Кеше Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жанжалды әлеуметтік желілер арқылы оқып, білдік. Бірнеше адамның қаза тауып, ондаған азаматтың жарақат алуы елді алаңдатқаны жасырын емес.
Қазақ қашанда сабырды серік етіп, «ашу – дұшпан, ақыл – дос» екенін есінде ұстаған, қай жағдайға да кешірім етіп, кеңпейілінен айнымаған халық. Ел болғаннан кейін түрлі оқиғалар болады. Бабаларымыз ғасырлар бойы небір қиындықтарды басынан өткерді емес пе? Олар ұстамдылығымен, әр жағдайға байыпты көзқарасымен елдің береке-бірлігін сақтаған. Асығыстық пен ашуға бой алдырмай, түсіністік танытудың арты қашанда жақсылық.
Бүгінде ел жағдайы басқа, халқымыз бұрын мүлде болмаған үлкен жетістіктерге жетті. Қазіргідей бейбіт заманда береке-бірлік, ынтымақтан артық байлық жоқ.
Білуімізше, сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан. Осының салдарынан басқа ауылдардан келген азаматтар да төбелеске қосылып кетіпті. Сондықтан әлеуметтік желіні пайдаланарда, өзіміз көрген жағдай, ақпаратты басқаларға таратпас бұрын ойша саралап, ел тыныштығын бұзбауды ойласақ екен.
Амангелді Дəрменбаев,
зейнеткер.
Қызылорда қаласы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<