Балалар тегін ұшады
«Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заңына сәйкес ел аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуемен тасымалдау кезінде туристік өнімге қосылған билет құнын субсидиялау қағидалары әзірленіп, бекітілді.
Қағидалар осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады. Субсидия отбасылық авиатасымалдауды қолжетімді етеді, ішкі туризмді дамыту үшін қосымша ынталандыру болады. Бұл жеңілдік кәмелетке толмаған жолаушының ата-анасымен немесе жақын туысымен ұшуы кезінде қолданылады.
Балалар авиабилеттерін субсидиялау операторы – Kazakh Tourism ҰК АҚ. Тегін авиатасымалдау ішкі туризм саласындағы туроператордың қаражаты есебінен жүргізіледі.
Электр қуатының құны сақталады
Электр қуатының бағасы 2021 жылғы деңгейде сақталады. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті.
Министр бағаны реттейтін нақты тетіктерді қолданысқа енгізу үшін Президент шешімімен 180 күн белгіленгенін еске салды. «Жоспар бойынша, жеткен шешіміміз бойынша 2022 жылы электр қуатының бағасы 2021 жылғы деңгейде сақталады. Оған қосымша жаңа тәртіп пен әдістер әзірленіп жатыр. Бұл – электр қуатымен толықтай жабыдқтау және ұлттық электр жүйесінің тұрақтылығын сақтау. Бұл екеуі – ең маңызды мәселе» деді ол.
Оған қоса «Әрине, майнерлер, басқа да заңсыз қосылушылар салаға әсер етіп, тапшылық туғызып жатыр. Олардың жолын кесу үшін қосымша жұмыс жүргіземіз. Бірақ дефицит болмас үшін ең бірінші генерацияны көбейтуіміз керек. Екіншіден, электр жүйелерінің сапасын көтеруіміз керек. Сол жұмыстың бәрін біз берілген 180 күннің ішінде әзірлеп, іске қосамыз. Баға жағынан айтсақ, биыл электр қуатының ақысын 2021 жылдың деңгейінде сақтауға тырысамыз» деді министр.
Баға бойынша сөз байласса…
ҚР Президентінің Баға бойынша сөз байласқан шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеруге мүмкіндік беретін Жарлығы шықты.
«Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 229 Жарлығына мынадай толықтыру енгізілсін», – деп жазылған Жарлықта.
Атап айқанда, құжаттың 1-тармағы 13) тармақшамен толықтырылып отыр. Бұл тармақта шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге жарияланған мораторидің күші жүрмейтін жағдайлардың тізбесі берілген. Осы тізбеге 13) тармақша арқылы «әрекеттерінде картель белгілері байқалатын мемлекеттік сатып алуға қатысушыларға қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын тексерулер» кіріп отыр.
Құрама сән сынынан өтті
Халықаралық Олимпиада комитеті Бейжіңдегі қысқы ойындардағы ұлттық құраманың үздік сәнді киім үлгісі тізімін жариялады. Үздіктердің қатарына қазақстандық спортшылардың киім үлгісі кірген. «Қазақстан сән сынынан өтті» делінген ХОК мәлімдемесінде.
«ZIBROO спорттық киімінің қазақстандық өндірушісі ресейлік дизайнер Дмитрий Шишкинмен Бейжің-2022 үшін ынтымақтасқан. Топтаманың көк және ақ түстері мұз бен қарды бейнелейді», – деп атап өтті Халықаралық Олимпиада комитетінен.
Сондай-ақ ХОК өз шолуында Forbes журналына сілтеме жасап, қазақстандық спортшылардың киімін «ең жақсы сән дипломатиясы» деп атады. Бұған дейін америкалық басылым Қазақстанның Олимпиадалық формасын да Бейжіңдегі ойындарда ең стильді киімдер рейтингіне қосқан болатын.
Қазақстанмен қатар Халықаралық Олимпиада комитеті мен Forbes АҚШ, Канада, Ресей, Қытай, Швеция және Германия спортшыларының үлгілерін ерекше атап өтті.





