1972 жылы Біріккен ұлттар ұйымының қоршаған ортаны қорғау конференциясында 5 маусым Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні болып белгіленгені баршаға аян. Қоршаған ортаны қорғау мен адамның өмір сүруі үшін қолайлы жағдай туғызу-еліміздің басты мақсаттарының бірі болып табылады.
Осы ретте, 1992 жылы Бразилияда БҰҰ-ның Конференциясында қоршаған орта және оны дамыту жөнінде Рио-Де-Жанейро Декларациясы қабылданды. Қазақстан осы декларацияға қосылды. Халықаралық деңгейде қабылданған мұндай шешім тектен-тек қабылданбағаны белгілі. Қандайда бір мемлекеттің экологиялық ахуалы көрші елдерге өзінің кері әсерін тигізетіні белгілі. Экологиялық проблемалардың шекарасы болмайды. Мысалға айта кететін болсақ Арал теңізінің проблемасы Әмудария мен Сырдария өзендерінің атырауында тұратын 5 миллион адамдардың өмір сүру деңгейі мен денсаулық жағдайына ықпал етті. Осы аймақтағы климат өзгерді, теңіз суы тұздалды, жерлердің тозуына алып келіп, аймақтағы биоалуантүрлілік жоғалды. Сондай-ақ, 1986 жылы Чернобыль және құпия түрде жүзеге асырылған Семей полигонындағы сынақтар зардаптары бүгінгі күнге дейін халық денсаулығын сауықтыруды қажет етеді. Кешегі кеңес одағы кезіндегі алып құрылыстардың жобалары олардың қоршаған ортаға қаншалықты кері әсері бары ешқандай сарапталмады, нәтижесінде экологиялық проблемаларды туындатты.
Түрлі министрлік құрамындағы табиғат қорғау құрылымдары табиғат қорғау шараларын принципті түрде жүргізе алмады яғни, өздерінің басшыларына тәуелді болды. Осылайша қоғамда экологиялық алаңдаушылық туындады.
Осы ретте, КОКП Орталық комитеті және КСРО Министрлер кеңесінің 1988 жылдың 7 қаңтарында №32 «Елде табиғатты қорғау ісін түбегейлі қайта құру» туралы Жарлығы қабылданды. Жарлықтан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 16.01.1988ж №8352-IX «Табиғатты қорғау жөніндегі КСРО және республикалық мемлекеттік табиғат қорғау комитеттерін құру жөнінде шешімдері шықты.
Мұндай шешім бірінші кезекте КСРО-да экологиялық қоғамдық қозғалыстың дамуына ықпалын тигізді, мемлекет басшылығы теxногендік апаттардың салдарлары ойланбастан қабылданған жобалардың шешімі екенін түсіне бастады.
Мемлекеттік табиғат қорғау комитетінде (кейіннен КСРО қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану министрлігі) түрлі жобаларға экологиялық бағалауды жүргізетін Мемлекеттік экологиялық сараптама басқармасы, табиғатты қорғаудың экономикалық меxанизмдерімен айналысатын басқармасы, қоршаған орта объектілері сапасын бақылау жөніндегі басқармасы, Қорықтар басқармасы, Халықаралық бірлестіктер басқармасы, Экономикалық қалыптастыру және қоғаммен байланыс басқармасы құрылымдары құрылды.
Іс жүзінде Республикалардың және облыстың табиғатты қорғау мемлекеттік комитеттеріне және олардың аумақтық органдарына, кәсіпорындардың табиғатты қорғау заңнамасын бұзу арқылы қисынсыз әрекеттермен жұмыс жасауына тыйым салуға, нормаларды өрескел бұзатын кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуға; сонымен қатар түрлі тұлғаларға қоршаған ортаны ластау мен табиғи ресурстарды тиімсіз пайдаланғаны үшін келтірілген залалды өтеуді талап ету жөніндегі талаптарын қоюға құқық берілді.
КСРО тарағаннан кейін бұл құрылым оның құрамына кірген барлық мемлекеттерде сақталды. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бақылаушы органды құру туралы шешімнің кеште болса дұрыс қабылданғанын уақыт көрсетті.
