Қазақстанның дамыған, бәсекеге қабілетті және әлемдегі беделді мемлекеттер қатарында қалыптасып әрі қарай дамуы үшін бүгінгі жастардың қоғамдағы рөлі мен тың ізденістерінің орны ерекше.
Елбасымыздың Халыққа Жолдауында: «2019 жыл −Жастар жылы» болып жарияланды. Биылғы жылы жастар қауымына артар үмітпен сенім мол.
Әр салада өздерін жақсы қырынан танытып, елдің нығаю жолына аянбай тер төгіп жүрген жастарымыздың еңбегі де елеусіз қалмауда.
Ең құрметті кәсіп саналатын Отан қорғаушыларымыздың арасында жаста болса өз ісіне мығым, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған болуды үлкен абырой санайтын әскери қызметшілер қатарында зор мақтанышпен атауға болады.
Соның бірі ел сенімін артқан ерлерге қарап бой түзеген Мағжан Қуанбайұлы. Бала Мағжанның есімін қоюда да үлкен ерекшелік бар. Әкесі – Қуанбай Тлепбергенов мен анасы Жанна Әуелбекова 1994 жылы 12 мамырда Алматы облысы Кеген ауылында дүниеге келген тұңғыштарын «Қазақ халқы үшін М. Жұмабаевтың маңыздылығы ағылшындар үшін -Шекспирдің, орыстар үшін -Пушкиннің маңыздылығынан кем емес деген» академик Әлкей Марғұланның пікіріндей зерек болсын – деген құрметпен есімін қойған.
Мағжанның білімге құштарлығының арқасында мектепте үздік оқушы, спорттың бокс, жүзу таэквандо түрлерінен бірінші орындардың иегері атанған. Б.Момышұлының қанатты сөздері мен ағаларының әскери формаларына деген қызығушылығы оны әскери өмірге алып келеді.
2009 жылы Алматы қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жасұлан » республикалық әскери мектебіне оқуға түседі. Әскери мектепте оқып жүргенде Мағжанның ҚР Қарулы Күштеріндегі қызметтен бөлек, әскери прокурор болуға ынталанып, алға қойған мақсаты өзгереді.
Оған себеп мына қысқаша оқиға еді. Күз мезгілінде әскери мектеп тәрбиеленушілері мен әскери прокуратура қызметкерлері арасында дөңгелек үстел өткізілген болатын. Арнайы әскери прокурордың өзі келіп, жас өрендерге арналған дәрісінде былай дегені бар:
– «Ұлттық қорғаныс пен қауіпсіздікті нығайту көп жағдайда әскери білім беру саласын дамытумен, әскерлердің моральдық-саяси рухын күшейтуде ең алдымен әскери қызметшілердің тәртібі мен олардың құқық бұзушылық салдарын алдын-алу шараларын ұйымдастыру арқылы жіті бақылайтын құзырлы орган – әскери прокуратура болып табылады» -деген жалынды сөздерінің әсері арқылы әскери прокурор шенін иеленуге септігін тигізеді.
2011 жылы Алматы қаласында Тұран университетінде Заңгер мамандығын оқып жүріп, Қапшағай қаласында, 35-ші гвардиялық десантты -шабуылдаушы бригадасында Отан алдындағы борышын өтейді. Десанттық әскер қатарында жауынгерлік тапсырмаларды бұлжытпай орындап, парашютпен секіруденде тайынбаған. Үздік көрсеткіштері үшін, Десанттық шабуылдаушы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор А.Д.Джумакеевтің алғыс хатына ие болып, кіші сержант әскери лауазымына ие болған.
Сонымен қатар, Ауғаныстанда совет күштерінің арнайы мақсаттағы тобын басқарға «қара майор» лақап атымен әйгілі Б.Керімбаевтан әскери қызметке қадам басу жолында, ақ батасын алған.
Уақыт өте келе, Мағжанның асқақ арманы мен алға қойған мақсаты орындалды. Қазіргі таңда Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасының прокуроры лауазымында қызмет атқаруда.
Қызылорда гарнизонының әскери прокуратурасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<