Ел экономикасындағы озық салалар

5520

0

Әрбір мемлекеттің экономикалық өсімін қамтамасыз етуші негізгі салалар болады.  Дәл осы салалар елдің динамикалық  дамуын қамтамасыз етіп, қаржы нарығын реттеуге үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын құрады. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, Қазақстан экономикасының драйвері болып табылатын салаларға ІТ-технология, газ тасымалдау, тау-кен өндірісі, транспорт қызметі мен логистика және құрылыс жүйесі кіреді.

Цифрландыру ғасыры

Елімізде динамикалық даму бойынша телекоммуникация және ІТ технология саласы лидер болып табылады. Бұған толықтай негіз бар, өйткені бұл сала қазір жалпы дүние жүзі бойынша трендке айналған. Біз қазір цифрлық технология мен ақпаратты жеткізу тәсілдері тіршілігіміздің барлық тұстарында қажеттілікке ие болып отырған ХХІ ғасырда өмір сүрудеміз. Соңғы бірнеше жылда отандық ІТ индустрияның өсімі жыл сайын 20% құрап отыр.

Айта кету керек, бұл сала мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып келеді. Арнайы бағдарламалар жұмыс істейді. 2018-2022 жылдарға арналған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының мақсаты – орта мерзімді перспективада республика экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның экономикасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшіруге жағдай жасау. Бағдарламаны жүзеге асыруға 108,6 млрд теңге қаралған. Қазақстан қазір аймақ елдері арасында тұрғындарды жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтамасыз ету жөнінен лидер саналады. Ал біздегі жасалған Электронды үкімет әлемдік рейтингте жоғары бағаларға ие болды.

Телекоммуникация мен ІТ технология саласында мықты мамандарға әрқашан сұраныс бар. Олар Қазақстан экономикасының түрлі салаларындағы алдыңғы қатарлы компанияларда жоғары лауазымды қызметтерге қол жеткізуде.  Өткен жылы компьютерлік бағдарламалар және басқа да қызмет түрлері бойынша көрсетілген қызмет көлемінің қаржысы 180 млрд теңгеден асқан.

Газ магистральдары – өсу драйвері

Соңғы жылдары қаржылық жағынан да және өндірістік көрсеткіштері бойынша да қарышты қадам жасаған сала, ол – газ тасымалдау. Биылғы жылдың алғашқы  алты айында тасымалданған газ көлемі 13,7 млрд текше метрді құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішімен салыстырғанда 1,3 млрд текше метрге немесе 10% артық. Онымен қоса, экспортқа жіберілген газ көлемі 2,9 млрд текше метр болды. Ол отандық газды Қытай Республикасына экспортқа шығару есебінен жүзеге асуда. Орта Азияда біздің ел газ тасымалы жөнінен ең маңызды және технология жағынан ең мықты газ операторы деген мәртебеге ие болып отыр. Сарапшылар пікірінше, ол нақты қабылданған стратегия арқасында жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, бірыңғай газ тасымалдау жүйесі қалыптастырылып, бұрын өзара жалғаспаған газ құбырлары біріктірілді. Сонымен қатар, жаңа құбырлар тартылып, ескі магистральды газ құбырлары жаңғыртылды. Сондай-ақ қуаты жоғары технологиялық компрессорлар мен газ айдау станциялары іске қосылып, Қазақстанның газ тасымалдау мүмкіндігін арттырды.  «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры заманауи газ тасымалдау жүйесінің негізгі элементі болып қалыптасты. Ол оңтүстік өңірлерді еліміздің батысында өндіріліп жатқан газ есебінен ұдайы қамтамасыз етуді жолға қойды. Осының бәрі газ жіберуге арналған маршруттарды әртараптандыруға, яғни  ішкі рынок пен экспортқа газ жіберуге мүмкіндік берді.

