Ел жаңалықтары

246

0

Әркез әзірлік керек

Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық қызметі Астана және Алматы халықаралық әуежайларында маймыл шешегі сияқты карантиндік және аса қауіпті инфекция белгілері бар адамдарды анықтау бойынша оқу-жаттығу өткізді деп хабарлайды Egemen.kz.

Оқу-жаттығу кезінде санитариялық-эпидемиологиялық, шекаралық, кедендік, сондай-ақ әуежай, желілік полиция бөлімі, әуежайдың медициналық пункті, жедел медициналық көмек және медициналық ұйымдардың өзара іс-қимылы пысықталды.

Оқу-жаттығу барысында шартты түрдегі маймыл шешегін жұқтырған науқас анықталды. Персонал жолаушыдан ауру белгілерін анықтаудан бастап тиісті іс-шаралардың толық циклін өткізді. Шара нәтижесінде семинар-кеңес өткізіліп, ұсыныстар енгізілді.

Жалақыңыз қанша?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда орташа жалақы 400 мың теңгеден асады. Ең төменгі шекті 85 мың теңге жалақыны 170 мың адам алады деп хабарлайды

KAZ.NUR.KZ.

«Бүгінде Ұлттық статистикалық бюроның мәліметі бойынша орташа жалақы 403 мың теңге. Біз мониторинг жүргіземіз. Біздегі мәлімет бойынша 160 мың адам 100 мың теңгедей жалақы алады. Ал 175 мың адам 85 мың теңге көлемінде айлық алады. Бұл білім деңгейі мен жұмыс сапасына байланысты» деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

Бұған дейін министрлік өкілдері маусым айында электронды еңбек биржасында 94,4 мың бос жұмыс орны жарияланғанын мәлімдеген болатын.

Табыстан асса, несие жоқ

Қазақстанда енді несие беретін кезде қарыз алушының кірісі мен қарыз көлемінің қатынасы ескеріледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚРРД) жаңа пруденциалды стандарт құрамын кеңейтетін қаулы қабылдағаны жөнінде Stan.kz хабарлады.

«Енді барлық несие бойынша жалпы қарызының оның жылдық кірісіне арақатынасы есептеледі», – деп түсіндірді агенттік.

Қарыз ай сайынғы табысының 50 пайызынан аспауы керек.

Бірінші кезеңде агенттік банктер мен микроқаржы ұйымдарының ақпараты негізінде мониторинг жүргізеді. Ал екінші кезеңде 2025 жылы коэффициенттің нормативті мәні белгіленеді.

Мамандар жаңа стандарт азаматтардың несие жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеп, қарызы кірісінен бірнеше есе асып кетпеуіне мүмкіндік береді деген ұстанымда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<