Бірыңғай әлеуметтік стандарт әзірленеді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бірыңғай әлеуметтік стандарт әзірлеу тапсырмасы берілді. Бұл туралы министр Светлана Жақыпова мәлім етті.
– Қай санаттағы азаматтардың жеңілдіктен айырылатыны туралы айтуға әлі ерте. Шешім мемлекеттік органдар арасындағы кеңесуден кейін және қаржылық-экономикалық мүмкіндікті ескере отырып қабылданады, – деді Светлана Жақыпова Мәжілістің жалпы отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің мәлімдеуінше, бүгінде өңірлерде көрсетілетін 117 әлеуметтік қолдау шарасының тізімі жиналды. Алайда олардың мазмұны әртүрлі және жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне байланысты.
Бірыңғай цифрлық платформа
Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында елімізде денсаулық сақтау жүйесіндегі 30-дан астам ақпараттық жүйе оңтайландырылып, бірыңғай цифрлық платформаға біріктіріледі. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.
Бұл дәрігерлерге әкімшілік жүктемені азайтады және жүйенің тиімділігін арттырмақ. Сондай-ақ бірыңғай дерекқорды құруға, мәліметтерді қолмен беру қажеттілігін жоюға және дәрігерлердің науқастармен тікелей жұмыс істеу уақытын босатуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
– Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігінде 30-дан астам ақпараттық жүйе бар, бұл дәрігерлер мен қызметкерлерге қиындықтар туғызуда. Өйткені, олар өз процесінің бір бөлігі ретінде бір жүйеге есепке алу үшін дәрі-дәрмектерді енгізу, басқа жүйеге кіріп, өз аккаунты мен құпия сөзі болуы керек, – деп атап өтті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун.
Жобаны жүзеге асыру басталды. Жыл соңына дейін жеті жүйе бірыңғай платформаға көшіріледі.
9 миллион тоннаға жуық астық бастырылды
Еліміздің өңірлерінде егін жинау науқаны жалғасуда. Қазіргі уақытта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 6,3 млн гектары жиналды, бұл жалпы егін алқабының 39,3%-ын құрайды.
Нәтижесінде 9 миллион тоннаға жуық астық бастырылды. Дәнді дақылдардан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер 221 мың тонна майлы дақыл, 933 мың тонна картоп, 2,2 миллион тоннаға жуық көкөніс, 2,1 миллион тоннадан астам бақша дақылдарын жинады.
Министрліктің айтуынша, егін жинау науқаны ұйымдасқан түрде және агротехникалық талаптарға сәйкес оңтайлы мерзімде жүргізіліп жатыр.





