Ел бірлігінің ұйытқысы

11

0

Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйінде аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті ІХ конференциясы өтті. Бес жылда бір өтетін жиынға бастауыш ұйымдардан сайланған делегаттар және ауыл әкімдері, мекеме басшылары қатысты.

Конференцияның ашылуында ау­­дан әкімі Айтбай Жандарбеков сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары, Үкіметтің әлеуметтік саясаттағы басым бағыттары және облыс әкімі айқындап берген міндеттер аясында ардагерлерге жан-жақты қолдау көр­сету, аға буынның өмірлік тә­жірибесін жастар тәрбиесіне тиім­ді пайдалану басты назарда еке­нін атап өтті. Сонымен қатар, ел бір­лігі мен тұрақтылығын сақтауда үл­кендердің сара жолы мен тағы­лымды өнегесінің айрықша маңызға ие екенін жеткізді.

Конференцияда аудандық арда­герлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил атқарылған жұмыстар ту­ралы баяндама жасап, ардагерлер ұйымдарының белсенділігі мен жү­зеге асырылған іс-шараларға ке­ңінен тоқталды. Қазіргі кезде 9697 ардагер 50 бастауыш ұйымда есепте тұрады. Өткен конференция кезінде бастауыш ұйым саны не­бәрі 32 болса, осы аралықтағы із­деніс пен қарқынды жұмыс арқа­сында әрбір адам мұқият есепке алы­нып, қамқорлық аясына топтас­тырылғандығы аңғарылады. Сон­дай-ақ олардың әлеуметтік жағдайы, медициналық көмек қажеттілігі, нақты өмірге белсенді араласу тұр­ғысында көп жұмыс атқарылған. Туристік саяхаттар, мәдени-спорт жарыстарын ұйымдастыру, т.б. ша­­ралар тұрақты өткізіледі. Осы мә­се­лелерге тоқталған төраға елдің ын­тымақ-бірлігі туралы да өз тұ­жырымдарын ортаға салды.

Жарыссөзге шыққан аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Айжа­мал Әбдіхамитқызы, Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Бо­лат Күлімбет, Тартоғай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ба­саман Пірімбетов ардагерлердің қо­ғамдағы орны мен ел келешегіне қатысты ой-пікірлерін бөлісті.

Күн тәртібіндегі мәселелерді талқыланған соң Шиелі аудандық ар­дагерлер кеңесінің пленум мүше­лігіне 49, аудандық ардагерлер ке­ңесінің алқа мүшелігіне 11 адам бекітілді. Сондай-ақ аудандық арда­герлер алқасының шешімімен төра­ғалыққа Өркен Исмаил бірауыздан қайта сайланды.

Конференция шешімімен об­лыс­тық ардагерлер кеңесінің пле­нум мүшелігіне аудан атынан 4, облыстық конференцияға делегат болып 4 ардагер ұсынылды.

Жиын соңында облыстық арда­герлер кеңесінің алқа мүшесі Ба­қыт Нұртазаев қолға алынған жұ­мыстарға тоқтала келе, алда­ғы мін­дет­терді де атап өтті. Жуан­тө­бе ауылдық ардагерлер кеңе­сінің тө­рағасы Ж.Машрапинге «Облыс­тың құрметті ардагері» төсбелгісін табыс етті. Қоғамдық келісім мен ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген белсенді ардагерлер де ма­рапатталды.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Шиелі ауданы.