Ел жаңалықтары

269

0

Жүк көлігін шығаратын зауыт салынады

Қарағанды облысының Саран қаласында жүк көлігін шығаратын зауыт салынады. Кеше Шанхайда Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде осындай келісімге қол қойылды деп жазады Egemen.kz.

Енді Қазақстан-Қытай бірлесіп жүк көлігін шығаратын кәсіпорын құрылысын бастамақ. Зауыт жұмысын сәтті бастаса, 1,5 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ.

«Бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды. «Саран» индустриялық аймағының базасында жүк және коммерциялық техника өндіретін жаңа зауыт салынады. Сондай-ақ біз жаңа дәнекерлеу, катафорез, бояу және шағын торапты құрастыру үшін заманауи жабдықтар сатып аламыз. Жас инженерлер Қытайда қолданылатын жаңа дағдыларды игеру мүмкіндігін иеленеді» деді бірлескен жобаның жетекшісі Арғұлан Майқонов.

Экспорт: 10 айда 2 млн тонна астық

Қазақстан құны 19,5 млн доллар болатын ауылшаруашылық өнімін экспорттайды. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Қазір бұл бағытта Азық-түлік корпорациясы Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай елдерімен келісім-шартқа қол қойды. Жалпы елде отандық өнімдердерді шетел нарығына шығару бағытында кешенді жұмыс жүріп жатыр. Нәтижесінде бір ғана Иранға 150 мың тонна арпа жіберілген. Ал 10 айда шаруалар 2 млн тоннадан астам астық сатқан. Бұл былтырмен салыстырғанда 40 пайызға көп.

Қайран ауыл…

Елімізде бір жылда 78 ауыл жабылған. Ұлттық статистика бюросының есептеуін 24.kz хабарлады.

Былтыр республика бойынша 6286 ауыл тіркелген болса, биылғы саны – 6208. Ал кейінгі 10 жылда 500-ден астам ауыл жабылып отыр. Есептеулер бойынша, қазір халықтың 38%-ы, яғни 7,5 млн адам ауылда тұрады.

441 млн теңге айыппұл төлеген

Биыл ұсақ бұзақылық жасаған 4,5 мың адам қамауға алынғаны туралы ІІМ Ақпараттық саясат департаментінің басқарма бастығы Бауыржан Максимовтің мәлімдемесін «ҚазАқпарат» келтірді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл осындай құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді. Егер мұндай әрекеттер бірінші рет жасалса, онда сот 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуға құқылы. Бұзақылық әрекеттер қайталанып жасалған жағдайда құқық бұзушы әкімшілік қамауға алудың ең жоғары мерзіміне – 30 тәулікке дейін қамауға алынатын болады» деді басқарма бастығы министрлікте өткен брифингте.

Бауыржан Максимовтің дерегінше, жыл басынан бері ұсақ бұзақылықтың 16 мыңнан астам фактісі тіркелген.

«4,5 мың құқық бұзушы қамауға алынып, 7 мың адамға 441 млн теңгеге айыппұл салынды. ІІМ «заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Азаматтарды заңды және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырамыз» деді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<