Еліміз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі жылдары Тәуелсіз мемлекеттіміздің алдында үлкен міндеттер тұрды. Қазақстан Халықаралық деңгейде қабылданған қоршаған орта және оны дамыту жөніндегі Декларацияға қосылды, өзінің экологиялық саясатын қалыптастырды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Табиғи ресурстар Қазақстан Республикасының егемендігінің материалдық негізі екенін атап өте отырып, болашақ ұрпақтың мүддесін ойлай отырып, бұгінгі күні оны тиімді пайдалану үшін тиісті Заңнамаларды қабылдауды тапсырды. Осылайша ең алғаш рет 1993 жылы елімізде «Айналадағы табиғи ортаны қорғау туралы» Заңы қабылданып қоғамға жұмыс жасай бастады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негiздерi Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 30 сәуiрдегi №2467 өкiмiмен мақұлданған экологиялық қауiпсiздiк тұжырымдамасына енгiзiлiп, онда өтпелi кезеңнiң экологиялық басымдықтары, атап айтқанда, жекешелендiрудiң экологиялық проблемалары, табиғат қорғау заңнамасының, мемлекеттiк бақылау және сараптаманың, табиғат пайдаланудың экономикалық тетiктерiнiң, қоршаған орта мониторингiнiң жүйесiн құру қажеттiлiгiнiң мәселелерi қарастырылды.
Аталған Тұжырымдаманы қабылдаған сәттен бастап Қазақстан Республикасында қоғамдық дамуда елеулi өзгерiстер болды. Мемлекет дамуының стратегиялық құжаттары әзiрлендi, табиғат қорғау заңнамасының негiзi құрылды, қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша бiрқатар халықаралық конвенцияларға қол қойылды, табиғат қорғау қызметiн басқару жүйесі құрылды.
Мысалы, 1997 жылы » Қоршаған ортаны қорғау туралы», » Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы», » Экологиялық сараптама туралы», 1998 жылы – » Радиациялық қауiпсiздiк туралы» Заңдар, ал 2002 жылы – » Атмосфералық ауаны қорғау туралы» Заң қабылданды. Табиғатты ұтымды пайдалану саласында Президенттiң » Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» (1996 жыл) және » Мұнай туралы» (1995 жыл) заң күшi бар Жарлықтары, 2003 жылы – Орман , Су және Жер кодекстерi қабылданды. Заңға тәуелдi қажеттi нормативтiк құқықтық актiлердiң көпшiлiгi әзiрленiп, бекiтiлдi.
Заңнаманы жетiлдiру мақсатында республикада оны дамыған елдердiң заңнамасына жақындатуға және халықаралық стандарттарды енгiзу бағыты алынды. Қазақстан Республикасы 19 халықаралық конвенцияға қол қойды және оларды іске асыру жөнiндегi iс-қимылды ұлттық жоспарларын әзiрледi.
Бұдан кейін Елбасының «Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшу Тұжырымдамасы туралы Жарлығы қабылданып, ел өмірінің барлық салаларында орнықтылыққа қол жеткізу қағидаттарының көрінісін, мақсаттарын, міндеттері мен негізгі тетіктерін айқындады. Ол үшін дамудың экономикалық, экологиялық, әлеуметтік және саяси факторлары ықпалдасуы және Қазақстан халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған біртұтас процесс ретінде қарастырылуы қажет екендігіне басымдық берілді.
Елбасы 2006 жылы 1 наурызда өзінің дәстүрлі Жолдауында жыл соңына дейін жаңа Экологиялық кодексті қабылдау қажет екендігі жөнінде, бұл кодекс Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясының негізінде тұжырымдалған басымдықтарды қамту қажеттігін атап өтті. Осылайша 2007 жылдан бастап ҚР Экологиялық кодексі Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы арасында алғашқы болып қолданысқа енгізілді.
Елбасының “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында Кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру керектігі айтылған.
Елімізде қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясы: елдің «жасыл» даму жолына көшуіне негізделген экономиканың орнықты әрі тиімді моделін құрудың нақты бағдарын белгілеп берді. Құрылыс сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажеттігіне басымдық берілген.
Жасыл экономикаға көшудің алғашқы кезеңі 2013-2020 жылдары мемлекеттің негізге басымдығы ресурстарды пайдалануды оңтайландыру және табиғат қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылымды құруға қатысты негізгі бағыттар бойынша ұсынылған іс-шаралар болып табылады.
Бұл ретте ең бастысы бүгінгі күні аймақтың экономикалық даму деңгейін, экологиялық жағдайды, халықтың денсаулығын таза сумен қамсыздандыру, өңірлер үшін халықтың өмір сүру деңгейінің кешендік «жасыл» көрсеткіштерін құруды қажет етеді.
Аймақтың экономикасы негізінен аграрлық секторға бағдарланған соңғы жиырма жылдықта мұнай мен газды және уран өндіру мен қайта өңдеу саласына үлкен көңіл бөлінді.
Биылғы жылы экология саласының құрылғанына 30 жыл толғанына келер болсақ,осы кезеңде облыс экологтарымен аймақтағы түрлі шаруашылық қызметтегі экологиялық проблемалардың тізімі жасақталып шешілуіне өз ықпалын тигізгенін айта кеткеніміз орынды болмақ.
