Жастар ресурстық орталығында ҚР Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті мен Жастар ресурстық орталығы, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының бірлесе ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар» тақырыбында мектеп оқушыларына арналған әскери-патриоттық акция өтті.
Іс-шараға жергілікті атқару органдарының өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер мен «Жас сарбаз» жастар қозғалысының мүшелері, оқушылар мен колледж студенттері қатысты. Акцияның мақсаты – Қарулы Күштердің беделін арттыру, жастардың әскери-патриоттық рухын көтеру.
Кездесу барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров сөз алып, Сыр өңіріне келген қонақтардың жұмысына сәттілік тіледі.
– Отанымыздың тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген қорғаныс саласының қызметкерлеріне жүктелген жауапкершілік орасан зор. Еліміздің бүтіндігі мен халқымыздың тыныштығы баға жетпес құндылық екені белгілі. Сол жолда қызмет етіп жүрген Сыр өңіріндегі «Жас сарбаз» әскери-патриоттық орталығының облыстық қоғамдық даму басқармасымен бірлесе атқарған жұмыстары жетерлік. Әскери орталықтағы 12 мың сарбаз бүгінде өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Жастардың бойындағы отаншылдық, патриоттық рух жарқын жетістік деп айтуға болады, – деді ол.
Ақпараттық-түсіндірме тобында министрліктің тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің өкілі, подполковник Ғалымжан Қаршығаұлы, әскери білім және ғылым департаментінің өкілі, полковник Қуаныш Зекенұлы, заң департаментінің өкілі, подполковник Полатхан Алдабергенұлы қорғаныс саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде мол мағлұматтар берді.
Сонымен қатар, жас сарбаздарға Қарулы Күштердің мемлекеттік әскери-тарихи музейінің жылжымалы көрмесі көрсетілді. Онда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігі мен батырлардың өмірінен көптеген қызықты фактілер айтылды.
– Әскери көрмеде қазақ жерін мекен еткен тайпалар мен мемлекеттер жайлы мағлұматтар берілді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік көрсеткен батырлар туралы тың деректер айтылып, құнды жәдігерлер көрсетілді. Мұның барлығы әскери салада қызмет еткісі келетін жас сарбаздар үшін өте маңызды, – деді мемлекеттік әскери-тарихи музейі ақпараттық ұйымдастыру қызметінің бастығы Дәулет Қадіров.
Іс-шарада департамент өкілдері Қарулы Күштердің беделін арттыру, әскери оқу орындарына түсу, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартудағы басшылық атқарып жатқан жұмыстарды, әскер қатарынан кейінгі ЖОО-ға оқуға түсу тәртібін түсіндірді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету, әскерге шақыру тізіміне тіркеу тәртібі, әскери есеп пен қызмет заңнамаларының негізгі ережелерін де айтты. Қатысушы жас сарбаздарға офицерлер мен сержанттарды дайындайтын әскери оқу орындарын таныстырып, үгіт-насихат жүргізді.
Армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының 4-курс курсанты Нұрбек Әкімбекұлы мен Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының 4-курс курсанты Ғалымжан Мирамұлы өздері оқып жүрген әскери оқу орындары жайлы арнайы бейнеролик әзірлеп, оқу орнының қазіргі жетістіктері мен жүйелі жұмысын таныстырды.
Кездесу соңы әскери-патриоттық ән кешіне ұласты.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<