Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Хиуа қаласына жұмыс сапары барысында Президент Шавкат Мирзиёевпен бірге Өзбекстан жеңіл өнеркәсібіндегі үлгілі кәсіпорындардың бірі саналатын «HIVA GILAMLARI» кілем тоқу фабрикасын аралап көрді.
Іргесі 1977 жылы қаланған кәсіпорынға жаңа инвестор толықтай реконструкция жасаған. Мұнда жылына 4,2 миллион шаршы метр кілем тоқитын төрт цех жұмыс істейді.
Мемлекеттер басшыларына акрилден иірілген жіп өндіру цехы, кілем тоқу цехтары және дайын кілем үлгілерінің шоу-румы көрсетілді.
Кәсіпорын директоры Камол Абдуллаевтың айтуынша, фабрика кілемдері ішкі нарыққа сатылады, сондай-ақ ТМД елдеріне, ҚХР мен АҚШ-қа экспортқа шығарылады.
Бұдан кейін президенттер Өзбекстан өнеркәсіп тауарларының көрмесін тамашалады. Павильондарда арнаулы техника, электр техникалық жабдықтар үлгілері, бау-бақша шаруашылығының селекциялық жетістіктері, тоқыма, химия, тамақ, фармацевтика өнеркәсібі өнімдері, жібек, тері және зергерлік бұйымдар көрмеге қойылған.
Президенттер шекаралас облыстар аумағында экспортқа бағдарланған кәсіпорындар кластерін құрудың маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар мемлекеттер басшылары Арал теңізінің табанына сексеуіл егіп, аймақтағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін бірлескен күш-жігер жұмсау қажет екеніне назар аударды.
* * *
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев бейресми кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
Қазақстан Президенті ислам өркениеті мен сәулет өнерінің жауһары саналатын Хиуа қаласында өтіп жатқан кездесудің символдық мәні бар екеніне назар аударып, барлық бағыт бойынша табысты дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастыққа көңілі толатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел үкіметтері қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру ісімен белсенді айналысып жатыр. Тиісті «жол карталары» жоспарлы түрде орындалып, қол қойылған келісімдер мен сауда келісім-шарттары бойынша жұмыс жүргізілуде. Өзара тауар айналымының көрсеткіштері жаман емес. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 4,4 миллиард долларды құрады. Өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде портфелімізде инвестиция көлемі 2,5 миллиард доллардан асатын 60 бірлескен жоба бар. Оның аясында 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын салу жобасы да сәтті ілгерілеп келеді.
Президент қазақ-өзбек тандемі өмірлік қажеттіліктен туғанын және бірге әрі жұмыла әрекет еткенде ғана елдеріміздің орнықты дамуын қамтамасыз етуге болатынын айтты. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың 2034 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдау бастамасын қолдады.
Кездесуде президенттер өзара тауар айналымын ұлғайту, энергетика, көлік, су шаруашылығы, IT салаларындағы ынтымақтастықты дамыту сияқты экономикалық ықпалдастықтың сан алуан мәселесі жөнінде пікір алмасты.
Әңгімелесу барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды өркендету, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанның бірегей туристік әлеуетін пайдалану мүмкіндіктеріне айрықша мән берілді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өңірлік күн тәртібін талқылап, халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәселелерін қарастырды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<