1993 жылы 14 сәуірдегі «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңына сәйкес елімізде 1997 жылдан бастап 31 мамырда «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» аталып келеді.
Соңғы жылдардағы зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы атылған. Қуғын-сүргін жылдары елімізге кеңес одағының түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Осы жылдары елімізде 953 тұтқындар лагерлері, оның ішінде мемлекет ішіндегі мемлекет атанған мықты жүйе құрылымды ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасты. Республикада тәуелсіздік жылдары 150 мыңға жақын күнәсіз қудаланған отандастарымыздың аттары жазылған ондаған «Аза кітаптары» жарияланды. 400 мыңға жақын заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды, бұл шаралар әлі жалғасуда. Жалпы кеңес одағы бойынша миллиондаған азамат тағдыр тәлкегін кешті. Зұлмат заманда тұтас халықтар қудаланды. Иә солақай саясат салдарынан зұлмат жылдарында елдің бетке ұстар оқыған, көзі ашық адамдары атылып, асылып, түрмеге қамалып, жер аударылып, қалған ел аштықтан қырылды. Бұл кезең ХХ ғасырдағы қазақ тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болып қала береді. Қазақ ұлты қолдан ұйымдастырылған алапат аштықтың зардабын тартып, Ұлы дала бұрын-соңды болмаған орны толмас шығынға ұшырады.
Сол ел басына күн туған қыйын заманда жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың бірі менің атам кезінде Сыр бойына белгілі болған белгілі діни ағартушы, молда Қалжан ахун медресесінің түлегі Қоразбай молда ұлы Құлмағанбет молда еді.
Қоразбайұлы Құлмағанбет 1907 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келіп 1955 жылы қайтыс болған. Руы Кіші Жүздің Жетіру тайпалар бірлестігінің Табын тайпасының Теке аталығынан. Сыр еліне белгілі Ислам дінін насихаттаушы, діни қайраткер, молда. Араб тілін, шариғатты жете меңгерген, Құран-Кәрімді жатқа біліп, мағынасын қазақшаға аудара білген.
Осыдан он жылдай бұрын Ақтөбеде тұрып жатырған Әмит ишан ұлы Абдолла ағамен танысудың орайы келді. Екеуара сөйлесу кезінде Амит ишанның Қармақшыда түрмеде отырғанда менің Құлмағанбет атама ескі төте жазумен жазылған өлеңі бар екенін естідім де тауып беруін өтіндім. Уәде берді, кейін бірнеше рет телефонмен сөйлескеннен кейін ол хаттың Шымкенттегі Қалмұхаммед (Қалқай) ишаннан тарайтын Тобағабыл ишанның ұлы Батырхан ишанның қызы егде жасқа келген Қатзада апада екенін естіп, ол кісімен бірнеше рет сөйлестім. Жазғы асхана бөлмесіндегі ескі жүктің ішінде, кейін тауып беруге уәде бергенмен хат табылмады.
Атамның аты жазылған екі ғасырлық хатты іздеуді тоқтатпадым. Былтыр «Ислам және Марал баба» кітабының авторы өңірімізге белгілі С.Нұртайұлымен хабарласып, аталарым туралы деректер сұрағанымда ол Алматыда тұрып жатырған «Марал баба» жеке қайырымдылық қорының төрағасы Омаров Мұхамедхан Қасымқанұлымен хабарласуымды сұрады. Мұхамедхан ашық, адам жатырқамайтын азамат болып шықты. Менің он жылдан бері іздеген хатым 2023 жылдың тамыз айында қор құжаттары арасында бар болып шықты.Төте жазумен жазылған хат Әмит ишанмен емес, Марал ишанның басқа ұрпағы Тобағабыл ишанның ұлы Батырхан ишанның жазған хаты екен.Хатты көшірмесін алысымен Сыр бойына белгілі ғұлама ғалым Қалжан ахунның немересі Хасанатұллаға аударттым. Мұхамедхан Алматыдағы мамандарға аудартқан аудармасы мен Хасанатұлланың аудармасы бірдей болып шықты. Оның әкесі Мағымар мақсұм Сыр бойынан үдере көшкен көшпен ілесіп, Ауған жерінде, кейін Иран арқылы Түркияға қоныс аударған. Хасанатұлла сол елдерде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының араб графикасына негізделген қазақтың ұлттық жазуы – төте жазуды үйренген екен.
