Үкімет балаларға 5,8 млрд теңге қаржы бөлді
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов қолайлы эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз ету және балалардың денсаулығын қорғау үшін вакциналар мен медициналық бұйымдардың қосымша көлемін сатып алуға қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды.
Оған сәйкес ұлттық егу күнтізбесі шеңберінде уақытында екпе салынбай қалған 18 жасқа дейінгі балаларды иммундауға Үкімет резервінен 5,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген талдау нәтижесінде елімізде екпе алмаған 800 мыңнан астам бала анықталған. Көкжөтел, дифтерия, А және В вирусты гепатиттері, қызылша, т.б қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы толықтыра иммундау жүргізіледі.
Ғалымдарға бюрократиялық кедергі болмайды
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында ғалымдар үшін оңтайлы жаңалықты айтты.
Ол жақында заң шығару органындағы өзі төрағалық ететін Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасына берген түзетуді жұмыс тобы қабылдағанын, енді ғылыми зерттеулер жасауға қажетті тауарларды сатып алу үшін айлап, тіпті жылдап созылатын бюрократиялық кедергінің алынып тасталатынын атап өтті.
Қазір ғылымда мемлекеттік сатып алу ісі өте бюрократияланған. Ал ғылым үшін әрбір күн маңызды болғандықтан, мұндай қиындықтар зерттеуді толықтай мағынасыз етеді. Депутаттың айтуынша, енді жаңа түзетулер ғалымдарға бюрократиялық кедергі жасамайды.
Жұмыссыз азаматтар тасқыннан зардап шеккен өңірлерге үй салыса алады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Бірге салайық!» атты жаңа жобаны іске қосты. Жұмыссыз азаматтар су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұрғын үй салу және инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысу арқылы жұмысқа орналаса алады.
Құрылыс компаниялары ұсынатын бос жұмыс орындарын Электрондық еңбек биржасынан көруге болады. Қазіргі уақытта платформада 42 бос жұмыс орны бар.
Медицина қызметкерлеріне жаңа атақ берілмек
Медицина қызметкерлеріне «Кәсібі бойынша үздік» атағы берілмек. Денсаулық сақтау министрлігінің бұл атақты беруге қатысты ереже жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.
Атақ денсаулық сақтау саласындағы үздік жетістіктері үшін медицина қызметкерлеріне оларды ынталандыру және қолдау мақсатында 17 номинация бойынша беріледі. Медицина қызметкеріне сол номинациядағы атақ 10 жыл ішінде бір реттен артық берілмейді.
Ақпарат көздерінен әзірлеген
Биболат Сәтжан
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<