Ел жаңалықтары

55

0

Архив саласын қандай өзгеріс күтіп тұр?

Елімізде мемлекеттік архивке «Ұлттық» мәртебе берілуі мүмкін. Ал ауылдық жерде жұмыс істейтін архив саласының мамандарына 25 пайыздық үстемақы қосу заңмен бекітілмек. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Осындай заң жобасы Сенатта өткен отырыста қаралды. Мұндағы тағы бір маңызды жаңалық – бірыңғай цифрлық архив құру мәселесі. Қазіргі таңда елімізде 236 мемлекеттік архив жұмыс істейді. Онда тарихымызға қатысты 27 млн-нан астам құжат сақтаулы. Алайда көздің қарашығындай қорғалуы тиіс еңбектер қараусыз қалып жататыны жасырын емес. Осы себепті бұдан былай құнды жазбалар жинақталып, ортақ базаға енгізіледі.

Үш мың сарбаз грант иеленді

Елімізде үш мыңнан астам сарбаз мемлекеттік білім беру грантын иеленген. 24.kz мәлімдеуінше, білім грантының екі мыңнан астамы былтыр көктемде әскер қатарына алынғандарға тиесілі. Ал қалғаны былтыр күзде әскерге алынып, биыл қызметін аяқтаған азаматтарға берілген.

Жалпы әскерден босатылғаннан кейін екі жыл ішінде қазақстандықтар азаматтық және әскери жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай, ақылы негізде оқуға түсе алады. Одан өзге конкурстық іріктеуден сәтті өткен САРБАЗ 2.0 жобасына қатысушылар үшін мемлекет есебінен жоғары білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Грант бөлу кезінде жауынгерлік даярлық көрсеткіштері, тәртіп және әскери қызметшінің тестілеу нәтижелері ескеріледі. Жоба іске қосылған 2023 жылдан бері мерзімді қызметтен өткен азаматтарға тоғыз мыңнан астам білім беру гранты бөлінді.

Он төрт футбол клубының бесеуі жекеге өтті

Қазақстандағы 14 футбол клубының бесеуі жеке кәсіпкерлердің иелігіне берілді. Сондай-ақ, тағы екі клубпен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.

Туризм және спорт вице-ми­нистрі Серік Жарасбаевтың атап өт­­кеніндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан футбол клубтарын жекешелендіру туралы тапсырмасын 2026 жылғы наурыз айына дейін орындау жоспарланып отыр.

«Ірі компаниялар қызығушылық танытып, жұмыс басталғанын біле­сіздер. Клубтарды жекешелендірумен қатар, оларға балалар академияларын ашу міндеті қойылды» деді вице-министр.

Айта кетейік, бұған дейін астаналық «Жеңіс» клубын Kaspi.kz компаниясының басшысы Михаил Ломтадзе сатып алды. «Шахтер» клу­бының жаңа иесі – кәсіпкер Тимур Турлов. Петропавлдың «Қы­зыл­жар» командасы Сергей Канға тиесілі болды. Ал «Ақтөбенің» жаңа басшысы – Qazaq Stroy ком­пания­сының жетекшісі Нұрлан Артық­баев. Қызылордалық «Қай­сар» клубын «TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозыбақов басқармақ.