Елдігіміздің бойтұмары – ел бірлігі. Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын талқылауға арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясында бүгінгі күннің ең басты мәселесі – ел бірлігіне баса назар аударылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында сессия делегаттары тарқатып айтты.
– Ассамблея сессиясында еліміздің бағыт-бағдарына тағы бір көз жеткіздік. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» елдегі ынтымақ пен бірлікті жарастыра түсеріне сенімдіміз. Алқалы басқосуда Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалардың негізгі қағидаттарын атап өтті. Сондай-ақ, «Бес бастаманың» маңызды болып табылатын әлеуметтік мәселелердің шешілуіне бағытталғанын алға тартты. Жиында Астана – бірлік пен келісімнің жалпыұлттық үлгісі екені айтылып, бас қаламыздан Достық үйін ашу да ұсынылды. Бұл бастамалар халықтың тұтастығына оң әсерін тигізіп, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын айғақтай түседі. Әсіресе, жастарға беріліп отырған мүмкіндіктер ел болашағының зор екендігін дәлелдеп отыр, – деді облыстық еврей этномәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Ли.
Брифингте «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» республикалық бірлестігі Қызылорда филиалының төрағасы Владимир Толоконников ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау, рухани мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстардың жүйелілігіне тоқталды. Қорқыт ата атындағы ҚМУ Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айтжан Оразбақов әлеуметтік бірлік саясаты – біртұтас ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам екенін жеткізді.
Айта кетейік, өткен аптада Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ҚХА-ның кезекті сессиясы ұйымдастырылған болатын. Оған біздің өңірден 16 Ассамблея мүшесі қатысты.
М.СНАДИНҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<