Ал енді екі ғасыр болған хаттың мазмұнына келейік.Конверт сыртындағы мекен жайы мен адам аттары орыс тілінде жазылған. Хаттың жазылған күні, айы, жылы көрсетілмеген, бірақ мазмұнында 1942 жыл көрсетілген.
Т.Ж.Д. ст. Джалагаш, Кзылординсая область,
аул 25, к/з Алгабас.
Получить Куразбаев Кулмаганбет
Из Свердловской обл., ст. Азанка, им. Кагановича,
п/я 237/5,
от Тобагабулова
Хат төмендегі мазмұнда жазылған: «Тілектес ағай, Ысқақ, Хамза, Құлмағамбет үй іште барлық үлкен кішілер қарындастар барлық балалар басқа сұраған халық жұрт ел азаматтарына көптен көп сәлем. Ал енді бізден амандық сұрасаңыздар Аллаға жаңымыз тіріден саулық Кенес ұкіметінде тәрбиесінде міндетті жұгін көтергенше арқалап келіп осы қырық екінші жылдың басынан бері ауруға шалдығып аяқ қол кемістікке айналып ауыр жұмысқа жарамастай болған соң комиссиялар бірнеше айлар доктырдың қараша айында қалдырып жиырмасыншы июннан бастап бір демалыс орыны бар екен. Жолдастардан бөлініп қазақтан жалғыз сол орынға келіп күні бүгінге дейін жатырмың. Мұсылманнан бір екі тұркмен, бір екі тәжік бар, аты қазақтан мен. Сонымен жалғыздын жары Құдай деп жатқан жәй бар. Өткен жылда бас кезімізде Қызылордадан Асаннан бір хат алып едім амандықты біліп қуанып Ақсудағы адрестеріңізге хат жазып едім. Онда Құлмағамбет Шиелі канал деген бір жарма қазылып сонда кетті деп жазған екен. Ол хатымнан сіздерден ответ болған жоқ. Ал енді біздін семьядан кім бар, кім жоғы Әмиттен естіп жатқан шығарсыңдар. Ендігі жалғыз тілек сол жалғыздың жамандығың көрсетпе деп жатсам тұрсам көрейін. Сол бір биылғы жылда амандықты сіздердің орынша екенін Әмиттен естіп едім. Оның ұстіне жақында Асаннан хат алып амандығына тілектес болып дұға қылып хәм сіздердін амандықты біліп адрестеріңізді жазған екен. Сол адрес бойынша тірлікті білдіріп бүгін осы хатты жазып отырмын. Құдайым аман көрісуге жассын, иншалла. Аман көрерміз деген үміт бар. Ертерек уақытта үлкен қауыпте едім, хат ұрықсат еткен кезде ең болмаса Әмитке тірлік хабарым тимей кетеме деген күнде болды. Соңыра хатты алдық. Тірлікті біліп бірнеше рет Әмиттен посылка алып бұл күнде адам қатарына енгендей, көңіл көтеріліп, денсаулықта күн күн жақсарып келе жатыр. Үзік ерікті кейде, еріксіз маған амандықты білдіріп хатты жиі жазып тұрындар. Ол жерде болса Ақаң ағайға үй ішімен
…Тентек өзенге қатынасыңыздар… Қадырдан азаматтарға көп сәлем айтасыздар. Сатмағамбетке де үй ішімен сәлем айтарсыз. Өзімде хат жазғанмын. Ол көптен жазған хатты алғаңмын. Рахмет. Бақытың көретін көңілге алаусыз алғандығына үлкен рахмет. Посылкмеін сәлем сақ хаты дегенді алдым. Ал енді менім адресім әзірге осы. Ронсилаг пунктте жатырмын. Ескі орныма жіберері болмаса осында ия басқа жаққа жідерері белгізіс. Сондықтан лагпункт нөмірін салмай, осы адреске сала беріңдер. Мен қайда барсамда осы адреспен мұны табады. Қош. Батырхан. Асанға сәлем айт. Аман болсын».