Атап айтар болсақ, алғашқы кезеңде аймақтың экономикасы аграрлық секторға негізделгендіктен күріш өндірісінде қолданылатын қоршаған ортаға және адам денсаулығына кері әсер ететін пестицид (улы химикат) «Ордрамды» қолдануға үзілді-кесілді тыйым салынып, минералды тыңайтқыштарды сақтау мен пайдаланудағы талаптардың сақталуына, егіс алқаптарында оқшауланып қалған балық шабақтарын құтқару, көлдер жүйесін суландыруға арнайы лимит бөлгізу, инженерлік жүйедегі ротацияны сақтау, «Байқоңыр» ғарыш айлағын сумен қамтамасыз ететін Қызылқұмда алып құрылысы салынып жатқан «Дальний» және «Ближний» су құбырының әсерін болдырмау сияқты шаралар қолға алынды. Сондай-ақ ғасыр жобасы атанып бүгінгі күні Арал өңірі тұрғындары игілігін көріп отырған «Сырдария өзені арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасын жүзеге асыруда, Арал өңірінің экологиялық картасын жасаттырып, оны сауықтыруды Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларының алдына қоюда көптеген игі шараларды атқара бастады.
Кешегі Кеңес Одағы кезінде Арал теңізі қойнауындағы аралда бактериялогиялық құпия сынақ жүргізген, ешкімге беймәлім «Возрождение» аралының қауіптілігіне көрші мемлекеттердің, қала берді әлемнің назарын аударуда мәселелер көтерді.
Кеңес одағы тарағаннан кейін бірнеше жыл иесіз қалған «Байқоңыр» ғарыш айлағының объектілерінің экологиялық қауіпсіздігін көтеруде, кейіннен 1994 жылы Ресейге арендаға берген жылдары екі мемлекет Үкіметтері арасында экология және табиғат пайдаланудағы келісім – шарттың жасалуына табандылық танытып, сондай-ақ штаттан тыс авариялық жағдайда екі жақты іс-қимыл шараларын міндеттеуде және осы аймақта экологиялық мониторинг жүргізу шараларын екі жақты жүзеге асыруды қалыптастырған сол кездегі жас білікті мамандар бүгінгі күні сала ардагерлері бүгін төрімізде отыр.
Тағы бір айта кететін мәселе алғашқы он жылдықта өніріміздің экологиялық жағдайы мен халық денсаулығы арасындағы байланысты біртұтас қорғау қажеттігін ескеру мақсатында арнайы ғылыми зерттеу орталығын құру жөнінде мәселе көтерген осы эколог – ардагерлеріміз. Осылайша ең алғаш рет Қазақстанда, яғни аймақта «Гидрометеорология, экология және Арал өңірі тұрғындарының денсаулығын қорғау орталығы» ашылып, алдына қойылған міндеттерді орындай бастады. Бұл мәселенің оңтайлы шешілуіне сол кездегі (2003-2004жж) ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Байғазықызы Самақова өз ықпалын тигізді. Жалпы Қазақстанда Қызылорда қаласы кәріз суларды биологиялық тазалау станциясы жоқ жалғыз қала болатын. Облыс экологтарымен бұл мәселе үздіксіз көтеріліп республикалық бюджеттен 2003-2005 жылдарға 1,620 млн. теңге станция құрылысына бөлініп, 2006-2007 жылдары қаланың ішіндегі кәріз жүйелерін жарақтандыруға 955,0 млн. теңге қаржы бөлініп қайта жарақтандыру жұмысы жүргізіліп станциямен бірге іске қосылды. Бұл жобаны қоршаған ортаны қорғау министрлігі қаржыландырды.
Экология саласының алғашқы құрылуы салалық мамандардың болмауы, тәжірибенің және заңнамалық актілердің болмағанына қарамастан, облыс экологтары қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық механизмін қалыптастыра білді.
Бұл ретте ең алғашқы ретте 1991-1992 жылдары әрбір табиғат пайдаланушылармен келісім-шарт жасады. Әр келісім- шарттарда ауа атмосферасына ластаушы заттарды шығарғаны, өндірістен және пайдаланудан шыққан сарқынды суларды тастағаны, сондай-ақ өндіріс және тұтыну қалдықтарын табиғи ортаға орналастырғаны үшін экологиялық төлемдер төлеу жөнінде міндеттер қарастырылды. Бұл механизмдер өз нәтижелерін беріп, өзге аймақтарға үлгі ретінде тарады. Облыста төлем ставкалары облыстық депутаттардың қолдауымен арнайы шешімдермен бекітілді.
