Электронды түрде көрсетілетін қызмет саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 57 процентке артса, қағаз жүзіндегі көрсетілетін қызмет көлемі 35%-ке азайған. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абзал Мұхимов хабарлады.
– Облыстық экология, индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаменттері 100%-ке, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті 94%-ке қызметтерді электронды түрде көрсетуде. Шиелі ауданы әкімдігі электронды түрде көрсетілетін қызметтерге өз үлесін қосып отыр. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтерді бір жерден алу, қызметтерді трансформациялау бойынша жақсы нәтиже көрсетіп отырған Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының әкімдіктерін атауға болады, – деді департамент басшысы.
Облыстағы 23 орталық және 25 жергілікті атқарушы орган 2018 жылдың І тоқсанында 389 (өткен жылдың осы кезеңінде 372) қызмет түрін көрсеткен.
Кездесуде департамент басшысы Елбасы Жолдауын жүзеге асыруда облыстағы электронды қызметті арттыруға үлес қосқан қызметкерлер марапатталды.
Жиын барысында департамент пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы облыс орталығындағы мекемелерде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілерге медициналық қызмет көрсету мәселесі бойынша меморандумға қол қойды. Енді қаладағы барлық мемлекеттік қызметшілерге медициналық қызмет бірыңғай орталықта көрсетілетін болады. Меморандумға сәйкес, мемлекеттік қызметші мен олардың отбасы мүшелерінің медициналық кеңес алуы, емдеу шараларын пайдалануы, сондай-ақ, жыл сайынғы профилактикалық медициналық тексеруден өту қамтамасыз етіледі.
Департамент басшысы А.Мұхимов қызметкерлер үшін бірыңғай медициналық қызмет көрсету орталықтарын ашу мәселесі еліміздің барлық аймақтарында қарастырылып жатқандығын атап өтті.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<