Ел жаңалықтары

566

0

Мемлекет басшысының алғыс хаты табысталды

Премьер-министр Олжас Бектенов 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Канвондода (Корея Республикасы) өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Мемлекет басшысының атынан алғыс хаттар табыстады.

Үкімет басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын оқып беріп, спортшыларды қол жеткізген нәтижелерімен құттықтады. Премьер-министр бұл Қазақстанның жастар арасындағы қысқы Олимпиада ойындары тарихындағы алғашқы алтыны екенін атап өтті. Жалпы медаль саны бойынша Қазақстан әлемнің 78 елі арасында 20-орынды иеленді.

Әуелі шаңғымен тұғырдан секіру бойынша IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Илья Мизерных пен оның жаттықтырушысы Қайрат Биекеновке алғыс хаттар табыс етілді. Сонымен қатар шайбалы хоккей бойынша қола жүлде олжалаған ел құрамасы мен команданың жаттықтырушысы Рамазан Қайдаровтың да еңбектері аталды.

Ойындар жеңімпазы Илья Мизерных барлық спортшының атынан алғыс білдіріп, дайындық кезінде құраманың жаттықтырушылар қойған міндеттерді барлық күш-жігерін салып орындағанын айтты.

Жұмыртқа бағасы реттелмек

Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті Құс өсірушілер одағы және Қазақстанның жұмыртқа өндірушілер ассоциациясы, сондай-ақ құс фабрикаларының басшыларымен жұмыртқа бағасын белгілеу мәселелерін, бағаны тарифтік емес реттеу шараларын талқылады.

Маусымдық қымбаттау кезеңінде бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында тараптар жыл соңына дейін баға дәлізін белгілей отырып, 1-санаттағы жұмыртқа бағасын тұрақтандыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумның талаптарын талқылауда.

Былтыр 30 қарашада Қазақстан құс өсірушілер одағы және жұмыртқа өндірушілер ассоциациясымен бағаның өсуіне жол бермеу туралы меморандум жасалған еді. Аталған шара мереке алдында жұмыртқа бағасының негізсіз өсуін тежеуге мүмкіндік берді.

Елімізге келетін туристер көбейген

Қазақстанға Қытай мен Үндістаннан келетін туристер саны өскен. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты.

Министр келтірген мәліметке сәйкес, 2022 жылы шілдеде Қытай азаматтары үшін 14 күндік визасыз режимді енгізудің және 2023 жылғы қарашадан бастап екіжақты визасыз режимнің арқасында аталған елден келушілер саны 18 мыңнан 217 мыңға, яғни 12 есе ұлғайған.

Үндістан бойынша 14 күндік визасыз режим енгізілгеннен кейін ол елден келетін туристер үш есе өскен. Атап айтқанда, 2022 жылы 28 мың адам келсе, 2023 жылы көрсеткіш 78 мыңға өсіпті.

Дайындаған

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<