Тобағабыл ишан ұлы Батырхан ишанның хатында көрсетілген жалағаштық Құлмағанбет менің әкемнің әкесі, атам, Ысқақ оның ағасы, екеуінің әкесі Қоразбай. Хатта олардан басқа бірнеше кісілер аттары көрсетілген.Онда көрсетілген Хамза Керейт руынан, Жалағаш ауданының Аққұм ауылында тұрған атақты діни ғұлама, молда, ол да кезінде кеңес үкіметі тарапынан қудаланған, ұрпақтары қазір Қызылода қаласы мен Аққұм аулында тұрады. Әзірге хатта көрсетілген Тілектес, Ақаң Қадыр атты кісілердің кім екенін анықтауға мүмкіндік болмай отыр.
Бұрын қудаланып, сотты болған Құлмағанбет атамның қылмыстық ісі қайта қаралып, оның Шиелі жармасын қазуға жіберілгендігі туралы маған осы хат арқылы мәлім болды, Мәскеудің мемлекеттің мұражайынан алынған құжатта ондай деректер көрсетілмеген.Ондай шешімді қазақстандық емесе қызылордалық органдар қабылдаған болу керек. Шиелі жармасын қазуға 1940 немесе 1941 жылы жіберілген болу керек. Мұрағат деректеріне сәйкес жарма 1940 жылдың ерте көктемінде қазыла бастап, 1941 жылдың наурызында аяқталған.Хатта бұрын Ақсуға жазылған хатқа «ответ жоқ» деп көрсетілген, иә жауап жазылмаған себебі өйткені Ысқақ атам (үлкендердің айтуы бойынша) ол кезде ағайындарымен, басқа ауылдастарымен көне Үргенішке (қазіргі Түркіменстан жерінде) үдере көшіп барып, елде соғыс басталып, абыр-сабыр болып жатқан кез болған. Ал Құлмағанбет атам Теңтек өзектен ұсталып, жазасын лагерде өтеп, кейін Шиеліге жарма қазуға жіберілген еді.Хатта Асан әкемнен хат алғаны көрсетілген, орта мектепте латын әліппиін оқыған әкем төте жазуды да меңгерген екен. Хат әкеммен мектепте оқып жүргенде 1941 жылы немесе 1942 ж. соғысқа аттанбай тұрғанда жазылған болу керек.
Хатта көрсетілген Сатмағамбет кім? Бұл есім менің бала кезімнен бері есімде қалған зиялы қауым өкілі.Ол кісі мен оның жақындарының өңіріміз тарихында елеулі орын қалдыруына байланысты оларға толығырақ тоқталып өтуді жөн көрдім. Ол кісі 1950-70 жылдары біздің отбасымызбен жақын араласты. Менің есімімді әкемнің аты Асан, анамның аты Фатима болғасын Мұхаммед (с.ғ.с.) төртінші қызы Фатима анамыз бен әзірет Әлиден өрбіген Хасан мен Хусейн атымен Сатмағанбет ағамыз қойған екен. Мергенбаев Сатмағанбет Қарағандының Қарқаралысының тумасы, руы Арғын Қаракесек. Екатеринбург (Свердловск) Өндіріс академиясын аяқтағаннан кейін коммунистік партияның жолдамасымен әуелі Семейге, кейін Қызылордаға қызметке жіберілген. Басында Қараөзекте орналасқан жүйке аурулары жабық ауруханасы (психколония) бас дәрігерінің орынбасары, кейін Қызылорда қалалық партия комитетінің секретары лауазымын атқарған.Сатмағанбет аға Қызылордада Баймұрат Жаппас Сүйіндікұлы Жүсіпқызы Күлайханмен бас қосқан. Кейін Ресейде бірге оқыған, Қызылордаға қызмет бабымен келіп, бірнеше басшы лауазымдарын атқарған досы Арқаның Арғыны Жұманов Оспанды зайыбының сіңлісі Күлбараммен таныстырып, олардың отбасы құруларына себеп болған. Сәтмағанбет те, Оспан да кезінде НКВД органдарымен қудаланған.
Жүсіптің ең кіші қызы Әдия Қызылорда медицина училищесінің түлегі Алмағанбетов Нұрыллаға тұрмысқа шыққан.Ұлы Отан соғысына қатысушы, А.Невский, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі және 1, П-дәрежелі Отан Соғысы жауынгерлік ордендерінің иегері Нүрекең әуелі Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, қалалық партия комитетінің хатшысы, Өскемен Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, кейін 19 жыл Қазақ ССР ішкі істер министрінің орынбасары лауазымын атқарды. Болашақ генерал-майордың анасы Қоразбай атамның қызы Мария. Әке-шешесінен ерте айрылған Нұрылла ағам үш жас кіші әкеммен тай құлындай тебісіп Теңтек өзектегі Қоразбай атамның үйінде бірге өсті.
