Ел үміті

669

0

Қалада өткен жиындардың бірінде Надежда Ярынюк өзін қазақ тілінде таныстырып, баяндама жасады. Әрине біздің аймақта бұл жаңалық емес. Себебі Сыр топырағында туып-өскен өзге ұлт өкілінің жастары да мемлекеттік тілді еркін меңгерген.

Надежда − Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Оқушыларды салауатты өмір салтына шақырып жүр.  Жаны нәзік болса да, ісіне тиянақты. Білім ошағының техникалық инспекторы ретінде ұжымнан тәртіпті талап етіп, еңбек қауіпсіздігін бақылайды.

− Еңбекті қорғау және қауіпсіздік профилактикасы бұл – әрбір техникалық инспектордың жұмысындағы негізгі міндет. Мен өз жұмысымда еңбекті қорғау туралы заңнаманың сақталуын, ұжымдық шарт талаптарының орындалуын бақылаймын, жүзеге асырамын. Жұмыс орындарындағы жағдайларды, қызметкерлердің жай-күйін біліп, жұмысшыларды қажетті қорғаныс құралдарымен және арнайы киіммен уақытылы қамтамасыз етуді, жұмыс және демалыс уақыты туралы заңнаманың сақталуын бақылап жүремін. Ұжым ауызбіршілігінің арқасында бұл қызметті алып жүру маған қиын соққан жоқ. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген. Түсіністік пен татулық, қарапайымдылық, сыйластық үстемдік құрған жерде қашанда нәтижелі іс болады. Еліміздегі ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді, – дейді кейіпкеріміз.

Оқу орнында төтенше жағдай орын алмас үшін Надежда күндіз-түні еңбек етеді. Белсенді жас маманды мекеме басшысы Анжела Садықбекова да үнемі қолдап отырады. Республикалық сайыста әріптестерінен озып, «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» атанған. Ал білім ошағының кәсіподақ комитетінің төрайымы Баян Әкімбаева ұжымды ұйытуда Надежданың да еңбегі зор екенін айтады.

Ол – мектептің еріктілер тобының белсенді мүшесі. Түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға, қайырымдылық акцияларына қатысады. Надежда Андрейевна бүгінде жолдасымен бірге бір ұл тәрбиелеп отыр. Елдегі ұлтаралық татулық осындай жастардың жарқын өмірінен көрінеді. Қызмет пен отбасыны қатар алып жүрген жалынды жас – мектебінің ғана емес, елдің үкілеген үміті.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»