Мәслихат – халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті шараларды қабылдайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңында «Мәслихаттар жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді» деп көрсетілген.
Осыған байланысты 2017 жылы аудандық мәслихат депутаттарының сайлаушылармен кездесу барысында 108 ұсыныс-пікір айтылды. Нәтижесінде 39 ұсынысқа түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бақылаудан алынса, 34-і толық орындалды. Бұл ұсыныстардың орындалуына биыл республикалық бюджеттен 202 млн теңге, облыстық бюджеттен 398 млн теңге, аудандық бюджеттен 220 млн 661 мың теңге, барлығы 820 млн 661 мың теңге бөлініп, іске асырылды. Қалған 35 ұсынысты орындау үшін 2019 жылдың бюджетіне енгізуге ұсыныс берілуде.
Мәслихаттар құзыретіне заңмен жүктелген мәселелердің бірі – жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту болып табылады. Жылдық бюджет тиісті аумақты басқарудағы және оның тіршілігін жүргізудегі негізгі құжат саналатындықтан, жыл ішінде түрлі себептерге байланысты оны нақтылап отыру қажеттігі туындайды. Сол себепті бюджетті нақтылау мерзімі кезекті сессия өткізу мерзіміне сәйкес келмеген жағдайларда Заңға сай кезектен тыс сессиялар өткізіледі.
Биыл жыл басындағы аудан бюджеті 13 млрд 702 млн 411 мың теңге болса, қазіргі таңда, бұл көрсеткіш 21 млрд 029 млн 006 мың теңгеге артып, яғни, 7 млрд 326 млн 595 мың теңгеге ұлғайды.
Бүгінгі күнге дейін аудандық мәслихатта 3 кезекті және тиісті заңдылықтар мен аудан әкімінің ұсынысына сәйкес 8 кезектен тыс сессия өткізіліп, онда 63 шешім қабылданды. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына байланысты 15 нормативтік-құқықтық акт қабылданып, Әділет департаментінен мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарына ресми жарияланды. Соның ішінде «2018-2020 жылдарға арналған аудандық бюджет» бекітіліп, бүгінгі күнге дейін 4 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе, 4 рет кезектен тыс сессияда төртінші деңгейлі бюджет бекітілді.
Сессияның жұмыс жоспарына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды мәселелер енгізіліп, сала басшыларының жұмыстары тыңдалды. Атап айтар болсақ, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында Қазалы ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерді орындау туралы есебі, аудандық ішкі істер бөлімі Жергілікті полиция қызметі бастығының есебі тыңдалды. Сондай-ақ, ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың жайы және кәсіпкерлерді қолдау шаралары, халықты жұмыспен қамту барысында атқарылған жұмыстар, қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелер қызметіне жәрдемдесу, білім саласының сапасын арттыруға байланысты атқарылған жұмыстар туралы мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Сессияда қабылданған шешімдердің орындалуы мәслихат аппараты тарапынан тұрақты қадағаланып отырады.
Аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессияларында Елбасы тапсырмасына сәйкес тарихи атауларды қайта қалпына келтіру мақсатында Өркендеу ауылына «Жанкент», Отгон ауылына «Тасөткел» атауын беруге және Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен жергілікті жердегі танымал тұлғалардың есімдерін мәңгі есте сақтау мақсатында көшелерге атау беру жөнінде облыстық ономастикалық комиссияға ұсыныс енгізу үшін аудан әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен 8 шешімі қабылданса, оның ішінде Әйтеке би кентінен – 3, ауылдық округтен 6 шешім қабылданды.
Жыл басынан бері аудан әкімінің ұсынысына орай Әйтеке би кенті мен 6 ауылдық округ әкімі депутаттардың дауыс беру нәтижесімен қайта сайланды.
Қазалы аудандық мәслихатында 3 тұрақты комиссия жұмыс жасайды. Тұрақты комиссиялар өз отырыстарында сессияда қаралатын мәселелерді алдын ала талқылаумен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін және шешімі табылатын ең өзекті деген мәселелерді кезекті отырыстарында қарап, талқылаудан өткізіп, тиісті қаулылар қабылдап келеді.
Жоспарға сәйкес «Әлеуметтік, мәдени, құқық қорғау және жастар саясаты» жөніндегі тұрақты комиссияда аудан бойынша медициналық мекемелердің ауру түрлеріне байланысты науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде атқарып жатқан жұмыстары қаралды. Аудандағы жеке балабақшалардың жұмыстары және оларға мемлекеттен берілген қаржылардың өз мақсатында игерілуі және өндіріс салалары, ауыл шаруашылығы, экология, табиғат ресурстарын пайдалану жөніндегі тұрақты комиссия отырысында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының орындалуы талқыланды, қаулылар қабылданды.
Облыс әкімінің бастамасымен биыл аймақта үш жылдық «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» жарияланды. Осыған байланысты аудандық мәслихаттың «Экономика, қаржы, бюджет, кәсіпкерлік» жөніндегі тұрақты комиссия отырысында ай сайын екі ауылдық округ бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» орындалуы туралы мәселе қаралып, ауылдық округтердің кәсіпкерлік бағыттағы жұмыстарын одан әрі дамыту аясында қаулылар қабылданды.
Биылғы жылы аудандық мәслихат депутаттары «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы ғимаратында 89 жеке қабылдау өткізіп, онда 131 өтініш тіркелді. Оның 20-сы шешімін тауып, қалған өтініштерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Есепті мерзім ішінде аудандық мәслихат хатшысына жеке қабылдауға 6 сайлаушы өтініштерін білдірсе, оның 5-і орындалып 1-і бақылауға алынды. Сонымен қатар, мәслихат аппаратына 8 арыз-шағым тіркеліп, олардың орындалу барысы мәслихат құзырына кірмейтіндіктен, тиісті құзырлы органдарға жолданып, бақылауға алынды.
Халық қалаулылары қызметінің басты бағыты экономикалық-әлеуметтік мәселелерді атқарушы органмен бірлесе атқару, сайлаушыларымен билік арасындағы үздіксіз байланысты үйлестіру екені даусыз. Сондықтан, аудандық мәслихат депутаттары ел тілегін ескерусіз қалдырмай, сайлаушылардың ұсыныс-пікірлерін орындау жолында аянбай еңбек ете береді деп сенім білдіремін.
Күнтілес НАЗЫМБЕКОВ,
Қазалы аудандық
мәслихатының хатшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<