Мәліметтерге сәйкес, «ҚазТрансГаз» АҚ жылды табыспен аяқтады. Бұл салада 20 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Пайдалы қазба игілігі

Тау-кен металлургия – Қазақстан Республикасының өндіріс секторындағы өте динамикалық даму үрдісіндегі сала. Қатты пайдалы қазбаларды өндіру бойынша әлемдегі тау-кен өндірісімен айналысатын 70 мемлекеттің арасында 13-орынды алады.  Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда өткен жыл қорытындысымен металлургия өндірісіне қарасты компаниялар үлесіне бюджетке төленетін міндетті төлемдердің 7,6% тиеді екен. Сондай-ақ Қазақстанға келіп жатқан инвестицияның үштен бірі осы салаға тиесілі. Бүгінгі таңда елімізде жер қойнауын пайдалану бойынша 900-ге жуық келісім-шарт жасалған.

Көлік және логистика – экономика қантамыры

Еліміздің көлік саласы оң динамикалық өсу барысын көрсетуде.  Бұл сала тауарды өндірістік тізбекке сәйкес шикізат пен қондырғы түрінен бастап соңғы сатып алушыға дейін  жеткізіп беруді қамтамасыз етіп келеді.  Қазақстандағы жүк тасымалы жыл сайын өсе түсуде. 2021 жыл қорытындысымен көліктің барлық түрімен (құбыр арқылы тасымалды қоспағанда) тасымалданған жүк көлемі 4,2 млрд тоннаны құрады. Өткен жылы барлық транспорт түрімен тасымалдау нәтижесінде түскен табыс көлемі 1,4 трлн теңге болды, оның 1,1 трлн теңгесі (78%) жүк тасымалы үлесіне тиеді. Тасымалданған жолаушы саны бір жылда 2,5% өсіп,  11,1 млрд адамды құрады. Қазақ-Қытай шекарасында кедендік бекеттер инфрақұрылымын модернизациялау бойынша мемлекеттік-жекешелік серіктестік құру да өзін ақтады. Кейінгі он жылда инфрақұрылымға, көлік-логистика активтеріне салынған инвестиция көлемі шамамен 30 млрд долларды құрады. Ал инфрақұрылым желілері құрылысын белсенді жүргізген Қазақстанның халықаралық рейтингтегі көрсеткіштері өсті.

Құрылыста қарқын жоғары

Құрылыс секторы ел экономикасында, әсіресе дағдарыс кезінде маңызды рөл атқарды. Пандемия кезінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2,5% төмендеcе, құрылыс секторы бірден 11,6% өскенін еске сала кетелік. Бұл ел экономикасының барлық секторлары арасында рекордтық көрсеткіш.  Жалпы құрылыс Қазақстан экономикасының өсу драйверлерінің бірі деп сеніммен айтуға болады. Биыл сала өсімі бойынша да көшбасшылар қатарында тұр. Мәселен, елдегі ішкі жалпы өнім алты айдың қорытындысы бойынша бір жылда 3,6% өссе, құрылыста өсім 9,2%-ға жетті.

Бүгінде құрылыс «таза» күйінде елдің жалпы ішкі өнімінің 5%-ын құрайды. Бұл ретте сектор экономикаға мультипликативті әсер етеді. Өзімен байланысты салаларды – өңдеу өнеркәсібін, атап айтқанда машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру, сауда, көлік-логистика және тағы басқа салаларды ынталандырады. Сонымен қатар, құрылыс еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. Секторда 637,5 мың адам жұмыс істейді. Құрылыста жұмыспен қамтылғандар саны республикадағы барлық жұмыспен қамтылғандардың 7,2%-ын және нақты секторда жұмыс істейтіндердің 17,4%-ын құрайды.

Өткен 2021 жыл еліміздің экономикасы үшін COVID-19-ға байланысты пандемиядан кейінгі еңсесін тіктеген кезең болды. Батыс Қазақстан және Маңғыстау облысынан басқа  15 өңірдің көрсеткіштері 2020 жыл көрсеткіштерімен салыстырғанда өскені байқалды. Ұлттық Статистика бюросы мәліметінше өндірістің өсуі 3,8% құрады.

Қазақстан экономикасы Орта Азия аймағындағы ЖІӨ-нің 60%-ын өндіруде. Еліміз өткен жылы әлемдік ЖІӨ номиналында  54-орынға орналасты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы үшінші мың жылдықтың басында динамикалық даму көрсеткіштері жоғары деп танылған 25 мемлекеттің ішінде тұрақты түрде үшінші орынды ұстап келеді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<