Ekin Patrol-ді ескеріп,  Vuewo-ны біліп жүр

837

0

Фото: ашық дереккөз

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету − өзекті мәселе. Көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес облыс әкімдігінің қолдауымен полиция департаментіне  10 Ekin Patrol G2 автокешені және 21 жылжымалы аппараттық-бағдарламалық Vuewo  бейнетіркеу кешені алынды.

Елімізде полициядағы бейнебақылау жүйелеріне ерекше назар аударылуда. Жаңа технологиялар ІІМ-нің барлық дерлік бөлімшелерінде енгізілген. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов бұған дейін Ақмола облысына сапары кезінде аз уақыт ішінде өзінің тиімділігін көрсеткен жылжымалы аппараттық-бағдарламалық кешеннің мүмкіндіктерін тексеріп көрді. Жалпы ел бойынша әртүрлі маркалы аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді.

Өткен жылы облыс аумағында 473 жол-көлік оқиғасы орын алды. Ал онда 146 адам қаза тауып, 548 адам жарақаттанды. Бұл өңіріміздегі  көлік жүргізу мәдениеті әлі де төмен екенін білдіреді дейді мамандар.

− Жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану жалпы полиция жұмысындағы жедел міндеттерді шешуде тиімді көмек көрсетеді. Қазақстандық полицияның жұмысына енгізіліп жатқан жаңашылдықтар халықтың тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етеді. Қабылданған  шаралар жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Патрульдік міндеттерді оңтайландырудың арқасында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы жаңа деңгейге көтеріледі. Сондай-ақ, полиция қызметін автоматтандыруға, полиция жұмысын бақылауға,  деректерге қолжетімділікті,  басқарушылықты, диспетчерлеуді жақсартуға көмектеседі. Ал тәртіп сақшылары өз кезегінде халықтың мүддесіне адал қызмет етпек, − деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мұхтар Қожабаев.

Қалаға жеткізілген кешендердің жай патрульден айырмашылығы үлкен дейді мамандар. Облыстық  полиция департаменті патрульдік полиция қызметі жұмысын ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға испекторы Руслан Жақсылықов бізді құрылғылардың жұмысымен таныстырды.

− Ekin Patrol G2 зияткерлік мобильді құрылғысы жылдамдықты асыруды автоматты түрде қозғалыс кезінде анықтайды. Оның 10 данасы патрульдік автокөліктерге орнатылған. Құрылғы төңірегін 360 градуста шолып, жылдамдық асыру дерегін анықтайды. Ақпаратты автоматты түрде серверге жүктейді. Жолдың 7 жолағына дейінгі аймақта бір уақытта өткен  100 автокөліктің мемлекеттік белгісін автоматты түрде күндіз-түні тіркейді. Жылдамдықты асырумен бірге жалған мемлекеттік белгілерді, жолда аялдау ережесін бұзу дерегін, көліктің техникалық байқаудан өткенін, сақтандыру шарты жасалғанын және іздеудегі автокөліктерді анықтайды. Айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама көлік иесінің мекен-жайына жолданады. Бұдан бөлек,  Vuewo бейнетіркеу кешені  алынған деректерді мұрағаттайды. Қауіпсіздік белдігін тақпаған, ұялы телефонмен сөйлескен, күндізгі жарық шамдарын жақпаған және қоғамдық қауіпсіздік саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтап, әкімшілік хаттама рәсімделеді. Зияткерлік құрылғы қала мен республикалық жолдарда қолданысқа беріледі. Алматы қаласынан арнайы мамандар келіп,  құрылғымен қалай жұмыс істеу жөнінде дәріс өткізеді деп күтілуде. Қазір тесттік режимде жұмыс атқаруда, – дейді Руслан Ғабитұлы.

Ekin Patrol-ді ескеріп,  Vuewo-ны біліп жүр

АҚШ-та полиция патрульдік көліктері Ekin Patrol G2 деп аталатын бетті тану жүйесімен жабдықталған. Ол алыстан адамның жүзін тани алады. Мысалы, жаяу жүргінші жолымен өтіп бара жатқан жолаушыны Ekin Patrol G2 жүйесі оның бетін дерекқордағы қылмыскерлермен бірнеше секунд ішінде салыстырады. Ал Нью-Йорк штатында полиция қызметкерлері үшін жаңа анализатор құрылғысы бар. Ол жол апаты кезінде телефонның қалай қолданылғанын көрсетеді. Егер бір секунд бұрын SMS хабарлама жіберсе немесе алса полиция бірден біледі. Мысалы, Нидерландыда жасанды интеллект архивтердегі шешілмеген істерді талдауға көмектеседі. Ал неміс Бавариясында күдіктінің ДНҚ-сы негізінде фоторобот жасауға рұқсат етілген. Есесіне ереже бұзушылар саны азайған.

Ekin Patrol-ді ескеріп,  Vuewo-ны біліп жүр

Ал біздің патрульдік полиция көліктеріне орнатылған аппараттарға жүргізушілер «Снеговик», «Тасбақа» деп ат қойып алыпты. «Көшеде жол белгілеріне емес, патрульдік полиция көліктерінің төбесіне қарап жүретін болдық. Жаңа технологияны енгізген дұрыс. Алайда айыппұл салмас бұрын, құралдарды жүргізушілерге кеңінен таныстыру қажет дейді жүргізушілер.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<