Жүсіп атамыздың ең үлкен қызы қарттық шағында біздің отбасымызда болған Райхан әжем Қоразбай атамның інісі Мергенбай ұлы Әмзенің әйелі. Әмзенің інісі Әміренің ұлы республикамызға белгілі заңгер, экс-сенатор Иран Амиров. Иран ағамның анасы Қантымның апасы Шекер Ермағанбетова кезінде (1938-1955ж.) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Төралқасы Төрағасының орынбасары лауазымын атқарған. Сатмағанбет аға мен Жүсіпқызы Күлайханның қызы медицина ғылымының докторы, Асфендияров атындағы Ұлттық Медицина университетінің стоматология кафедрасының профессоры Хадиша Сатмағанбетқызы Мергенбаева (Әмзе,Әміре әкесімен аттас) Қызылордада туып, балалық шағын өткізген. Бұл азаматтардың ұрпақтары қазір Алматыда тұрады.
Жазасын өтеп жүріп ақсулықтарға, хат жазған Батырхан ишанның менің аталарыммен достығынан бөлек біздің әулетке екінші жағынан жақындығы бар еді. Оның қызы Мамила жеңгеміз кезінде ұзақ уақыт қалалық ауруханада бас бухгалтер лауазымын атқарған әкеме жақын ағайын туыс болған қалалық білім саласында жауапты қызмет атқарған Қалмағанбетов Сейдахмет Мәжитұлы ағамыздың әйелі еді.
Халық әулие атап кеткен, шариғатты жете меңгерген, құран кәрімді жатқа білген, Ислам дінін насихаттаушы, діни ғұлама Қоразбай молда мен оның ұлдары Ысқақ, Құлмағанбет аталарымның өмір сүрген уақыты өте қыйын кезеңге тап болды.Бұл кеңес үкіметінің өздерінен білімі, діни сауаты жоғары тұлғалармен күресу үшін дінге қарсы ұйымдар құрып, құдайсыз қоғам құруға бағыт алған кез еді. Билік қазақ даласында мұсылмандыққа қызығушылықтың артып келе жатқасын дабыл қағып, діндарлықтың артуына діни тұлғалардың ықпалы жоғары екенін байқап діни қайраткерлер (ишандар, хазіреттер, сопылар, кәлпелер, молдаларды) қудалап, оларды дауыс беру құқынан айырып, кеңестерге саяси көзқарасымен қарсылық пікір білдіргендерді «халық жауы» ретінде қара тізімге іліктіріп, ату жазасына кесіп, еңбек лагерлеріне айдады.
Құлмағанбет молда кеңес билігі кезінде басына төнген қауіпке қарамастан қаймықпай Х1Х-ғасырдың аяғы мен ХХ- ғасырдың басында әкесі Қоразбай салдырған Қаракеткен ауылынан 30 шақырым жерде Қараөзек өзені бойында салынған мешіт пен Жалағаш кентінде әкесімен, ағасы Ысқақ молдамен бірге Жалағаш кенті Бұқарбай батыр (бұрыңғы Калинин) көшесі 72 үй ауласында орналасқан екінші мешітте діни іс-шаралар өткізіп, елді имандылыққа шақырып, Ислам дінін уағыздап, халықтың діни сауатын ашып, балаларға діни дәрістер берген.Ысқақ атамыздың үйі осы мешіт ауласында, ал Құлмағанбет атамыз қазіргі Бостандық көшесі 33 үйінде тұрған. Ол кезде Жалағаш кентіндегі Иманқұл мешітін жауып клуб, басқа мақсаттарда пайдаланғанда халық Қоразбай молданың Жалағаш кентіндегі екінші мешітін пайдаланғандығын туралы деректер сақталған.Мешіт ауласында оның өз қолынан еккен екі ғасырдың куәсы дәу қара ағаш әлі өсіп жайқалып тұрғаны, аулада мешіттің іргесіне пайдаланған дәу тастар әлі де сақталған.
