ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты жуырда аудандарда болып, халықтың тыныс-тіршілігімен танысты. «Nur Otan» партиясының фракция мүшелері Балайым Кесебаева мен Тарас Хитуовтың Арал ауданындағы жұмыс сапары «Аралтұз» АҚ жұмысшыларымен кездесуден басталды. Депутаттар тұз өңдеу цехындағы жұмыс процесін көріп, ұжым қызметкерлерімен пікірлесіп, сауалдарына жауап қайтарды.
Әкімдікте өткен кездесуде Парламентте атқарылған жұмыс, қабылданған заңдар мен депутаттардың назарына ұсынылатын жобалар таныстырылды. Сексеуіл кентінде жаңа мектеп салу, Ақбасты елді мекеніне ауызсу тарту тәрізді мәселелер көтеріліп, оларды оңтайлы шешу жөнінде ұсыныстар айтылды. Одан соң депутаттар аудандық полиция бөлімі мен жаңадан бой көтерген аудандық сот ғимаратына барды. «Барсакелмес» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен жүздесті. Сапар барысында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық мәслихат хатшысы Дәуренбек Мадинов халық қалаулыларымен бірге болды.
***
Қазалы ауданында депутаттар Әйтеке би кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, аудан активімен кездесті.
Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжанмен бірге аудандық полиция бөлімі және сот ғимаратының жұмысымен танысты. Ауданаралық аурухана ұжымымен жүздесіп, дәрігерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Аудан активімен кездесуде Т.Хитуов, Б.Кесебаева Парламентте атқарылған жұмыс жайын сөз етті.
Облыстық мәслихат депутаттары Ібайдулла Тілеп, Мнажадин Өтеев, аудандық мәслихат депутаттары Ғазиз Әліш, Әділбек Сарабеков, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Сапарбек Қуатов, Әйтеке би кенті әкімі аппаратының бөлім басшысы Тәуіржан Құлмұратов өзекті деген мәселелерді көтеріп, оларды оңтайлы шешу жолдарын қарастыруды ұсынды.
***
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Байділда Жылқышиев жұмыс сапарымен Сырдария, Шиелі аудандарында болды.
Шіркейлі ауылына ат басын бұрған халық қалаулысы Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейге барды. Ұстаздармен пікір алмасуда білім беру саласына қатысты ұсыныс-пікірлерді Үкіметке жеткізетінін айтты. «Робототехника», «Информатика» және басқа да кабинеттерді аралап, білім ошағының материалдық жағдайымен танысты. Айта кетейік, білім нысаны 2016 жылы пайдалануға берілді.
Мәжіліс депутаты, сондай-ақ, ауылдағы «Нұр-Бақыт» балабақшасын, ауылдық мәдениет үйін аралады.
Шиеліге сапары кезінде әлеуметтік орындар мен кәсіпкерлік нысандарының жағдайымен танысты.
Көкшоқыдағы «Айналайын» балабақшасында Б.Жылқышиев балаларға көрсетілетін қызмет сапасының ірі қалалардағы мектепке дейінгі мекемелерден кем емес екенін жеткізді. Мұнда қазір 300-ге жуық бала қазақ-орыс тілінде тәрбиеленуде.
«КНК Кемикал» ЖШС-ның полиэтилен құбыр зауытында ұжым Мәжіліс депутатының алдында мәселе көтерді. Құбыр отандық өнім болғанымен, оны шығаруға қажетті шикізаттың көбі шетелден әкелінеді. «Елімізде бізге қажетті шикізатты шығаратын зауыттар ашылғанын естиміз. Бірақ әлі күнге көңілге қонымды бірде-біреуін таппадық» деген компания жетекшісіне Б.Жылқышиев ұсыныс-тілектің қаперге алынатынын айтты.
Бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған кәсіпкерліктің бірі – «Ару ана» шұбат өндіру цехы. Халық қалаулысы бастаған топ құбыр зауытынан шыққан соң осында аялдады. Төрт жыл бұрын 400 литр шұбат өндіріп бастаған кәсіпкерліктің қанаты кеңге жайылған. Сонымен қатар, сиыр сүтінен айран, йогурт, құрт, сүзбе дайындалады. Шикізат Балаби елді мекені мен «Шиелі төрт түлігі» ауыл шаруашылығы кооперативінен алынады. Былтырдан бастап түйе сүтінен балмұздақ жасап шығару қолға алынды.
Депутаттың ауданға сапары «Семізбай-U» Иіркөл кенішінің жұмыс барысымен танысудан соң қорытындылады.
«СБ» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<