Ел мен елді қауыштырған еңбектің жемісі

630

0

Сырдың елі әуелден берекелі ғой. Бір ауыз нұсқалы сөзге басын иіп, бар істі бауырмалдықпен атқару береке емей немене?! Айтқым келгені – ежелден Сыр-Ана суын жағалай қоныс еткен ағайынның бірлігі мен ынтымағы. Еңбекке деген адалдығы.

Бұған дейін бір ізгі мақсатты алға қойып, асыра сілтемей, айқын жеңіске жеткен ел биыл да берекенің тайқазанын тасытты. Кетпен шауып, жер қарықтаған диқанның, теңіз сүзіп, қара қайықты қақырата ескен балықшының, ақ адал малының жайылымы мен қысқы шөбін уайым қылған атакәсіп иелерінің, түрлі жемісті көктетіп, көгертіп отырған бағбан жұрттың кешкен бейнеті аз емес.

Алысқа бармай-ақ, кейінгі екі-үш жылдың жырын айтсақ та жетіп жатыр. Иә, Сырдария суы азайды. «Алып өзеннің атыз суарар жағдайға жеткені қалай?» деген жауаптылар жыл сайын бұған қарсы түрлі әрекет пен амал істеп жатыр. Түрлі келісім бірде нәтижесін беріп, бірде бермесе де, ең өзекті мәселе – су тапшылығы әзірге елдің сағын сындырып, берекесін қашырған жоқ. Бұның түп негізінде де жоғарыда айтқандай, өзен мен теңіз жағалай тіршілік еткен жұрттың ауызбіршілігі мен ынтымағы жатыр.

Жәрмеңке һәм жыл аяқталуға жақын

Расымен солай. Күні кеше ғана Астана қаласына бардық. Ақпараттандыру мақсатында шұғыл аттандық. Біздің міндет – ерен еңбектің насихатын арттыру. Жер несібесін терген, теңіз түбіне тор салған, бау баптап, төрт түлігін өрістеткендер жайлы айтамыз. Осы кәсіптің ізіне түсіп, өнімін өндірген үлкен шаруа иелері жайлы сөз болмақ.

Әлқисса, осы тақырып басында ел ордасы, Сарыарқаның сәні келіскен қаласы – Астанада болғанымызды айттық. Дәстүрге айналған шара еді бұл. Облыстағы шаруалар мен тауарөндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесі. Кезекті деуіміздің себебі де сол. Әр қыркүйекте көктем шыға көрген бейнетінің жемісін жүк көлігіне артқандар Астанаға келіп жүр. Бұл жолы да Сырдың түрлі дәмі сарыарқа жұртына сөзсіз ұнады. Ал біз сонда жүріп, өзінің бақшасынан жақында үзген қарбызын жұртқа сатып жатқан диқан жігітпен тілдескенбіз. Айтпақшы, жер емгендердің бірі – қазалалықтар. Сол ауданға қарасты «Майдакөл» ауылының тумасы Медет Аяғанов 2000 шақырым жолды артқа тастап, Астанаға жеткен.

– Ауыл жігіттері бірлесіп, 4-5 жылдан бері егін егумен айналысамыз. Биыл бес гектар жер алып, бақша ектік. Қауын мен қарбыз, асқабақ тұқымын мол тастадық. Нәтижесі осы. Жеріңді күтіп, келетін судың қарығын қадағалап отырсаң, ит-құс пен қарға сияқты құстарға жем етпесең, өнім бар. Астаналықтарға 20 тонна бақша дақылдарын әкелдік. Жұрт көптеп келуде. Сырдың қауыны мен қарбызы астаналықтарға бұрыннан ұнайтын сияқты. Өзім мұнда алғаш рет келсем де соны байқадым, – деді ол.

Иә, Медет айтқандай, мұнда ағылған халық көп. Тұрғындар жыл сайын Қызылордадан келетін жәрмеңкені күтеді. Аралдың ақ шабағы мен дөңмаңдайын, сазаны мен шұбатын жағалаушылар мол. Ет бағасы былайғы дүкеннен арзан. Жаңақорған мен Шиелінің қауын-қарбызын молынан алғандар да бар. Өзіміздің қаракөздерден бөлек, өзге ұлт өкілдері де біздің өнімдерді жиі іздейтінін байқап қалдық.

Екіншіден, биыл Қызылорданың облыс болып құрылғанына – 85 жыл. Осы мерейтой лебін сезіндіргендей, Сыр елінің өнерпаздары Сарыарқа төріндегі дала сахнасында ән мен жыр айтып, күй төкті. Астаналықтар да қошеметін аямай, концертті тамашалағанын баса айтуымыз керек. Арасында Сыр өнімдері жайылған көрмені тамашалап, әнші-жыршының дауысына құлақ құрышын қандырып жүргендер де бар.

Осылайша бізден шығатын бар өнімнің саудасын қыздырған халықты көрдік. Тәуелсіздік даңғылы бойындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің маңы ду-ду.

– Міне, бүгін Астананың төрінде бірлік пен берекеге толы жәрмеңке өтуде. Біздің Сырда мынадай бір қанатты сөз бар. «Сырдың суы сары бал, есебін тапқан ер болса…» дейді. Шаруалар мен еңбеккерлердің осында келіп, жәрмеңке өткізуі – дәстүрге айналған игі қадам. Ел-халық, Отанымыз аман болсын! Бұл жәрмеңке – ауызбіршіліктің, ырыс-несібенің, ықылас-ілтипаттың көрінісі. Мен Сыр халқына, азаматтарына рахметімді айтамын, – деді белгілі жырау Алмас Алматов.

