Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне Корея Республикасы Шинхан университетінің өкілдері жұмыс сапарымен келді.
Делегация мүшелері Шинхан университеті ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ким Чжонгкью, зерттеу орталығының бөлімі басшысы Ли Янгкей Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректорының міндетін атқарушы, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартаймен және құрылым басшылары, профессор-оқытушылармен кездесті.
Кездесуде экология, электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы салалары бойынша жаңа жобаны жүзеге асыру талқыланды. Алдағы уақытта бірлескен білім беру бағдарламаларын оқыту, материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша жұмыстар атқарылады.
Жиында Шинхан университетінің өнеркәсіптік және академиялық ғылыми-зерттеу қызметінің ынтымақтастық қоры мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Ж.Базартай білім ордасының академиялық және ғылыми әлеуеті, стратегиялық даму барысымен таныстырды.
Кездесу барысында университеттердің екіжақты келісім-шарты негізінде «Kazakhstan – Republic of Korea joint Laborаtory for E³ convergence technology & Carbon Neutral Support» қазақ-корей біріккен ғылыми-зерттеу зертханасының ресми ашылуы болды.
Қонақтар «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханамен, ҚР еңбек сіңірген гидротехнигі М.Нәлібаев атындағы су шаруашылығы музейімен танысты. Сонымен қатар Корей халқының ұлттық қаһарманы Хон Бом До мемориалына барып, тағзым етті.
Айта кету керек, мамыр айында облыс делегациясы Оңтүстік Кореяның бірқатар жетекші ЖОО-ларында, соның қатарында Шинхан университетінде болып, кездесу нәтижесінде өзара ынтымақтастық келісімге келген еді. Кері байланыс ретінде 5 шілдеде Шинхан университетінің президенті Кан Сон Чжон (Kang Seong Jong) бастаған арнайы делегация Қорқыт ата университетінде болды. Зерттеу және білім беру саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеу, білім, тәжірибе және басқа да ақпарат алмасу мақсатында екіжақты меморандумға қол қойылған.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<