Бұл төлемақылар облыста құрылған табиғат қорғау қорына түсіп, алғаш рет табиғат қорғау шараларын қаржыландыра бастады. Рұқсатсыз және лимиттен тыс ластанған көлемдерге 10 еселенген айыппұл өндіру механизмі қарастырылды. Нәтижесінде табиғат пайдаланушылар тарапынан қоршаған ортаны қорғауға ден қойылып облыста табиғат қорғау объектілері салына бастады. Экология саласындағы жоғарғы білімді мамандар аймақтағы оқу орындарында 1998 жылдан бастап шығарыла бастады.
Өткенге көз жүгіртсек аймақтағы жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан 2000-2003 жылдары мұнай өндіру пәрменді түрде жүргізіліп, факельдерде тиімсіз жағылған ілеспе газдың көлемі жылдан-жылға көбейіп, қоршаған ортаға салмақ арта бастады. Бұл ретте, мұнайшылар ілеспе газды кәдеге жаратып қыруар шығынға барғанша арзан экологиялық төлем төлегенді жөн көріп, табиғат қорғауға ешқандай ден қоймады.
Алғашқы рет 2003 жылы бұл теріс әсерге тосқауыл қою және ынталандыру мақсатында облыс экологтары заңнамаларда қарастырылған қолайлы сәттерді пайдаланып облыс әкімдігіне және облыс депутаттары аудиториясына шығып факельдерде ілеспе газды жағудан шыққан ластағыш заттарға арнайы методика ойластырып төлем ставкасын белгілеп, облыстық сессияда бекітіліп қолданысқа енгізілді. Бұған қоса әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне ірі табиғат пайдаланушыларға құқық бұзушылығы үшін ластаушы заттар көлеміне 10 еселенген төлем ставкасын пайдалану нормаларын ұсынып енгізілді.
Осылайша сол жылдары жергілікті бюджетке жылына 2,5 млрд пен 4,5 млрд. теңге арасында қаржы түсе бастады. Тағы бір айта кететін мәселе 2004 жылдары ҚР Мұнай туралы заңына толықтырулар енгізіліп, өндірістік өндіруге көшкен жер қойнауын пайдаланушыларға факельдерде ілеспе газды жағуға тыйым салу жөнінде шаралар қолданылып 130-ға жуық мұнай өндіру скважиналары және 11 топтық мұнай қондырғылары жұмысы тоқтатылды. Бұл пәрменді тосқауыл жер қойнауын тиімсіз пайдаланушылардың әрекетіне қарсы үлкен механизм болды. Нәтижесінде жылма –жыл қомақты айыппұл төлегенше ілеспе газды кәдеге жарату объектілерін жоспарлап құрылыстарын салуға алып келді. Осылайша кен орындарында газ өңдеу зауыттары және «Ақшабұлақ-Қызылорда» газ құбыры салынып қалаға республикада ең арзан газ келді, қаладағы жылу-электр өндіру станциялары арзан газға көшіріліп, қоршаған ортаға бір жылу орталығынан түсетін эмиссия 500 тоннаға азайтылды, көптеген кәсіпкерлік субъектілер газдың игілігін көрді.
Бұл ретте, Департаментпен атмосфералық ауаға түсетін салмақты азайту мақсатында кең орындары игерілуі мерзімінен бастап үздіксіз атқарылған бақылау шаралары нәтижелерінде мұнай ілеспе газын алауларда жағу төмендетіліп, ілеспе газды кәдеге жарату шаралары қолға алынды.
Жетістікті нақтылай айтсақ «ПККР» АҚ-ы электр қуатын өндіру арқылы 180 млн. текше метр ілеспе газдың бейберекет жағылуын тоқтатса, «Торғай Петролеум» АҚ-ы жылына 150 млн. текше метр құрғақ газ дайындау қондырғысын іске қосты, ал «Қуат Амлон Мұнай» ЖШС-де ілеспе газды пайдалану мүмкіншілігі болмағандықтан, газды жер қойнауына қайта айдау үшін қосымша компрессорларды орнатып, сонымен бірге электр қуатын өндіру қондырғысының қуатын арттыру жұмыстарын жүргізді. «ҚазГерМұнай» ЖШС-і ілеспе газды өңдеу қондырғысын орналастыру арқылы Қызылорда қаласына жылына 250 млн. текше метр құрғақ тауарлы газды тасымалдау мүмкіншілігіне ие болып, кейіннен тұтынушыларға берілетін газ көлемін арттыру мақсатында, «Ақшабұлақ» кен орнында, қосымша газ өңдеу қондырғысының жобасы іске асыру арқылы, қалаға 350 млн. текше метр газ берілетін жағдайға жетті.
Облысымызда табиғат қорғау шараларының орындалуы аясында, сол жылдары «Ай Дан Мұнай» АҚ-ы ілеспе газды өңдеуді 89,3 пайызға жеткізсе, бұл көрсеткіш «Қуат Амлон Мұнай» мұнай компаниясында 99,9 пайыздан асты.