Облыс шаруалары мен кәсіпкерлер жәрмеңкеге 500 тоннадан астам өнім әкелген. Санамалап айтуға да болады. 140 тоннадан астам күріш, 10 тонна ет және 30 тоннаға жуық балық өнімдері бар. 30 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 260 тонна асқабақ пен қауын-қарбыз және картоп, пияз, сәбіз сатылуда. 3 тонна Аралдың ас тұзы да осында. 10 тонна сүт өнімдері және 5 тоннаға жуық кондитерлік өнімдерді, сөк-талқанын қосыңыз. Құны 200 млн теңгеден асады. Жылда өтетін бұл дәстүрлі шараға біздің аймақтан жетпістен астам өнім әкелінген.

– Биыл шаруалар үшін қиын болғанына қарамастан облыс диқандары мен кәсіпкерлер жылдағы дәстүрмен Астанаға келіп, жәрмеңке өткізуде. 500 тоннадан астам өнім бар. Таңғы сегізден бастап, әсіресе, Сырдың басты бренді – күрішке кезекке тұрушылар көп. Иә, дала еңбеккерлерінің еңбегі зор. Біз әртараптандыру бойынша күріштен бөлек, суды аз қажет ететін дақылдарды көптеп егуге көшіп жатырмыз. Сондай-ақ, ауылдарда тұрғындарға жер дайындап, суын тартып, еккен өнімдерін пайдалансын, ауысқанын сатсын деген мақсатпен біраз жұмыс жүргізілді. Мінекей, осындай нәтижелі іс, көтеріңкі көңіл-күймен Астанаға келдік. Мұндағы тұрғындардың біздің өнімдерге сұранысы жоғары. Бағасы да жергілікті нарықтан 10-15 есе төмен, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов.

Расымен де, жәрмеңкенің алғашқы күні-ақ 140 тонна күріш таусылуға таяды. Кезекке тұрғандар легі 60-70 метрге дейін жеткенін көрдік. Соңғы қатардағылардың шыдамсыздана дау тудырғанын да есіттік. Балық өнімдері де осының қатарында. Оның да екі күндік жәрмеңкеде қалмайтыны анық еді.

Қалтаға қонымды баға халыққа ұнайды

Отандық өнімді қолдау үшін мұндай шара керек-ақ. Қалтаға қонымды баға халыққа ұнайды. Қымбатшылық қысып тұрғанын жасыра алмаймыз. Нақты себебін айтушы да, алдағы күнге болжам жасаушылар да жоқ емес. Баға тұрақтандыруға барынша тырысқан сала мамандары да аз еңбек етіп жүрген жоқ. Осындайда жәрмеңкенің қадірі еселеп артады емес пе?

Ортақ мақсатқа ынтымақпен белсене араласқан кәсіпкерлер мен шаруа-диқандардың жәрмеңкеге үлесі зор. Сол еңбек ақталса тіпті керемет.

Қызылордадан келген күріш пен балықтан басқа өнімдерге де сұраныс жоғары. Қармақшы мен Жалағаштың күріші үшін ұзынсонар кезек пайда болғанын әлгінде айттық. Сырдария ауданының Іңкәрдариясында егілген әмірені де сұраушылар жиіледі. Көкөністі көптеп артып әкелген Шиелі мен Жаңақорған шаруаларын қалай бағаласаң да жарасады. Қызылорда қаласы да осы сапта.

– Расымен ел көп келді. Дала төсіндегі еңбекшілер мен қалалықтардың қауышуы қызық қой. Еске салатын бір дүние, қаланы асырап отырған сала, ол – ауыл шаруашылығы. Мойындау керек. Екіншіден, біздің Шиелі ауданынан да осы жәрмеңкеге 75 тонна өнім келді. 27 тонна күріштен бөлек, 40 тонна қауын-қарбыз, асқабақ, 12 тонна қияр мен қызанақ, 800 келі бал бар. Тұрғындарға арзан бағамен берілуде, – дейді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетов.

Аралдың балығына тамсанатын астаналықтың көп екеніне көзіміз тағы бір рет жетті. Мұнда да кезек. Теңізді өлкенің жігіттері елордаға 10 тоннадан астам балық әкелген, 400 литр шұбаты мен тұзы да бар.

Тоңбадық, керісінше қуандық

Қыркүйектің басы не ортасы болса қарашаның ызғары сезілетін мұндағы ауа райы көпшілікке аян. Бірақ Сырдың ауа райы бізбен көшіп келгендей, екі күнде де аспан ашық, күн жылы болды. Көпшілік қабағы да жадыраңқы. Бәрі көңілді, жаурай қоймадық. Сырдан келген жәрмеңкенің жылуы тұтас Астананы жылытып тұрғандай…

Әә, айтпақшы бұл «жәрмеңке» сөзі неміс тілінен келгенге ұқсайды. Мағынасы – «жыл базары». Дұрысы, жыл сайын бір мезгілде, бір орында сауда-саттық өтетін орын. Ал біз көрген екі күндік шараның жөні тым бөлек. Шынында да, қайырлы іс. Қанша шақырымды артқа тастап, алыстағы Арқаның төсіне жайғасқан ағайынға келді. Арзан бағамен өнімін ұсынды. Еш делдалсыз қала орталығында саудасын жүргізді. Пұл тапты, екінші жағынан мұндағы жұрт та қымбатшылыққа ұрынған жоқ. Екі жақ та ризашылықпен тарасып жатты. Дұрыс істің бірі осындай болса керек-ті. Жәрмеңкеден тағы да соны байқадық. Соған қуандық.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Қызылорда-Астана-Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<