Ел Қоразбай атаның Қаракеткендегі мешітін малмен жайлауға Қарақұм асқанда пайдаланса, Жалағаштағы мешіт ел малдарымен қыстауға көшкенде пайдаланған екен. Қаракеткендегі Қоразбай мешіті елімізде орын алған кеңес үкіметіне қарсы Қарақұм көтерілісінен кейін молдалар қудаланғаннан кейін 1930 жылдары жабылған.Жалағаштағы мешіт Ұлы Отан соғысына дейін, соғыс кезінде, соғыстан кейін халыққа қызмет істеуін тоқтатпаған. Мешітте неке қию, намаз оқу, соғыстан қаза болғандығы туралы қаралы хабар келгендердің жақындарының қатысуымен жаназаларын шығарып келген. кейін мал ұстауға пайдаланылған, бақша егетін, жем-шөп дайындайтын ауыл адамдары үшін пана ретінде пайдаланылып келген жартылай бұзылған мешіт әлі сақталған.
Жалағаштық өлкетанушы, аудандық мұражайдың ғылыми қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марат Шөмекейдің зерттеуі бойынша Қаракеткен мешіті Қарақұм көтерілісінен кейін 1930 жылдары үкімет органдарымен жабылғанға дейін ел жайлауға Қарақұмға көшкенде халыққа қызмет істеген, екінші Жалағаштағы мешіт ел қыстауға көшіп келгенде халыққа қызмет істеген. Бұл туралы кезінде әлеуметтік желілер мен газеттерде баяндалды.
1932 жылы Құлмағанбет молда отбасымен (әкесі Қоразбай, жұбайы Шұңғыр Алтынның қызы Боқышқызы Рабиға, ұлы Асан, қызы Сәлима) Сырдария ауданы Теңтек-өзек ауылы (бұрыңғы Комсомол, қазіргі Қызылжарма ауылдық округы) жер аударылған. Бұл жерде де Ислам дінін насихаттауды жалғастыруын тоқтатпағасын 1934 жылы НКВД органдарының құрығына ілініп, артынша Терең-Өзек аудандық халық сотының үкімімен колхоз-ауыл белсендісі ретінде Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің 116 бабы бойынша 3 жылға бас бостандығынан айрылып, сотталады. Қоразбай егде жасқа келуіне, науқастығына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған екен. Ресей Федерациясы Мемлекеттік мұрағатының анықтамасында КСРО ІІМ-нің 4 арнайы бөлімінің қорында сақталған құжаттарға сәйкес №5 сотталғандар тізімінде НКВД-ге қарасты ГУЛАГ түзеу орындарында жазасын өтеген.
Ысқақ ағасы Жалағаштағы мешітте иман болып, діни шараларды жасырын өткізуін жалғастырады.Әкесі, атасының Ислам дінін насихаттауы менің әкем бала Асанға да зияны тимей қоймайды. Әкесі сотталып, жазасын өтеуге жіберілгеннен кейін анасы Рабиға, қарындасы Салима, Қоразбай атасымен ағайындардан жырақта алыстағы Теңтек-өзекте тұруға тура келді. Асан әкем сол Теңтек-өзек бастауыш мектебіне барып, онда 1932-34 жылдары 1-3 сынып, кейін 1935-36 жылдары 4-5 сыныпты №6 темір жол мектебінде жалғастырып, 1937 жылы 1-май (қазіргі Қ.Мұхамеджанов атындағы гимназия) орта мектебіне ауысып, 1941 ж. мектептің алғашқы түлектері қатарында аяқтап шығады.
Үлкендердің айтуынша шамамен он шақырымды құрайтын Теңтек-өзек пен Қызылорда қаласы арасында ол кезде жол жоқ, қатынайтын көлік жоқ, әсіресе жаңбырдан соң немесе қыстың күндері екі ортаға қатынау тіпті қыйын, анда-санда жаяулы арбамен қатынайтын жолаушыларды кездестіруге болады екен.Бұл ұжымдастыру кезіндегі жаппай аштық, халықтың қырылуына апарған жылдармен тұспа тұс кезең еді, жас бала түгілі ересек адамдардың өзі қарақшылар мен аш-жалаңаш адамдар шабуылына ұшырамас үшін топтасып, таяқ, айыр, күрекпен қаруланып жүруге мәжбүр болған екен, үкімет белсенділері қарудың өзің жинап алған. Әсіресе қаланың шеткі аймақтарымен жүріп-тұрудің өзі қауіп болатын.Осындай қыйын-қыстау кезде Рабиға анасы мен Қоразбай атасы лагерде жазасын өтеп жатқан Құлмағанбеттен тарайтын жалғыз тұяқтың аман болуын Алладан тілеп, жандарын шүберекке түйіп, бір көруге зар болып, құмартып, ынтық болғанына қарамастан ол үйге тек жылына бірнеше рет берілетін демалыстар күндері ғана келетін.Жатақхана жоқ, жас балаға күнделікті тамақ табудың өзі бір қыйын мәселе, әркімнің пәтерін жалдап тұру, сабағына дайындалудан басқа ол үйдің қысы-жазы отын жарып, суын тасу, басқа да ауыр жұмыстарды істеу бұғанағасы қатпаған балаға оңай болмағаны белгілі ғой.Оның үстіне мектепте мұғалімдер мен арасында тексеріп келетін белсенділер тарапынан кеңестік әдіспен сотталған молданың ұлымен қосымша тәрбие жұмыстарын жүргізу тағы бар.13-18 жасар бала НКВД назарынан да тыс қалмаған сияқты.