Бір өкінішті жағдай қалаға жеткізілген газдың көлемі қыс мезгілінде жетпей қалып жатса, жылу маусымы тоқтаған мерзімдерде дайындалған тауарлы газдар «Ақшабұлақ» кен орнында факельде жағылып жүрді. Осы келеңсіз жағдайдың алдын- алуда облыс экологтары жергілікті билікке айыппұлдардан түскен қомақты қаржыға қала шетіндегі Абай ауылы тұсынан үлкен газ сақтау қоймасын салдыруды 2005 жылдары ұсынған болатын. Бұл қойма өз кезегінде тауарлы газды жақпауға, сондай-ақ, қыс мезгіліндегі газ тапшылығын болдырмауға, сондай-ақ электр энергиясын өндіру объектісі болатыны дәлелденгенмен өз қолдауы мен шешімін таппады.
Біздің өңірлік эколог мамандардың факельдерде жанған ілеспе газдан шығатын ластағыш заттарға өзінше бөлек төлем ставкасын белгілеу, оны жылма-жыл индексациялап отырудағы білікті практикасын Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары 2-3 жылдан кейін барып өз аймақтарына ендірді. Аймақтың бұл практикасы 2007 жылы Республикада сарапталып, ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсанындағы №1314 «Қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақының базалық және шекті ставкаларын бекіту туралы» қаулысында көрініс тауып 2009 жылдан бастап салық кодексіне енгізіліп, реттестірілді.
Аймақта ірі жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына өз қаржылары есебінен жыл сайын орташа 5,6 млрд теңге көлемінде қаражаттар бөліп, табиғат қорғау жобаларын жүзеге асырып келеді.
Аймақтағы жер қойнауын пайдаланушылардың қызметінде пайда болатын қалдықтар қоршаған ортаға өзіндік әсерлерін тигізуде. Жыл сайын шамамен 80,0мың тонна өндірістік қалдықтар құралады. (Әлсіз радиактивті бұрғылау қалдықтары мен ертінділері, мұнай шламдары мен мұнаймен ластанған топырақтар).
Жер қойнауын пайдаланушылармен осы көлемдегі қалдықтарды залалсыздандыру , кәдеге жарату,қайта өңдеуге және орналастыруға бейімделген 11 полигондар салынса, қалдық иелеріне залалсыздандыру кызметін көрсететін 9 мердігер кәсіпкерлік субъектілерінің қалдықтар айналымына арналған учаскелері жұмыс жасай бастады.
Жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, қазіргі таңда, облыста негізгі бағыттары бойынша жұмыстар атқарылуда.
Атап айтсақ, су ресурстарын орнықты пайдалану, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту, энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру, электр энергетикасын дамыту, қалдықтарды басқару жүйесін дамыту шаралары жүзеге асырылуда.
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру.
Бүгінгі таңда электрэнергиясын тиімді пайдалану мақсатында қыздыру шамдарын жарық үнемдеу шамдарына ауыстыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс бойынша жарықтандырылған 946 көшенің 30 пайызы светодиодты шамдармен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде көше жарығының электрэнергиясы 12 пайызға үнемделіп отыр.
Қалдықтарды басқару жүйесін дамыту бойынша соңғы жылдары облыс көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсем, жалпы бүгінгі күні қалдық деген сөзден арылуымыз қажет және оларға қалдық емес қайталама шикізат ретінде көзқарасты түпкілікті қалыптастыру қажет.
Облыс бойынша соңғы жылы жинақталған 145,0 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың 6,45 тоннасы өңделген. Қайта өңдеу үлесі 3,45 %-ды құрады. Әрине бұл тоқмейілситін көрсеткіш емес. Қалған бөлігі бөлек жинаудың нәтижесінде сұраныстар бойынша сыртқа жөнелтілуде. Мұндай шаралар өңіріміздегі тек Қызылорда қаласында ғана жүзеге асырылуда.
Бұдан бөлек, үстіміздегі жылы Энергетика Министрлігінің қолдауымен құрамында сынап бар жарамсыз электр шамдарын бөліп жинауға арналған 850 арнайы контейнерлер орнатылды.
2011 жылдан бастап Қызылорда қаласында жерасты контейнерлерінің жүйесі енгізілді. Бұл контейнерлер қағаз және үлкен көлемді қалдықтарды бөліп жинауға арналған.
Бүгінгі күні кәсіпкерлер тұрмыстық қатты қалдықтардан шатыр жамылғысын және жаяу жүргіншілер жолына арналған төсеніштер жасап шығаруда.
