Қай дәуірде болмасын Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Жуырда күзгі науқанда әскерге шақырылған қызылордалықтар Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.
Шараға «Nur Otan» партиясы қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ш.Әбдрахманов, облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы Қ.Баймаханов, «Қарулы күштер ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиал төрағасы М.Ршауов, шекара қызметінің №2534 әскери бөлім өкілі А.Мұхит және әскер қатарына шақырылушы сарбаздардың туыстары қатысты.
Болашақ сарбаздарға ата-аналар атынан Бүркітбай Нұршабаев ақ жол тіледі.
– Сіздер бүгін азаматтық борыштарыңызды өтеуге аттанғалы тұрсыздар. Кезінде бірлік пен батырлықты ту еткен аталарымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осы ұлан-ғайыр жерді қорғап, біздерге мирас етіп қалдырды. Мінекей, батыр бабалардың осынау даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін жалғастырудың кезегі сіздердің еншілеріңізге тигелі тұр, – деді ол.
Әскерге алынған жастардың дені болашақта әскери қызметкер болуды армандайды екен. Жастардың талабына сәттілік тілеген ардагерлер ел алдындағы борышын ойдағыдай өтеп келулеріне тілектестік білдірді.
Шынар БЕКБАН.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<