Екінші толқын ба, салғырттық салдары ма?

879

0

Әлем жұртшылығы алаңдаулы

Әлем елдерінде COVID-19 вирусын жұқтырған халық саны тағы да көбейіп, сақтық шаралары күшейтіліп жатыр. Әсіресе, Еуропа елдеріндегі эпидемиялық ахуал асқынып барады.

Іргелес Ресейде жұқпалы дертке шал­дыққандар, ауруханаларда, жансақтау бөлімдерінде жатқан науқастар саны көбейген. Бір тәулікте инфекция 15 мыңнан астам адамнан табылып, рекорд жаңарды. Олардың 5 мыңға жуығы – Мәскеу тұрғындары. Жалпы елдегі науқастар саны 1399334 адамға жеткен.  Соңғы тәулікте 8 945 науқас тіркелген.  Пандемияның беті қашан қайтатынын болжау қиын. Бірақ мамандар аурудың шарықтау шегінен өттік деп, кейбір шектеу шараларын жеңілдетуге рұқсат берді.

Еуропа елдерінде күніне 330 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталады. «Қарт құрлықта» эпидемияның қарқыны мен ауқымы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын алаңдатып отыр. Швейцария денсаулық сақтау мамандарының хабарлауынша, елде соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар 4 есе көбейген. Індеттен 2115 адам қайтыс болды. Ірі қалаларда қоғамдық шараға тыйым салынып, көпшілік жүретін жерде азаматтарға маска тағу міндеттелді. Ал жалпы коронавирусты емдеуге арналған орын саны – 182 мың.

Иранда да коронавирус төңірегіндегі эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде бір тәулік ішінде 400-дей адам қайтыс болыпты, 5 мыңнан астам адам инфекция жұқтырған. Науқастардың көптігінен Тегеран ауруханаларында бос орын жоқ. Індетпен күреске әскерилер тартылып жатыр. Инфекция кең таралған 5 қалаға баруға шектеу қойылған.

Испания астанасында коронавирус өршіп, жағдай күрделене түсті. Мадрид ауруханаларында науқастың қарасы көбейген. Бірақ билік ауыр халде жеткізілген адам саны көктемдегіден әлдеқайда төмен екенін айтады. Денсаулық сақтау министрі Сальвадор Илла шектеу шаралары шаһардағы жағдайды тұрақтандыруға көмектесуі тиіс деп отыр. Испанияда коронавирус жұқтырғандар саны 900 мыңнан асқан.

Шектеулер қайта енгізілуде

Ұлыбританияның астанасында да коронавирусты жұқтырғандар санының өсуіне байланысты карантин күшейтілді. Лондонда шектеудің екінші деңгейі енгізілді. Жаңа тәртіпке сай бір үйде тұрмайтын адамдардың кездесуіне тыйым салынады. Ал көшеде 6 адамнан артық жиналуға болмайды. Билік қоғамдық көліктің орнына велосипед, электр скутерді пайдалануға кеңес береді. Және қажеттілік болмаса алыс сапарға аттанудан бас тартуға шақырды. Ұлыбританияда коронавирус жұқтырғандар саны 640 мыңнан асқан.

Германияда коронавирусты жұқтырғандар күн сайын көбейіп келеді. 17 қазан күні короновирус 7 мың 830 адамнан анықталған. Бұл – індет таралғалы ең жоғары біркүндік көрсеткіш. Роберт Кох институты дертке шалдыққандар күніне 10 мыңнан асса, кей аймақтар карантинге жабылуы мүмкін деп отыр. Бірақ билік жаппай карантин енгізілмейтінін айтып, тыйымды қатайтуды ғана қолға алып жатыр. Германия президенті Франк-Вальтердің өзі карантинде отыр екен. Жеке күзет қызметкерінің бірінен коронавирус табылғаннан кейін ол осы талапқа бағынды. Бірден ПТР тапсырған, алайда қауіпті вирус анықталмаған. Жақын арада ел президенті қайта тест тапсырады. Күдігін сейілтіп, жұқпалы дерт бойынан табылмаса жұмысқа қайта оралады. Бірақ оған дейін қызметін қашықтан атқарады. Соңғы күндері Германияда коронавирус күшіне мініп тұр. 8 мыңға жуық тұрғыннан қауіпті вирустың анықталғаны – жаңа антирекорд. Мұндай жағдай тіпті көктемде де болмаған. Канцлер Ангела Меркель халыққа үндеу жариялап, қауіпсіздік мәселесіне аса мән беруге шақырды. Отбасылық мерекеден бас тартуға кеңес берді. Себепсіз көшеге шығу азаматтардың өзі үшін де, қоғам үшін де қауіпті екенін ескертті.

