«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбалоны салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало бір-біріне делегация мүшелерін таныстырған соң, шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Президенттің айтуынша, Гвинея-Бисау – Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктесі.
– Біз екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға мүдделіміз. Екі ел арасындағы ықпалдастықтың келешегі зор деп санаймын. Ол үшін үкіметтер өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға бар күш-жігерін салады. Біз басты халықаралық құрылымдардағы, ең алдымен, БҰҰ және Ислам ынтымақтастық ұйымындағы Сіздің еліңіздің өкілдерімен байланысты күшейтуге дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
– Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатудың мәні зор. Мен бұған дейін еліңізге Премьер-министр ретінде келген едім. Бұрнағы жылдары Гвинея-Бисаудың студенттері Қазақстанда оқыған болатын. Олардың басым бөлігі техникалық мамандық бойынша білім алды. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді. Себебі Қазақстаннан үйренеріміз көп, – деді Гвинея-Бисау Президенті.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Мұнан соң екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
– Сіз Қазақстанға Гвинея-Бисаудың Президенті ретінде алғаш рет келіп тұрсыз. Мұны тарихи сапар деуге болады. Жоғары деңгейдегі осы кездесу екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін, – деді Президент.
Былтыр Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 10 жыл толды. Президенттің айтуынша, бүгінгі тарихи кездесу өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге негіз болады.
– Осы кезең ішінде біз өзара қолдау мен берік достыққа негізделген ынтымақтастық орнаттық. Серіктестігімізді одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Әсіресе, экономика және сауда-саттық салаларының әлеуеті жоғары. Мен бүгінгі сапарыңызды екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп қарастырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы мен Гвинея-Бисау Президенті БАҚ өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Умару Сисоку Эмбалоның Қазақстанға ресми сапары алыс жатқан елдерді байланыстырып, халықтарымыздың тілегі мен ниеті бір екенін көрсетеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<