Билеттер сатыла басталды
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына билеттер сатыла бастады. Бұл туралы 24kz хабарлады.
8 қыркүйек күні «Астана-Арена» стадионында өтетін ашылу салтанатына билет құны 15 000 теңгеден бастап, 50 000 теңгеге дейін қойылған. Әлемдік этноспорттың басты оқиғасына 89 елден 2 мыңнан аса спортшы қатысқалы отыр. 21 спорт түрі бағдарламаға енген. Жалпы жарыстарды тамашалаудың орташа билет құны 3600 теңгені құрайды. Қазақ күресі, алыш және көрәш Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Ондағы билеттер 2500 теңгеден 7500 теңге аралығында болады. Ал «Алау» мұзайдынында асық ату, ордо, мас-рестлинг, күрәш, арқан тарту және ашыртмалы аба гүреші бойынша жарыстар өтеді. Билет құны 1000-3000 теңге аралығында. Көкпар, көк бөрі және бәйге бойынша тартысты жарыстар «Қазанат» ипподромында өтеді. Билет құны 2000-15000 теңге аралығында болмақ. Азаматтардың жекелеген санаттары бойынша тиісті жеңілдіктер қарастырылған.
Өкпе қабынуы неге өршіді?
Stan.kz елімізде өкпесі қабынған науқастардың саны айтарлықтай өскенін, Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайдың омикрон штаммының басқа нұсқаларының таралуымен байланысы бар-жоғын түсіндіргенін хабарлады.
«Жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда пневмониямен 49 704 жағдай тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 19,2 пайызға көп. 2023 жылы өкпесі қабынған науқастардың саны 123 910-ға жетті. Оның ішінде 40 144 жағдай алғашқы алты айда тіркелді» деп мәлімдеді министрлік.
Ведомство пневмонияның өршуіне әлемде белең алып тұрған омикрон JN.1 штаммының әсері барын айтып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, JN.1 штаммы адам денсаулығына аса қауіпті емес, әрі жұқпалылығы айтарлықтай жоғары болғанымен, науқас қатты ауырсынуды сезбейтін көрінеді.
Өзбекстаннан көшіп келушілер көбейген
Кейінгі бес жылдағы көрсеткішке қарағанда биыл Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударғандар көбейіп отыр.
Stan.kz-тің хабарлауынша осы жылы көрші мемлекеттен Қазақстанға 4838 адам келген, ал 65 адам Өзбекстанға кеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 54% жоғары. Көшіп келушілердің 27 пайызы Маңғыстау, 25 пайызы Алматы облыстарына қоныстанған. Жалпы қоныс аударушылардың 71%-ы немесе 3371 адам – қазақтар.
«Маңғыстау, Алматы облыстары қандастар қоныстанатын аймаққа жатпаса да, көпшілік сол жерге келуді жөн санайды. Демек Өзбекстаннан келушілердің күрт артуы «қандас» мәртебесін беруге байланысты емес деп болжауға болады» деп жазады DataHub.
Жалпы көші-қон сальдосы да оң болып шықты – 7289 адам. Өзбекстанның үлесі – 65%. Бірақ Ресейден келетіндер саны биыл азайған. Былтыр 1877 адам болса, биыл – 821.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<