Осылайша, 2030 жылға қарай тұжырымдаманың негізгі көрсеткіштерінің бірі – тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 %-ға кезең-кезеңімен жеткізу орындалатын болады.
Сонымен қатар, «Smart Rubber» (Смарт Раббер) ЖШС-гі автокөліктердің жарамсыз дөңгелектерінен резеңке ұнтақтары мен тамшылатып суаруға арналған түтіктерді өндіруде.
Осы ретте 2015 жылы 372 тн, 2016 жылы 1175 тн, 2017 жылы 1338 тн пайдаланудан шыққан автошиналар кәдеге жарату үшін жинақталып, 2016 жылы Қытайға 120,0 мың және Германияға 60,0 мың метр жерасты тамшылатып суару түтіктерін экспорттаса, 2017 жылдың 9 айында Германияға жөнелтілген жерасты тамшылатып суару түтіктерінің көлемі 2 есеге ұлғайып, 120,0 мың метрді құраса, көрші Ақтөбе облысында 156,0 мың метр осы өнім сатылған.Сондай-ақ осы қалдық түрінен 2015 жылы 186 тн, 2016 жылы 587 тн, 2017 жылы 543 тн резеңке ұнтақтары еліміздің 4 қаласына жөнелтілген.
Сондай-ақ өңірімізде шешімін таппай келген қалдықтардың бірі тозығы жеткен автокөліктер болса, ҚР Энергетика Министрлігінің бастамасымен өндірісшілердің кеңейтілген міндеттемелерінің Операторы тарапынан 2016 жылдың қарашасынан жеңіл көлігін өткізген азаматтарға ақшалай сыйақы беру жобасы, 2017 жылдың маусымынан ескі көлікті жеңілдік сертификатына алмастыратын екінші бағдарлама іске қосылып бүгінгі күнге 2460 тозығы жеткен автомашина қабылданған.
Осындай бұрын ешқандай пайдаланбай келген автомашиналар мен ескі автомашиналар бүгінгі күні шикізат көзіне айналғанының тағы бір куәсі Қызылорда қаласындағы бұрынғы №6 жылу электр орталығынан шыққан ұзақ жылдардан бері жатқан 1 млн. тн үстіндегі көмір күліне қазіргі күні шикізат ретінде сұранысқа ие болып отыр. Яғни Шиелі ауданындағы «Гежуба – Цемент» ЖШС-нін цемент зауытына шикізат ретінде пайдаланылатын болды. Бұл шара өз кезегінде қалдықтарды кәдеге жаратса,екінші жағынан күл орналасқан 42 га жердің экологиялық проблемасы шешілетін болады.
Облыстың атмосфералық ауасының ластау көздерінің және негізгі көлемінің бірі – автокөлік құралдары болып табылады.
2009 жылдары Қызылорда облысында тіркелген көлік саны 89901 болса, одан шыққан ластағыш заттар көлемі 82,090 мың тн болған. Ал 2017 жылы облыста тіркелген көлік саны 143750 болып 2009 жылға қарағанда 53849 көбейгенмен ластағыш заттар көлемі 61,16 мың тн болып, 20,930 мың тоннаға азайған.
Осы ретте газбен жүретін автокөліктер саны 2015 ж. – 2 725 болса, 2017 ж.– 9 309 құрады, яғни 6584 данаға көбейді.
Бұл қоршаған ортаға қауіпсіз отын түрі болып табылатын газ отынына ауысқан автокөліктердің санының артуымен түсіндіріледі.
Экологиялық жағдайды жақсарту және экономикалық тиімділікті арттыру мақсатында облыс бойынша 1645 қоғамдық көліктің 663 данасы газ отынына көшірілген, сонымен қатар, облыс бойынша бүгінгі күнде газ құю бекетінің саны 63-ге жетті.
Аудан орталықтарының газдандырылуына байланысты әлеуметтік нысандардағы жылу қазандықтары газбен жұмыс жасауға бейімделуде.Елді мекендерде белсенді түрде газдандыру жұмыстары жүргізілуде. 2016 жылы Шиелі ауданында жергілікті бюджет есебінен 23 әлеуметтік нысан газға көшірілді.Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарында облыстық бюджет есебінін 20 әлеуметтік нысандарын газ отынына қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда облыс бойынша газбен қамтылған тұрғындардың үлесі 63% құрайды.
Өңірдің экожүйесіне жүтемені төмендету мақсатында п.2.7 хаттамаға сәйкес «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан – Ресей үкімет аралық комисиясының екінші отырысында 2014 жылдың 24 қарашасынан Байқоңыр ғарыш айлағында зымыран тасығыштары «Протон –М» ұшыруды кезең-кезеңмен қысқарту жоспарланған.