Қоразбай молданың билік өкілдерінің Теңтек өзектен басқа жерге қоныс аударуға тыйым салғандықтан қалада немересінің мектебіне жақын тұруға мүмкіндігі тағы болмаған. Сол кездегі замандастарындай Асан әкемде балалық шағы қим-қиғаш өте күрделі заманға тура келді. Қоразбай атасының арнайы жіберген немесе жолай кездескен арбакештермен ересектердің бақылауымен қатынауға тура келді. Арбамен жүргенде қасындағы ересек адамдар мен қарақшы, аш адамдар арасындағы болған талай қақтығыстарды айтқаны еміс-еміс есімде тұғын. Сондықтан да бала Асан жеті жыл өздігінен қалада оқып, күнделікті мектеп пен пәтер арасында да, каникул кезінде үйіне барып-қайту кезінде де қауіпке толы жолдарда небір қыйындықтарды басынан кешіп ерте есейді.
Осы қыйындықтарды бастан кешіріп, мойымаған Асан әкем орта мектепті жақсы бағамен аяқтағады.Кейін бір жылдық мұғалімдер курсын аяқтап, 1942 жылы екінші дүниежүзілік соғысқа аттанды.Әкем өзін қарындасымен, егде жастағы әке-шешесі, атасымен жазықсыз қудалап, ағайын ортасынан еріксіз көшіріп, кейін әкесін соттап, атасын жер аударған мемлекеттің Сталинград қаласы үшін болған ғаламат қырғын шайқасына қатысып, Ресей, Украина, Белоруссия, Шығыс Еуропа қалаларын жаудан азат етуге белсенді қатысып, соғыстан тек 1946 жылдың қарашасында оралған.Ауыр жарақат, контузия алғанда отбасына екі рет «қара қағаз» жолданған, екінші рет қате жіберілген «қара қағаз» алғаннан кейін жалғыз тұяғынан айрылғандығын естіген анасы шыдай алмай» қаза болған.
Қазақстан, Ресей мұрағаттарын сұрату барысында Құлмағанбет атамның кейін ісінің қайта қаралуына байланысты 1940 жылдың 11 наурыз бен 1941 жылдың 07 қаңтар аралығында жаза өтеуден босатылып, арнайы қоныстанушы ретінде Шиелі каналын қазуға жіберілгендігін анықтауға мүмкіндік болды.Ол заманда қырағы НКВД органдары назарынан ештеңе қалмаған ғой. Әкесінің сотты болуы ұлы, менің әкем Асанға да зияны тимей қоймаған екен.Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып көрсеткен ерліктері үшін жауынгерлік «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, ондаған медальдермен марапатталып әкесінің Отан алдындағы кінәсін (кінәсіз болса да) қанмен жуғанына қарамастан (4 рет ауыр дәрежелі жарақат, 1 рет контузия) алғанына қарамастан, соғыстан кейін әуелі Қазақ ССР Әділет министрлігі жаныңдағы Заңгерлер мектебін, облыста алғашқылар қатарында Киров атындағы Қазақ ССР Мемлекеттік университетінің заң факультетін аяқтағанына қарамастан сотталған молданың ұлы ретінде қызметте қысымшылық көргенге ұқсайды. Сондықтан да өз әкесінің тегін алмай, билікпен қудаланса да ресми түрде сотталмаған Қоразбайдың тегіне жазылған екен.Жанұясында орын алған сергелдең сауаттылығы, қызметтегі тазалығы және соғыста көрсетілген ерліктері арқасында оның кеңес, сот, кәсіподақ органдарында абыроймен қызмет істеп, зейнеткерлікке шығуына кедергі келтіре алмады. Бүгінде (ҚР Үкіметі жанындағы ономастикалық комиссия шешімімен) Қызылорда қаласының бір көшесі Асан Қоразбаев әкемнің атымен аталады.
