Ел жаңалықтары

463

0

Ереже 2 наурызда күшіне енеді

Қоғамға ықпал етушілер (блогерлер) коммерциялық немесе ақшаға жариялаған онлайн-жарнамаларын таңбалауы қажет.

Жарияланымның басында немесе соңында «жарнама», «жарнамалық материал», «серіктестік материал», «демеушілікпен дайындалған», «жарнама құқығы», «демеуші төлеген», «PR құқығы» деп жазылуы тиіс. Әлеуметтік және қайырымдылық посттарды белгілеудің қажеті жоқ.

Айта кетейік, «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама» заңына былтыр 10 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойды. Заң жобасы Қазақстанда қауіпсіз онлайн орта құруға бағытталған.

Жалақы 25 %-ға өсті

Биыл су шаруашылығы саласының 450-ден астам қызметкері мамандандырылған орталықтардың жанындағы біліктілік арттыру курстарынан өтеді.

Осыған орай Су ресурстары және ирригация министрлігі мамандарының біліктілігін арттыру қағидаларын әзірлеп жатыр. Ведомство жанынан су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру және ирригация саласындағы кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңес құрылды.

− Өңірлердегі студенттер су шаруашылығы ұйымдарында өндірістік практикадан өтіп, одан әрі жұмысқа орналасуы үшін ЖОО-мен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасауды жоспарлап отырмыз. Осы жылдан бастап кейбір су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы 25%-ға өсті, – деді министр Нұржан Нұржігітов.

Салық төлеуге міндетті

Кірісін жасырғандар 60 пен 300 мың теңге аралығында айыппұл арқалайды. Осы ретте кірістер комитетінің өкілдері мүлік иелерін салықтан жалтармауға шақырады.

Ол үшін кәсіпкер ретінде тіркеліп, Е-Salyq мобильді қосымшасы арқылы пайдаңыздың 1 пайызын салық ретінде төлеу керек. Тек жылдық табысыңыз 13 миллион теңгеден аспауы тиіс. Ал әскери және мемлекеттік қызметкерлер жалпыға бірдей декларация толтыру кезінде осы кәсібінен түсетін пайдасын ашық көрсетіп, 10% төлейді. Жылжымайтын мүлікті тәуліктеп қосалқы жалға беретін болсаңыз да салық төлеу қажет. Жауапты комитеттің мәліметінше, Қазақстанда 80 мыңнан астам адам үйін жалға беретін көрінеді.

Қорларға қаржы құйылады

Елімізде инновация мен жаңа технологияларды дамыту үшін венчурлық секторға қомақты қаржы бөлінбек. Бұл орайда инвестиция «Самұрық-Қазына» компанияларынан, банктерден, сақтандыру компанияларынан және зейнетақы қорларынан тартылмақ.

Бұл үшін Қазақстанның Кәсіпкерлік, Әлеуметтік кодекстеріне өзгертулер енгізу жоспарланып отыр. Цифрлық даму министрлігінің түсіндірме жазбасына сәйкес, бұл шара президенттің венчурлық қорларды қаржыландыруға шетелдік және отандық инвесторларды тарту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін қолға алынған.  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры енді венчурлық қорлардың жарғылық капиталындағы үлестерді немесе қатысу үлестерін сатып ала алады. Сәйкесінше, одан инвестициялық табыс көруге де құқылы болады. Егер жобалар табысты жүзеге асып жатса, жоғары инвестициялық табыс есебінен қазақстандықтардың жеке жинағының сомасы да арта түседі.

Дайындаған

Мейрамгүл ДАУЫЛБаЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<