Жоспарланған кезеңдері:
√ 2017 жылы ЗТ «Протон – М» ұшыруды екі есеге қысқартуға;
√ 2020 тағы да екі есеге қысқарту;
√ 2025жылы ЗТ «Протон-М» ұшыру санын бес есеге дейін қысқарту және оларды 2026 жылы іс жүзінде аяқтау көзделуде.
Департаметпен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер.
Мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру мәселелері қазіргі уақытта ерекше маңызға ие екені белгілі. Осы орайда Департаментпен мемлекеттік қызмет көрсетудің экологиялық сараптама және рұқсат беру түрлерін көрсетеді.
Департаментпен мемлекеттік қызметті көрсету барысында оның сапасының жоғары деңгейде болуына, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесіне аса мән берілуде.
Атап айтатын болсақ, Департаментпен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бүгінгі күні 100 пайыз электронды түрде көрсетіледі.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсетудің нақты мерзімі бірнеше есе азайтылған.
Яғни, «I санаттағы объектілірге қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру» мемлекеттік қызметін көрсетудің нормативтік мерзімі 60 күн болатын болса, былтырғы жылы нақты қызмет көрсетудің орташа мерзімі 11 күнді құрайды.
Осы сияқты, «I санаттағы объектілірге мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын беру» мемлекеттік қызметті көрсетудің нормативтік мерзімі 60 күн болса, Департаменттің қызмет көрсетуінің нақты орташа мерзімі 38 күнді болып табылады.
Департаменттің жанынан консультациялық-кеңесші орган болып табылатын мемлекеттік экологиялық сараптаманың Сарапшылық кеңесі құрылған. Сарапшылық кеңеске мүше ретінде қоршаған ортаны қорғаумен байланысты мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары, практик мамандар мен жұртшылықтың өкілдері енгізілген. Есепті кезеңде Департаментпен ірі табиғат пайдаланушылардың және экологиялық қауіптілігі жоғары объектілер жобалары бойынша 8 отырыс өткізіліп барлығы 23 жобалық құжаттама сарапшылық кеңесімен қаралды. Кеңес отырысы нәтижесімен кеңес мүшелерінің жобаға қатысты ұсыныс-пікірлері тыңдалып мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижесімен ескерілді.
Мемлекеттік қызмет көрсету барысында ірі табиғат пайдаланушылырының және экологиялық қауіптілігі жоғары объектілердің жобалық құжаттамалары сарапшылық кеңесімен қаралды.
Кеңес отырысы нәтижиесімен кеңес мүшелерінің жобаға қатысты ұсыныс-пікірлері тыңдалып мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижиесімен ескеріліп келеді.
Сонымен қатар, мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу барысында қоғамдық бірлестіктер құратын сараптама комиссиялары ерікті негізде жүзеге асыратын қоғамдық сараптама нәтижиелері ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданып отырады.
Аталғандар, мемлекеттік экологиялық сараптаманың жариялылығы және халықтың қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану мәселелері бойынша шешімдерді қабылдауға қатысуын толығымен қамтамасыз етіп отырғандығын көрсетеді.
Департаментпен жергілікті атқарушы орган алдында көтерілген экологиялық мәселелер бойынша Департаменттің бастамасымен есепті кезеңде 3 рет Облыс әкімдігі жанынан құрылған экологиялық кеңестің отырысы өткізілді. Мәжілісте экологиялық мәселелер, ауыл шаруашылық қалдықтарын қайта пайдалану мәселесі көтерілді. Нәтижесімен құзіретті жергілікті атқарушы органдарға отырысында көтерілген мәселелер бойынша тиісті ұсынымдар берілді. Сонымен қатар, Комитеттің тапсырмасына сәйкес қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу жұмыстарына қаржы бөлу мәселесі экологиялық кеңесте көтеріліп, облыстық бюджеттен 27 млн. теңге қаржы бөлінді.
Елбасымыз атап өткеніндей, ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып бара жатқан мына заманында IT саласын дамытпасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну мүмкіндігі алыстайды. Өйткені, өркениетті елдердің барлығы осы сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.
Жалпы, Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары осыдан он жыл бұрын сәтті басталғанын айта кету керек. Солардың қатарында, қоршаған ортаны қорғау саласын қамтитын «Ақпараттық Қазақстан -2020» мемлекеттік бағдарламасы.
Аталған бағдарламада қарастырылған нысаналы көрсеткіштерге жету үшін өндірістік процестерді жедел басқару мақсатында енгізілген жүйелер арқылы қоршаған ортаға эмиссияларды қашықтықтан бақылауды қамтамасыз ету жұмыстары ендірілуде. Мекеменің қоршаған ортаға тигізетін әсерін бағалау үшін, автоматтандырылған өндірістік экологиялық мониторинг нәтижесін «онлайн», яғни шынайы уақыт режимінде бақылау жүргізіледі. Яғни, қазіргі қалыптасқан тексеру объектісіне кіру арқылы тікелей тексерулер саны азаяды.
