Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бері көтеріліп келеді. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы атап өтті.
Онда 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай, бастаманы жүзеге асыруды атап өтті.
Расында, бұл бастама – елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, жалпы халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш. Латын әліпбиі – замандық технологияның тілі. Бұдан бұрын да тарихымызда 10 жылдай қолданыста болған. Оның басты ерекшелігі, ана тіліміздің төл дыбыстары сақталады. Сондай-ақ, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі саналады, яғни, болашағы зор. Сондықтан Елбасының шешімін қолдап, оның әрі қарай жүзеге асуына үлес қосуымыз қажет.
«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», – деп Елбасы айтқандай, бұл – заман талабы. Ал ғалымдарымыз оның тиімді тұстарын дәлелдеп жатыр. Бастысы, бұған бұқара да қолдау танытты.
Ақболық НҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ,
Е.Әуелбеков атындағы
№4 облыстық
дарынды балаларға арналған
мектеп-интернаты
тәрбиешісі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<