Егінге де дайындық басталды

532

0

Сыр өңірі аграрлық саласының қызметкерлері өткен жылды оң нәтижемен қорытындылады. Еңбеккерлер су тапшылығы жағдайына қарамастан, мол өнім алды. Мал шаруашылығы, экспорт, инвестициялық жобалар бойынша жоғары жетістіктер бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасын тұрақтандыру бағытында нақты жұмыстар жүзеге асты.

– Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының маңызды саласының бірі. Биыл 192,4 мың гектар  жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның ішінде күріш 86,5 мың гектар жерге орналастырылмақ. Қазір көктемгі егінге дайындық  басталды. Былтыр облыс әкімінің тапсырмасымен жергілікті тұрғындарды көкөніс-бақша дақылдарын егумен айналысуға арнайы жер бөлінген еді. Нәтижесінде оған 6 мыңнан астам отбасы тартылып, қысқы азығын жинап алды. Игілікті іс биыл да өз жалғасын табады. Осы мақсатта Қызылорда қаласы мен барлық ауданда 2000 гектардан астам жер 8 мың отбасыға беріледі деп күтілуде, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Кейінгі жылдары өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті артып келеді. Былтырғы 1 желтоқсанға дейінгі мәлімет бойынша 105,2 мың тонна өнім шетелге шығарылған. Оның жалпы құны – 50 млн доллар. Әлемнің 23 мемлекетіне күріш, күріш қалдығы, балық өнімдері, қамыс, қарбыз, қауын, көкөніс, қызанақ, күнбағыс тұқымы экспортталған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60,2 пайызға жоғары.

Былтыр мемлекет тарапынан аграрлық саланы субсидиялауға 11,9 млрд теңге қаржы бөлінген еді. Биыл оның көлемі тағы 1,9 млрд теңгеге көбейді.

– Өткен жылғы егін жинау қорытындысымен дәнді дақылдардан 464,3, күріштен 444,8, майлы дақылдардан 5,8, малазықтық дақылдардан 299, картоп, көкөніс, бақшадан 418,7 мың тонна өнім жиналды. Сондай-ақ, су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы әртараптандыру бағытында 793 гектарға дақылдар егілген болатын. Оны 2025 жылға дейін 17,2 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал мал шаруашылығын  субсидиялауға   4,6 млрд теңге  қаржы бөлінді. Осының нәтижесінде аймақта төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғаюда, – деді басқарма басшысы.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<