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының мекемелерінде өндірістік мониторингті автоматизациялау жұмыстары бұрыннан жүргізілуде, оған төмендегі мысал ретінде айтуға болады: Шиелі және Жаңақорған кентінде жергілікті жердің радиациялық фонын автоматты түрде анықтайтын электронды метеотаблолар орналастырылған (мәліметтер автоматты түрде GPS арқылы беріледі). Сонымен қатар «Байкен-U», «Ирколь», «Семизбай- U» ЖШС-ларында өндірістік аумақта да осындай ақпараттық таблолар орналастырылған. «РУ-6» ЖШС-да автотранспорт кіре берісіндегі бақылап өткізу бекетінде гамма-сәулелерді автоматты анықтайтын жүйелер орналастырылған.
Қазіргі таңда аталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін Департамент өңіріміздегі уран өндіруші мекемелермен («РУ-6», «Байкен-U», «Семізбай-U», «Қызылқұм» ЖШС-ларымен) «Шынайы уақыт режимінде (он-лайн) өндірістік экологиялық мониторинг туралы деректерді қашықтықтан жіберуге арналған автоматтандырылған станцияларды орнатуды қамтамасыз ету жөнінде І санатты өнеркәсіптік кәсіпорындармен ынтымақтастық туралы Меморандумға» (әрі қарай – Меморандум) екіжақты қол қойылды.
«Ақпаратты Қазақстан -2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша департамент өңіріміздегі I санатты кәсіпорындардың негізгі ластаушы заттарды шығару көздеріне мониторинг датчиктерін орналастыру қажеттілігіне сәйкес Депаратаменттің 22.12.2017 жылғы №67 н/қ бұйрығымен I санатты кәсіпорындардың қатысуымен Меморандумға қол қойылып, жұмыс тобы құрылды.
Бірақ осы автоматтандырылған мониторинг жүйесін қашықтықтан нақты уақыт режимінде бақылау үшін деректерді интегралдауды кезең-кезеңмен енгізу мәселелерін шешу үшін құқықтық базаны әзірлеу қажет. Сондықтан қазіргі уақытта ҚР ЭМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетімен экологиялық мониторингты автоматтандыру және мониторинг нәтижелерін қашықтықтан бақылау ережелері бойынша тұжырымдама әзірленуде.
Жаңақорған ауданында «СКЗ-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күкірт қышқылын өндіру барысында шығарылатын техникалық буды өңдеу арқылы электр энергиясын өндіретін қуаттылығы 12 мВт-тық электр кешенін орнатты. Шиелі ауданында «Сейтжанов» шаруа қожалығында қуаттылығы 4,5 кВТ күн сәулесімен жұмыс істейтін станция пайдалануға берілді.
Осы аталған шаралардың барлығы қоршаған ортаны жақсартуға және қоршаған ортаға тасталынатын ластаушы заттарды азайтуға бағытталған игілікті істер болып табылатындығы анық.
Бүгінгі күнге облысымыздың өркендеуіне өзінің үлесін қосып отырған экология саласы, еліміз үшін маңызы аса зор.
Экология саласы – қашан да экономиканы алға жылжытушы күш, әрі экономиканың негізгі діңгегі десек, бүгінгі мерекені Сыр елінің экология саласының мамандары толымды жетістіктермен қарсы алып отыр.
Тыныс-тіршілігіміз үшін маңызы зор саланы алға жылжытуда экология саласының білікті де білімді, іскер де қабілетті мамандары өзгелерге үлгі-өнеге болып, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық, экологиялық деңгейінің артуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Мезгілдің ыстық-суығына, табиғаттың тылсым құбылысына қарамастан күні-түні жол жүріп, ел абыройы мен ризығын молайтып, өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындап жүрген мамандар қандай мадақ, марапатқа да лайық.
Соңғы жылдары республика бойынша, оның ішінде Сыр өңірінде экология саласы қарқынды дамуда.
Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Экология саласының құрылғанына 30 жыл толу аясында сыр елінің қоршаған ортасын өрге сүйреп, тату тірлігі мен берекелі бірлігін арттыруға сүбелі үлес қосып отырған сала қызметкерлері мен ардагерлерін атаулы мерекемен құттықтай отырып, қиындығы мен қызығы қатар жүретін еңбектеріне толайым табыс тілеймін.
Елбасымыз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Марат Құрманбаев,
Қызылорда облысы бойынша экология
департаментінің басшысы.
Қызылорда облысы бойынша экология
департаментінің басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<