Қайталанса ауыр қылмыс
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің мәлімдеуінше, енді мал ұрлығы қайталанған жағдайда ауыр қылмыс саналады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
– Мал ұрлығы үшін Қылмыстық кодексте жеке бап енгізілді. Ұрлықшының мүлкін тәркілеп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды. Мал ұрлығы қайталанса және қорадан ұрлаған жағдайда жаза қатаңдайды, яғни ауыр қылмыстар санатына жатады, – деді Шыңғыс Әлекешев ведомствода өткен онлайн баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ оның айтуынша, аталған жаза түрі екі жақтың өзара татуласып, ұрының жауапкершіліктен жалтаруына жол бермейді.
5 минутқа айыппұл салынбайды
Мәжіліс депутаттары мен «АМАНАТ» партиясы фракциясының мүшелері Ішкі істер министрлігіне қоғамды адастыратын резонансты ақпараттарға жедел назар аударуды өтінді. Бұл туралы Egemen.kz хабарлады.
Шын мәнінде, көлікті бес минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салынады деген ақпарат қоғамда әртүрлі пікір тудырды. Депутат Нартай Сәрсенғалиевтің атап өткеніндей, еліміздің әсіресе солтүстік өңірлерінде көлікті жылытуға бес минут уақыт аздық етеді. Ал қызбай жүрген көліктің жағдайы жүргізушілерге жақсы мәлім.
Сонымен Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха көлікті 5 минуттан артық қыздыруға шектеу жоқ дегенді мәлімдеді.
«Автокөлікті 5 минуттан артық қыздыруға шектеу жоқ. Елді мекендерде тұрғындарға қолайсыздық туғызған жағдайда, яғни механикалық көлік құралдарымен оталдырған қалпы тоқтап тұруға тыйым салынады. Тек арыз түскен жағдайда ғана бұл норма бойынша жауапқа тартамыз. Былтыр осындай үш жағдай тіркеліп, оның бірі прокуратура тарапынан жойылды. Яғни, біз көлік қыздырған адамды жауапқа тартпаймыз», – деді вице-министр.
Ал депутат Бақытжан Базарбек көлікті қыздыру үшін айыппұл төңірегіндегі шу мемлекеттік органдардың немқұрайлылығы екенін тілге тиек етті.
Ұрланған қарулар тәркіленді
Egemen.kz сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2025 жылдың басынан бері заңсыз айналымнан қанша қару мен
Оқ-дәрі тәркіленгенін хабарлады деп жазды.
2025 жылдың басынан Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция және прокуратура органдарымен бірлесіп қаруды іздестіру және заңсыз айналымнан алу бойынша бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді.
«Нәтижесінде 8 Калашников автоматы, 25 тапанша, 23 мылтық, 17 граната және әртүрлі калибрлі 1521 патрон табылып, тәркіленді», делінген хабарламада.
Аталған қарудың төртеуі қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны анықталған. Бұл фактілер бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.





