Ел жаңалықтары

81

0

Түркістанның ерекше мәртебесі

Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.

Жалпы құжатта тарихи-мәдени мұраны ерекше сақтау белгіленген. Нақтырақ айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау, археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу, тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу бар. Сондай-ақ қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау, археологиялық ескерткіштердің резерватын құру, мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру, қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу секілді басымдықтар қарастырылған. Бұл ретте тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту, мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау, көлік транзитін реттеу, туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау да ойластырылған.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Өткелде ереже бұзғандар қатаң жазалануы мүмкін

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ темір жол бойында жұмыс істейтін қызметкерлер мен жалпы тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында ереже бұзғандарға жауапкершілікті қатаңдатпақ, деп жазады Egemen.kz.

Осы мақсатта компания мемлекеттік органдарға өтініш жолдауды жоспарлап отыр. Өтініште қозғалыс қауіпсіздігін бұзуға, жол-көлік оқиғаларына, сондай-ақ белгіленбеген жерлерден темір жолдар арқылы өтуге, жол бойындағы жолақтарда мал жайғандарға әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату сұралады.

ҚТЖ мәліметінше, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында теміржол өткелінде 4 жол-көлік оқиғасы болған.

«1 наурызда Атырау облысындағы «Теңдік» станциясының теміржол өткелінде жүк көлігі жүк пойызымен соқтығысты. Оқиғаға жүк көлігінің иесі себеп болғаны анықталды. Апат салдарынан локомотив бригадасының қызметкерлері зардап шегіп, локомотив пен 11 бос вагон рельстен шығып кетті» делінген компания хабарламасында.

Ал былтыр теміржол өткелдерінде 26 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<