Мобильді аударымның көлемі тексеріледі
Биылдан бастап жеке тұлғалар міндетті декларация тапсырудан босатылады. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, ендігі кезекте талдау критерийі өзгереді, енді аударым саны ғана емес, оның жалпы көлемі де ескеріледі.
Комитеттің мәлімдеуінше, кәсіпкерлік қызметке қатысы бар критерийге сәйкес келетін жеке тұлғалардың шотындағы операцияларды екінші деңгейлі банктер бақылауға алуға тиіс. Сондай критерийдің бірі – үш ай ішінде 100 және одан да көп, әртүрлі тұлғадан бизнеске арналмаған жеке шотқа сомасы 3 төменгі жалақыдан асатын аударымдардың келіп түсуі. Бұл – шамамен 255 мың теңге.
Қаржыландыру көлемі артады
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын қаржыландыру көлемі артады.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының көптен күткен жаңалығы – 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері ұлғаяды. Қолданыстағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес 1 студентті даярлау үшін бөлінетін қаржының орташа мөлшері 437 мың теңге еді, ол енді 912 мың теңге болады. Төлемдер нақты көрсеткіштерге қол жеткізген колледждерге беріледі. Жаңа қаржыландыру жүйесі бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға, білім ұйымдарын заманауи материалдық-техникалық құралдармен жабдықтауға және педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Turkісkills чемпионаты өтеді
Биыл түркітілдес елдер арасында болашақ жұмысшы мамандар арасындағы алғашқы Turkісkills чемпионаты өтеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында мәлім етті.
– Биыл түркітілдес елдердің арасында болашақ жұмысшы мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған алғашқы Turkісkills чемпионатын өткізу жоспарлануда.
Бұл іс-шараның түпкі мақсаты – әртүрлі саладағы үздік тәжірибелерді анықтап, экономикасы тығыз байланысты мемлекеттермен инновациялық шешімдер алмасып, оларды өндіріске енгізуге жол ашатын алаң құру, – деді ол.
Министрдің сөзінше, аталған чемпионатқа ТҮРКСОЙ ұйымының мүшелері қатыспақ.
Ақпарат көздерінен
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<