Ақылы жолдар саны артады
Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстандағы ақылы жолдарды күтіп-ұстауға 80 млрд теңге қажет екенін айтты. Осы мақсатта бюджетке артық салмақ түсірмеу үшін ақылы жолдар санын көбейту жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, өткен жылы 3,2 мың шақырым ақылы жолдан 30 млрд теңге жиналған.
– Реконструкциялаудан өткен жолдарды нормативтік деңгейде күтіп-ұстау мақсатында биыл 2 мың шақырымнан астам 11 учаскеге кезең-кезеңімен ақы алуды енгізу жоспарланып отыр. Жолдардың тез бұзылуына салмағы ауыр жүк көліктері тікелей әсер ететіні анық. Елімізде 450 мыңнан астам жүк көлігі тіркелсе, оның 60 мыңы рұқсат етілген 25 тонна жүк тасу көлемін сақтамайды. Осыған байланысты салмақ параметрлерін сақтау бойынша жауапкершілікті күшейту, карьерлік самосвалдардың жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға шығуына тыйым салуға тиісті заңнамалық түзетулер әзірленді, – деді Марат Қарабаев.
Келесі жылдың соңына дейін автокөліктің қозғалыс кезіндегі салмағын өлшейтін 220 станса орнатыла бастайды. Өлшеу стансалары бұзушылықтарды онлайн тіркеп, айыппұлды «Сергек» бағдарламасы форматында рәсімдейді.
Skills Enbek оқыту платформасынан сертификат алды
Жыл басынан бері 61,6 мың азамат, оның ішінде 32,6 мыңға жуық жұмыссыз Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курстардан өткені туралы сертификат алды. Оқудан өткен 32,6 мың жұмыссыз азаматтың 9,4 мыңға жуығы – негізінен Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының және Шымкент қаласының жастары.
Платформа іске қосылғаннан бастап авторлар әртүрлі бағыт бойынша 494 курс жариялады, оның 257-cі тегін. Сондай-ақ одан әрі оқу үшін білім беру алаңдарына ауысу мүмкіндігімен Courstore және Fluent Education серіктестерінің курстары бар. Онда құрылыс, әлеуметтік қызмет көрсету, қаржы және бухгалтерлік есеп, ақпараттық технологиялар және т.б. салалардағы түрлі мамандықтар бойынша тегін курстар саны үнемі артып келеді.
Шәкіртақы көбейеді
1 қыркүйектен бастап колледждер мен ЖОО студенттеріне төленетін шәкіртақы мөлшері артады. Тиісті қаулыға Үкімет басшысы Олжас Бектенов қол қойды.
Колледж студенттері үшін шәкіртақы 50%-ға артып, жұмысшы мамандықтары бойынша 43574, орта буын мамандары үшін 41896 теңге болады. Бакалавриат студенттерінің стипендиясы 20%-ға артып, 47135 теңгеге, ал педагогика және медицина бағыттарындағы білім алушылардың стипендиясы 75600 теңгеге ұлғаяды. Интернатурада оқитындарға стипендия – 85376, ал резидентурада білім алушылар үшін 123122 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Магистранттар мен докторанттарға стипендия 15%-ға ұлғайтылады. Оның мөлшері тиісінше 107061 және 240000 теңгені құрайды.
Айта кетейік, Президент тапсырмасы аясында 2020 жылдан бастап шәкіртақы мөлшерін арттыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде 2025 жылға қарай ЖОО мен колледж студенттерінің шәкіртақысы екі есе, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 1,75 есе өседі деп болжанып отыр.
Ақпарат көздерінен
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<