Ел жаңалықтары

242

0

Шілдеде баспанаға сұраныс артқан

Алдыңғы айлармен салыстырғанда, шілдеде баспанаға сұраныс күрт артып отыр. Мұны мамандар жаз уақытында тұрғындардың үй мәселесін шешіп алуға белсенділігімен түсіндіреді.  Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы шілдеде тіркелген тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 40 099-ды құраған. Оның 9 126-сы жеке тұрғын үйлерге, ал 30973-і көпқабатты үйлердегі пәтерлерге қатысты келісім-шарттар.

Биылғы маусым айымен салыстырғанда тұрғын үйді сатып алу-сату операцияларының саны 21,7%-ға өсіп отыр. Мұнда Алматы (7 091), Астана (6 843) қалалары және Қарағанды облысы (3 208) көш бастайды.

Айыппұл мөлшері 5 есе көбейді

Енді суды ысырап етіп, ресурсты пайдалану тәртібін бұзғандарға айыппұл көлемі 5 есе ұлғаяды. Заң жобасына тиісті түзетулерді Су ресурстары және ирригация министрлігі дайындады деп  хабарлайды 24kz.

Сонымен су объектілерін қолдануға  арналған тыйым белгілерін жойғаны және оны заңсыз иеленгені үшін жеке тұлғаларға 5-тен 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 184 мың теңге айыппұл салынады. Ал лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіп иелері үшін оның көлемі 300 айлық есептік көрсеткіш болмақ. Сондай-ақ суды мақсатсыз пайдаланғаны үшін де жауапкершілік артады. Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері 10-нан 50, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлерге 100 айлық есептік көрсеткіш болады. Ал орта кәсіпкерлік субъектілер үшін 150, ірі кәсіпкерлік субъектілер үшін 850 АЕК белгіленбек.

«Жайлы мектеп»: бірқатар өңір үлесі артады

Астана және Алматы қалаларына «Жайлы мектеп» жобасы бойынша бөлінетін қаражат қысқартылып, өзге өңірлердің үлесі артады деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Нақтырақ айтқанда, Ұлттық қордан аталған жобаны іске асыру үшін қарастырылған қаражат көлемі Ақмола облысы үшін 25 млрд 45 млн 308 мың теңгеден 35 млрд 124 млн 82 мың теңгеге, Атырау облысы үшін 20 млрд 399 млн 976 мың теңгенің орнына 22 млрд 149 млн 708 мың теңге, Қарағанды облысы үшін 19 млрд 49 млн 438 мың теңгенің орнына 23 млрд 314 млн 382 мың теңге, Қостанай облысы үшін 14 млрд 679 млн 725 мың теңгенің орнына 15 млрд 228 млн 906 мың теңге, Алматы қаласы үшін 72 млрд 606 млн 338 мың теңгенің орнына 63 млрд 233 млн 698 мың теңге, Астана қаласы үшін 125 млрд 887 млн 674 мың теңгенің орнына 118 млрд 617 млн 683 мың теңге бөлу көзделген.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<