Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудандарға жасаған жұмыс сапарында елмен жүздесіп, қазіргі дағдарыс жағдайында бюджеттің әрбір тиыны есептеулі екенін атап өткен еді. Ендігі жерде халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуда өте маңызды деген жобаларға назар аударылады. Осы бағытта облыс әкімі жанынан құрылыс нысандарының жобасын қарау жөніндегі кеңес құрылған еді. Қазірге дейін кеңес отырысында аудандар тарапынан ұсынылған жобалар жан-жақты талқыланып, олардың арасынан негізгі дегендері қолдау тапты.
Рас, бүгінде облыстың қай ауданына барсақ та ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын байқаймыз. Халыққа қажетті ауызсу, жарық, жол мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Десе де, әлі де қолға алатын жобалар аз емес. Әрине, олардың барлығын бір жылда толықтай атқарып шығу және мүмкін емес.
Кезекті отырыстардың бірінде облыс әкімінің орынбасары, кеңес төрағасы Мархабат Жайымбетов қандай жобаларға басымдық берілетінін нақтылады.
– Негізгі міндет – әлеуметтік сала, жылу-энергетика, газдандыру, сумен жабдықтау объектілерін, автомобиль жолдарын салу, қайта жаңғырту мен жөндеудің орындылығы және кезектілігі мәселелерін қарау. Сондай-ақ, кеңес отырысында жобаланған нысандардың қуаттылығы, бөлінетін жер учаскесі, техникалық шарттарды айқындау, жобаларды оңтайландыру және түзету назарға алынады, – деді Мархабат Жайымбетұлы.
Оның айтуынша, қазір облыс бойынша дайын 205 жоба бар. Оларды іске асыруға 132 млрд теңге қажет. Жалпы, жобаны іске асыру мерзімі жоба-сметалық құжаттама бекітілген сәттен бастап 3 жылдан аспауы тиіс.
Кеңес мүшелері құрамына басқарма басшылары, депутаттар, құрылыс саласының ардагерлері және өзге азаматтар тартылған. Аталған шараға қызығушылық білдірген белсенді азаматтар, құрылыс жобалау мекемесінің мамандары қатысуда. Мақұлданған жобаларды республикалық бюджет есебінен мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржыландыру көзделген.
Айта кетерлігі, ұсынылған жобалардың барлығы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Әрине, қаржы мәселесіне байланысты олардың кейбірі уақыты келгенде жүзеге асырылады. Алайда, кейбір жобалардың бағасы көпшілікті ойландырды. Мәселен, 400-500 оқушыға арналған мектепке 1,5 млрд теңге шамасында қаржы сұрау негізсіз екені анық. Бұл жөнінде құрылыс саласының мамандары қажетті материалдардың қымбат екенін көлденең тартады. Осынша оқушыны қабылдай алатын кейбір білім ордалары мемлекеттік-жекешелік негізде біршама арзан бағаға салынған. Сондықтан жоба егжей-тегжейлі сараптаудан өтуі тиіс.
Сондай-ақ, кейбір аудандар елді мекендерді көркейту-көгалдандыру бойынша жобалар ұсынды. Мұндай жобаларды жергілікті демеушілер есебінен жүзеге асыруға да болады. Өңірдің кейбір елді мекендерінде әлі ауызсу мәселесі шешілмеген. Жарығы сығырайып тұрған ауылдарда да бар. Жолы жөнге келмей қиналып жүрген жұрт қаншама?! Бұл жағдайда көркейту-көгалдандыру мәселесін жоба есебінде ұсыну қаншалықты қисынды?
Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі жағдайда елді мекендерде жаппай спорт кешендерін салу қаншалықты орынды? Бұған дейін мемлекеттік-жекешелік негізде қаншама ғимараттар бой көтерген. Тиімділігі ойдағыдай. Алдағы уақытта сол тәжірибені жалғастырып, жастардың бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасауға болады. Ал қаржыны мейлінше елге қажетті маңызды жобаларға бағыттау қажет.
Бұған дейін кеңес отырыстарында Қазалы, Сырдария, Қармақшы және Жалағаш ауданының әкімдері өз жобаларын қорғаған еді.
Одан кейінгі кезекте Арал мен Жаңақорған аудандары бойынша құрылыс нысандарының жобалары сарапқа түсті. Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетов 19 млрд теңгенің 112 құрылыс жобасын ұсынды.
Бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы кезең-кезеңімен шешіліп, қосымша талдауға жіберілді. Ал, инфрақұрылым жүйесімен мекемелердегі жылу жүйелерін газға ауыстыру ұсыныстары бірден-ақ қолдау тапты. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да мәселелерді шешу жайы ұсынылды.
Осы аптаның сейсенбісінде кеңес отырысына Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетов келді. Онда ауызсу, газдандыру, көлік инфрақұрылымын дамыту, кент және ауылішілік жолдар, білім беру, денсаулық сақтау секілді әлеуметтік салалардағы жобалар бар.
Кеше кеңес отырысында Шиелі ауданының әкімі Нариман Мақұлбеков маңызды жобаларды ұсынды.
Жалпы, облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған құрылыс нысандарының жобасын қарау жөніндегі кеңес көздеген мақсатты жоғары деңгейде жүзеге асыруға жол ашып отыр. Оған кеңес отырысына қатысу барысында көзіміз жетті. Бұл ашықтықты, жариялықты қамтамасыз етеді. Халықтың өтініш-тілегі, ұсынысы, көзқарасын ескеруге жол ашады. Сондықтан алдағы уақытта ел ішінде атқарылып жатқан әрбір жобаның маңыздылығы, сапасы халық көңілінен шығатыны анық.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<