Ел жаңалықтары

59

0

Нью-Йорктегі 29 медаль

Қазақстандық оқушылар Нью-Йоркте өткен беделді Коперник халықаралық математика олимпиадасында 29 медаль жеңіп алды.

Нью-Йорктегі Колумбия университетінде өткен жарысқа 50-ден астам ел қатысты. Қазақстандық оқушылар олимпиадада 29 медаль жеңіп алып, ерекше жетістік көрсетті: 2 алтын, 11 күміс және 16 қола.

Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы дипломатиялық мекемелері оқушыларға қолдау көрсеткен ұстаздар мен ата-аналарға алғысын білдірді.

«Қымбатты студенттер, ғылымның қызық әлемін танып-білуде алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!» – делінген Нью-Йорктегі Бас консулдықтың Facebook-тегі парақшасында.

Сәтбаев пойызы жолға шықты

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығына орай безендірілген жолаушылар пойызын жолға шығарды.

Ғалымның өміржолы Жезқазған қаласымен тығыз байланысты болғандықтан, оның суреті №65/66 «Астана-Жезқазған» бағытындағы пойызға бейнеленген. Ол тамыз айының соңына дейін күнара қатынайтын болады.

Қазақтың көрнекті қайраткерлеріне арналған тақырыптық жобаны Ұлттық тасымалдаушы «Қазақмыс» компаниясымен бірлесіп алғаш рет іске асырып отыр. Пойыздың сыртқы жағында Қаныш Сәтбаевтың өмір сүрген жылдары мен оның мерейтойлық портреті бейнеленген. Жоба ұлы қазақ ғалымының есімін қастерлеуге бағытталған.

Интернет жылдамдығы жоғары

Еуразиялық даму банкі Қазақстандағы цифрлық қызметтердің даму қарқынын саралап көрді. ЕАЭО-ның басқа елдеріне қарағанда біздегі интернет халықтың көп бөлігіне қолжетімді екені анықталып отыр.

Есепке сәйкес, Қазақстанда азаматтардың 90,9 пайызы бірден интернетке қол жеткізе алады. Ресейде бұл көрсеткіш небәрі 88,2%-ды, ал Беларусьте 86,9%-ды құраған. Түркіменстандағы көрсеткіш 38,2%-ға тең.

Интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан ЕАЭО елдерінің ішінде Өзбекстаннан кейінгі төртінші орынға тұрақтаған. Армения, Түркіменстан және Тәжікстанда ең төменгі көрсеткіштер тіркелген.

Ақпарат көздерінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<