Мемлекеттік Рәміздер күніне орай облыстық мемлекеттік архивінде «Ел рәміздері – ел рухы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда рәміздер туралы жан-жақты ақпарат бере отырып, жас ұрпақтың бойында елдіктің ерек таңбасына деген құрмет пен ұлттық рухты қалыптастыруға мән берілді.
“Nur Otan” партиясы облыстық, қалалық филиалдары, облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты тілдерді оқыту орталығы, «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі, Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы, колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысқан шара жастардың көңіліне жақсы әсер ұялатты.
Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Әбілдаев қатысушыларды мерекемен құттықтап, Мемлекеттік рәміздер халқымыздың қаһармандығы мен даналығын айқындап, болашаққа деген арман, тілегін жеткізетін ерекше маңызды белгілер екенін атап өтті. Сонымен бірге, ұлттық ұстанымды танытатын маңызды тақырып аясында ашық пікірлесуге шақырды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының кеңесшісі Ержан Уайс бұл мерекенің өзіндік ерекшелігіне тоқталып, еліміздің әр азаматы рәміздерді құрметтеу арқылы Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін еұғынатынын айтты.
Жиында Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің студенті Дәулет Махамбетжан «Мемлекеттік Рәміздер – Тәуелсіздікті біріктіруші қасиетті образ», Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің тарихшы мұғалімі Сымбат Жұмабеков «Мемлекеттік рәміздер ұлттық мақтанышымыз», облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Ләззат Ортаева «Тарихтан туған рәміздер» тақырыптарында баяндама жасады. Ал Т.Есетов атындағы № 264 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы М.Кенжебекова М.Дулатовтың «Туған жер» өлеңін оқыды.
Қатысушыларға Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Ел рәмізі – ұлт рухы» тақырыбындағы кітап көрмесі таныстырылды.
“СБ” ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<