Париж көшелерінде адам қарасы азайды. Жүргіншілер жоқтың қасы. Жуырда ел президенті Эммануэль Макрон қалаларда түнгі уақытта комендант сағаты енгізілгені жа­йында бұйрыққа қол қойған. Коронавирустың өршуіне көбіне ойын-той себеп болатынын алға тартқан Макрон отбасылық мерекелерді кейінге шегере тұру тиімді екенін айтты. Бельгия билігі 19 қазаннан бастап елдегі барлар мен мейрамханаларды төрт аптаға жабу жөнінде шешім шығарды. Оған коронавирус жұқтырғандар санының күрт артуы себеп болып отыр. Жергілікті билік жағдайды екшей келе, көп кісі жиналатын қоғамдық орындардың жұмысын реттеуді қолға алды. Португалияда да коронавирус жұқтырғандар саны үнемі артып келеді.  Чехияда 15 қазан күні ауру саны бойынша рекорд тіркелді. Грузияда ауру саны қазан айының бас кезіндегі көрсеткіштен 3 есе артық. Өлім-жітім де көбейген. Батумиде қоғамдық көлік тоқтатылды. Тбилисиде бірнеше мектеп пен  балабақша жабылды.

Жағдай тұрақты. Дегенмен…

«Елімізде өткен тәулікте 102 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып ауырғаны белгілі болды» деп хабарлайды coronavirus2020.kz сайты. Нұр-Сұлтан қаласы – 17, Алматы қаласы – 10, Шымкент қаласы – 2, Ақмола облысы – 5, Ақтөбе облысы – 1, Алматы облысы – 4, Атырау облысы – 8, Шығыс Қазақстан облысы – 15, Батыс Қазақстан облысы – 6, Қарағанды облысы – 9, Қостанай облысы – 4, Маңғыстау облысы – 1, Павлодар облысы – 11, Солтүстік Қазақстан облысында 9 науқас тіркелген.

Ал Қостанай облысында шектеу шаралары қайта енгізіледі. Ол бойынша қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмыс режимін сағат 23.00 дейін қысқарту, 30 орыннан артық адам қабылдамау, демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысына тыйым салу, ауданы 2000 шаршы метрден астам сауда объектілерінің, азық-түлік супермаркеттері мен олардағы дәріханаларды қоспағанда, сауда, ойын-сауық орталықтарының жұмысын тоқтату, азық-түлік емес және жабық азық-түлік базарларының жұмысын тоқтата тұру көзделген. Шектеулер 20 қазан күні сағат 00.00-ден бастап күшіне енеді.

Тестілеу қызметі арзандады

Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі «INVIVO» және «Олимп» зертханаларында ПТР-тестілеу қызметінің бағасы 9000 теңгеге дейін арзандағанын хабарлады. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ПТР тестілеудің көлемін арттырып бағасын төмендету туралы тапсырма берген болатын. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Қазіргі кезде болжамды түрде 11 мың теңгеден 8 900-ге дейін төмендеуі тиіс. Бұл бағытта тиісті есеп-қисап жүргізілуде. Қажетті қадамдарды саладағы қауымдастықтармен, «Атамекен» ҰКП-мен пысықтап жатырмыз» деген еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<