Әкем мен ағайындардың айтуы бойынша арғы атам Қоразбай мен оның Ысқақ, Құлмағанбет молда ұлдары Марал ишан ұрпақтары Абдулхамид (Амит), Сүлеймен, Тобағабыл, т.б. ишандармен жақсы қарым-қатынаста болған. Олардың ағайын болып араласқандығы туралы беріде қайтыс болған ишандардың соңғы тұяғы Ақлима ишан, Сүлеймен ишанның ұрпақтары Әбдірашид, Бақытжан, Әбдікәрім де айтатын. Қыйын-қыстау кезінде олардың және ағайындарының бастарына күн туып, жұрт олармен араласудан қорқып, байланыстарын үзгенде, аталарым бірнеше рет оларға қол ұшын беріп, өз бастарын қауіпке тігіп, оларға баспана беріп, паналатып жасырған екен. Сол үшін өздері де қуғынға ұшыраған. Кейін әкем Асан Қармақшы ауданы сотының төрағасы болған кезде оларға бірнеше рет көмегі тиген екен. Анам айтатын Әмит ишанның ұлы Қасымқан Ысқақ, Құлмағанбет молдалар отбасы туралы үнемі сұрастырып, арасында соғып кететін болған, қатыспай қалғанына өкініш білдіреді екен. Қармақшыда тұрған Әмит ишан ұрпақтарымен кейін аралары үзіліп қалған екен, ал Марал ишанның келесі ұрпағы Сүлеймен ишанмен (1949-1965 ж. Қызылорда қаласындағы орталық Айтбай мешітінің бас имамы болған), оның ұпақтарымен қазіргі Сүлеймен ишан көшесінде араласып тұрдық. Кейін олардың достығы олардың балаларына беріліп, Асан Қоразбаев пен Әмит ишанның балалары Асқар, Абдолла (Ақтөбе қаласында тұрды) мен Сүлеймен ишанның баласы Бақытжан (ұрпақтары Қызылорда қаласында тұрады), кейін олардың да балалары жақын араласып тұрған. Әкемнің тұңғыш ұлы дүниеге келгенде Ысқақ молда арнайы Қармақшы ауданының Қызылтам ауылында тұрып жатқан Әмит ишанға апарып Нағыметұлла есімін қойғызған екен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қуғын-сүргін ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған үндеуінде: «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды», – деп тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын. Құрбандарды толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысын жалғастыруда.
Бүгінгі ұрпақ тарихтан тағылым алу керек, алдағы уақытта зұлмат жылдардың қаралы, азалы кезеңі қайталанбауы үшін жастарымызды Отансүйгіштік, ұлттық рухта қайта тәрбилеп, елімізде тұратын барша халықтың ұлттық бірлігі мен ынтымақтастығын, ұлттық мүдде мен құндылығын арттырып, көтеруіміз қажет.
Бұндай кезде ұлтымыздың мақтанышы болған Ө.Жәнібековтің төмендегі сөздері еріксіз есіңе түседі: «…Идеология атаулының бәрін жаһаннамға жіберетін болсақ, ертең бізді алмастыратын ұрпақты қалай тәрбиелеп, Қазақстанның тағдырын кімнің қолына тапсырамыз? Бізге жаңа идеология керек-ақ. Ұлттық идиология деп отырғанымыз-ұлтшылдық иделогиясы емес. Оның тек қазақ халқы емес республикада тұратын барлық ұлыстардың мүдделерін бірдей қорғайтын идиология болатынына күмандануына болмайды.Тек ұлттық мемлекет арқылы ғана қазақ халқын экономикалық, әлеуметтік, парасаттық, құқықтық, мәдени, моральдық, имандылық, мінез-құлықтық жағынан кемеліне жеткізуге болады. Қазақтану қазір қажет-ақ…». Халқымыздың асылы, ардақты ағамыз сөзіне қосарым жоқ.
Хұсайын Асанұлы Қоразбаев
Заңгер, журналист, полковник.
Ақпарат саласының үздігі.





