Ел мүддесіне адал еңбек

967

0

Кез келген адам қолынан келер ісін алаңсыз жүргізіп еңбек етуі, сол арқылы өзіне де, елге де пайда келтіре алуы үшін жұмысын шексіз жақсы көруі тиіс.

Әділ қазылық ету – әр судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай біліп, жатқа айта білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би, адал, әділ болып, іс бойынша шешім қабылдағанда жігерлікті, батылдықты, табандылықты көрсете білуі керек.

Зейнулла Әлімжанұлы Нұрсейітов осындай құндылықтарды бекем ұстанған жан. Ол 1955 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1972 жылы Арал аудандық балықшылар тұтыну одағында жұмысшы болып бастаған. 1977 жылдың қараша айында Арал аудандық сотында сот отырысының хатшысы, 1984 жылы аудандық сот орындаушысы, 1985 жылы аудандық нотариалдық кеңсесінде нотариус, 1987 жылы Қармақшы аудандық сотының судьясы, 1996 жылы Жалағаш аудандық сотының судьясы қызметтерін атқарған. 2008 жылдан бастап облыстық соттың судьясы қызметін атқарып келеді.

Азамат басындағы абырой мен атақ, бедел мен бақ туған еліне сіңірген адал еңбек арқылы келеді десек, бұл күнде алдыңғы буын легіне шыққан Зейнулла Нұрсейітовтің өнегелі өмірі, Отанға қызметі осының айқын дәлелі. Оның заң саласында үздіксіз, абыройлы еңбек етіп келе жатқанынан 30 жылдан астам уақыт болыпты.

Сот жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін 2012 жылы ҚР Судьялар Одағы төрағасының Құрмет грамотасымен, 2013 жылы облыс әкімінің Алғыс хатымен, 2016 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, 2017 жылы «Үш би» құрмет белгісімен марапатталды.

Ең алдымен заң, одан кейін өзінің ар-ожданын биік қою керектігін өзінен кейінгі жас буындарға үйретіп отыратын Зейнулла Әлімжанұлы ұжымда білімді, мінезі ашық және қарапайымдылығымен сыйлы. Отбасында үш бала тәрбиелеп өсірді. Ұлы – өзінің ізін қуып, №2 қалалық сотта қызмет атқарады. Ал қыздарының бірі – дәрігер, екіншісі – әлеуметтік салада.

Антқа адалдығын сақтап, әділ шешім шығарып, халықтың сенімі мен құрметіне бөленуден асқан абырой жоқ. «Асыл азамат атқа мінсе де жерден алыстамайды, таққа мінсе де халықтан алыстамайды». Көнекөз қарияларымыз бұл тәмсілді Зейнулла Әлімжанұлы сияқты азаматқа арнағаны секілді.

Сәуле ӨТЕГЕНОВА,

Қызылорда қаласының

мамандандырылған әкімшілік

сотының судьясы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<