағы «Тоқтағұл» қоймасында судың көлемі біршама азайған. Жыл басындағыдан 2,7 млрд текше метрге төмендеді. Вегетация кезеңінде «Шардара» су қоймасына жоғарыдан түсетін су мөлшеріне ешқандай кепілдік жоқ.  Оған қоса қолдағы инженерлік жүйеге келтірілген жерлердің техникалық жағдайы мәз емес.

Былтыр күріш егістігінің ішінде 17,7 мың гектарын сумен қамтамасыз етуде біршама қиындық туындады, 8,8 мың гектар егістік су деңгейінен биік орналасқан. Дәл осындай жағдай қайталанса, шаруашылықтар өз есебінен 102 дана насос қондырғысын орнату қажет.

– Әрбір шаруашылық дақылдарды егу барысында барлық агротехникалық талаптарды сақтауын сұраймыз. Бұл сумен қамтамасыз ету бағытында көптеген қиындықтарды туындатады. Жылда қайталанып жүрген жағдайдан сабақ алуымыз тиіс, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Сондай-ақ, вегетациялық кезеңде су жүйелерін тазартудың мәні зор. Қазірге дейін шаруашылықаралық және ішкі шаруашылық каналдарының 77 пайызға жуығы тазартылған. Ал су құрылыстарының 71, насос қондырғыларының 68 пайызына жөндеу жүргізілді.

Тыңайтқыштан тарықпау қажет

Облыс шаруашылықтарында былтыр минералдық тыңайтқыш бағасына байланысты біршама қиындықтар кездесті. Ендігі кезекте сол олқылықты қайталамау керек. Биыл егіске қажетті 61,2 мың тонна минералдық тыңайтқыштың 53,2 пайызы жеткізілді. Оның бағасы әзірге өткен жылғымен шамалас. Атап айтқанда, тоннасына «Аммофос» – 193,7, «Карбамид» – 240, «Сульфат аммоний» 165 мың теңгені құрайды. Басқарма тарапынан «Қазфосфат», «Қазазот» секілді зауыттарға облысқа қажетті минералдық тыңайтқыш көлемінің айлар бөлісіндегі қажеттілік кестесі жолданды.

– Қазір «Жан-Арай» ЖШС қоймасында «Kaz Chemicals trading house» ЖШС-нің 670 тонна «Аммофос» тыңайтқышы бар. Оның 400 тоннасы облыс шаруашылықтарына сатылды. Бағасы – шамамен тоннасына 203 мың теңге. Зауыттағы құны 193 мың теңгені құраса, сақтау және тиеу секілді қызметтерді қоса есептегенде аталған баға шығады. Егіс науқаны кезінде оны тікелей зауыттан алған жағдайда вагон тапшылығы секілді проблемалар көлденеңдейді. Сондықтан межелі уақыттан кеш алынуы мүмкін, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Мамандар былтыр облыстың кейбір шаруашылықтары тыңайтқыштарды арзандатылған бағамен сатылатын мекемелерден алған. Алайда, олардың сапасының нашар болуы күзде өнімнің төмендігінен байқалды. Сондықтан егіншілер мұндай қажеттіліктерді тиісті министрліктен арнайы куәлігі бар мекемелерден алған дұрыс екенін айтады. 

Жанармай жеткізіледі

Жылма-жыл машина-трактор паркін жаңарту жағдайы жақсарып келеді. Алдағы егін егу науқанын жүргізу үшін 3979 техника қолда тұр. Олардың 74,4 пайызы жөндеуден өткізілген.

Былтыр 4,4 млрд теңгеге 180 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Биыл көктемгі егіс науқанын жүргізуге 12,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылған. Оның ішінде жергілікті операторлар арқылы ақпан айына белгіленген 7,5 мың тоннаның қаржысы толықтай төленді. Қазірге дейін зауыттан тиеліп шыққан 2,7 мың тонна дизель отынының 1,3 мың тоннасы облысқа жеткізілген.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<