Биылғы Жолдаудың алғашқы бағыты ретінде мемлекет басшысы халық табысын өсіруге басымдық берді. Яғни, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Ал, бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Сондай-ақ, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Елбасы ұсынған осы және өзге де негізгі бағыттардың маңыздылығы төңірегінде жиын барысында бірқатар азаматтар баяндама жасады.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру қажеттігіне тоқталды. Яғни, негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту қажеттігін атап айтты.
Мемлекет басшысы Жолдауда келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін тапсырды. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс.
Жолдауда айтылған тағы бір басым бағыт халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты. Осыған орай, Үкімет әлеуметтік секторға, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарауы тиіс екендігін атап өткен болатын.
Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты. Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды. Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда. Осы жолда халық сенімі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытады.Сол сенімді ақтаудан артық мұрат жоқ! Елбасының Жолдауда айтқан осы бір қанатты сөздерін келтіріп жұмыла жұмыс жасау қажет деп білемін.
А.Қосбергенова,
Әділет департаментінің бөлім басшысы,
ҚР Заңгерлер одағының мүшесі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<