Ел жаңалықтары

8

0

ҰЛТТЫҚ ЖОБА – ҰТЫМДЫ БАСТАМА

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны мәлім. Ұлттық жобаның жүзеге асуы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

Аталған құрылыста отандық өндіріс материалдарының үлесі орта есеппен 70%-ды құрайды. Жиһаздар отандық өндірістен ғана қарастырылған.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы М.Айманбетовтың айтуынша, алғашқы нысандарды іске қосу белгіленген мерзімнен бұрын аяқталған, яғни, 21 жайлы мектеп тамыз айында оқу жылы басталғанға дейін ашылады. Бұдан әрі жоспарға сәйкес қыркүйек айында 18 мектеп, қазан айында тағы 58 және жыл соңына дейін 112 мектеп ашылады. Сонымен қатар елімізде түрлі қаржы көздері есебінен 85 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, оның ішінде 8 мектеп пайдалануға берілді және 30-дан астам мектепті жаңа оқу жылы басталғанға дейін салу жоспарланған.

Роман Скляр уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға отандық өндірушілерді барынша тарту, құрылыстың сапасына қатаң бақылау жасау, пайдалануға берудің белгіленген жоспарын сақтау бойынша шараларды қамтамасыз етуді тапсырды.

БІЛІМ ГРАНТЫНА ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАУ АЯҚТАЛДЫ

Биыл 104 мыңнан астам талапкер білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш берген. Ал өткен жылы 94 мыңнан астам өтініш қабылданған болатын.

Egemen.kz-тің хабарлауынша, биыл бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлінген. Гранттардың басым бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға үлестірілген.

Сонымен қатар биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілген. Мәселен, «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бар. Гранттар тізімінде халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранттары қарастырылған.

Талапкерлердің басым бөлігі, атап айтқанда, 42 мың бала студенттік жылдарын Алматы қаласында өткізуді жоспарлап отыр. Ал елордадағы оқу орындарына түсуге 22 мың талапкер ниет білдірген, 6,5 мың адам Шымкенттегі жоғары оқу орындарын таңдаған.

Еске сала кетейік, грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайты мен әлеуметтік желілерінде, www.testcenter.kz сайтында (ҰТО ресми сайты) және TESTCENTERKZ тelegram парақшасында жарияланады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<