Ел жаңалықтары

154

0

Ұлттық банк «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алды

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ компания акционерлерінің құрылымында өзгеріс болғанын хабарлады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» жариялады.

20 шілдеде Ұлттық банк пен «Самұрық-Қазына» АҚ арасындағы «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын елдің ұлттық қорына сатып алу бойынша биржадан тыс мәміле аяқталған. Осы транзакция нәтижесінде «Самұрық-Қазына» АҚ үлесі 75%-дан 62,99336549%-ға дейін төмендеп отыр.

Қазақстан бағалы қағаздар орталық депозитарийінің ресми деректері бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ сатқан 12,00663451% үлесі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің иелігіне өтті.

Ұлттық банктің ресми мәлімдемесіне сәйкес, Қазақстан Үкіметі республикалық бюджетті қаржыландыру мақсатында «Қазатомөнеркәсіптің» акцияларын Қазақстан Республикасының ұлттық қорына сатып алу жөнінде шешім қабылдаған.

«Қазатомөнеркәсіптің» еркін айналымдағы акцияларының үлесі өзгерген жоқ және Лондон қор биржасында және Astana International Exchange биржасында қосарланған листингпен 25% деңгейінде сақталады.

Несиенің пайыздық ставкасы төмендейді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы ставканы төмендететін қаулы жобасын әзірледі.

«ҚазАқпарат» таратқан мәліметке қарағанда, микрокредит бойынша сомасы 45 АЕК (166 140 теңге) дейінгі және 45 күнге дейінгі күнделікті номиналды мөлшерлеменің шекті мөлшерін 1%-дан 0,3%-ға дейін төмендету, сонымен бірге жылдық тиімді ставканың шекті мөлшерін 179% деңгейінде белгілеу ұсынылады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциалдық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, жалақыға дейінгі қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемелер шамамен 3 есе төмендейді.

Бұған дейін қысқа мерзімді микрокредиттердің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі бойынша еш шектеу болмаған. Мұндай қарыздар бойынша шекті номиналды мөлшерлеме белгіленген.

Сондай-ақ қазіргі уақытта банктер мен микроқаржы ұйымдарының кепілсіз қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі — 56%. Бұл мөлшер 2012 жылы белгіленіп, содан бері қайта қаралмаған.

Әзірленген қаулы жобасы сонымен қатар банктердің кепілсіз кредиттері бойынша шекті жылдық мөлшерлемені 56%-дан 46%-ға дейін, кепілді кредиттер бойынша 40%-дан 35%-ға дейін төмендетуді көздейді.

«Кредит ставкасының төмендеуі халықтың борыштық жүктемесінің төмендеуіне ықпал етеді, яғни қазақстандықтар рәсімдейтін барлық жаңа қарыздар анағұрлым төмен мөлшерлемемен болады және тиісінше осы кредиттерге қызмет көрсету құны борыштық жүктеме сияқты төмен болады» деді Дәурен Сәлімбаев.

Олимпиада: сыйақы мөлшерінде өзгеріс жоқ

24kz-тің хабарлауынша, Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшері өзгерген жоқ.

Әдеттегідей бірінші орынға 250 мың, күміске 150 мың, қолаға 75 мың доллар беріледі. Төртінші және алтыншы орын алғандарға 5 мың мен 30 мың доллар аралығында төленеді. Сондай-ақ чемпиондар мен жүлдегерлерді дайындаған бірінші, жеке және бас бапкерлерге қосымша ақшалай ынталандыру қарастырылған. Егер спортшы әлемдік рекорд орнатқан жағдайда тағы 5 мың доллар, жаттықтырушысы 3 мың доллар алады.

– Сыйақы ол мемлекет тарапынан. Одан басқа әрбір федерация, кәсіпкерлер, жергілікті атқарушы органдар бар. Егер жеңіп жатса, біз марапаттау жағынан кем қылмаймыз. Әрқашан да жақсы марапат болады, – дейді Олимпиада және Паралимпиада дайындық штабының басшысы Елсияр Қанағатов.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<