Сейсенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласы және Арал ауданының Құрметті азаматы Имамадин Оңғарбаевты 70 жас мерейтойымен құттықтады. Жиында аймақ басшысы Имамадин Зәкірұлының өңірді дамытуға, Қызылорда қаласын көркейтуге, инфрақұрылымын жақсартуға, шаһар шырайын арттыруға қосқан елеулі еңбегін атап өтіп, мерейтой иесіне ризашылығын білдірді.
– Құрметті Имамадин Зәкірұлы, сізді Сыр жұртшылығының атынан мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Облыс бюджетінің сол кездегі шектеулі мөлшеріне қарамастан, туған жеріне жанашырлықпен қарайтын белді кәсіпкерлерді ортақ іске ұйыстырдыңыз. Қаржы жинап, қаланың қалыпты тыныс-тіршілігін жолға қоюға күш салдыңыз. Жиналған қаржыны ауызсу мен кәріз жүйесін жаңартуға бағыттап, қалпына келтіру ісінде аянып қалмадыңыз. Жылу трассасындағы ірі құбырлардың бәрі қаптаусыз, ашық күйінде қалған кезеңде шұғыл шешім қабылдадыңыз. Жекенің иелігіне өткен коммуналдық кәсіпорындарды қайтарып алуда табандылық таныттыңыз. Осылайша коммуналдық салада қордаланып қалған мәселелердің тамырына қан жүгірген болатын, – деді облыс әкімі.
Имамадин Зәкірұлы 1953 жылы Арал ауданы Ақбасты ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын совхозда қарапайым учаске шебері болып бастап, мұнай саласында бірнеше жылдар бойы тер төгіп, облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Коммуналдық салаға жетекшілік жасаған кезеңде газдандыру ісіне ерекше мән берді. Әсіресе, бу қазандықтарын жаңғыртуда батыл қадамдар жасап, жылу жүйесінің тұрақты жұмыс ырғағын қалыптастырды. Жеті бірдей бу қазандығын салуға, 50 мегаваттық электр энергиясын, қосымша жылу көздерін өндіруге бастамашы болды.
– Туған жеріңіздің жанашыр азаматы ретінде Қызылорда қаласының келбетін, шырайын арттыруға қосқан елеулі еңбегіңізге құрметпен қараймыз. Сіздің араласуыңызбен аймақтағы көптеген әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы саласында жобалар сәтті жүзеге асты. Сол арқылы жұмыспен қамтылған азаматтардың үлесі артты. Қаланың бас жоспары қайта қаралып, заманауи үлгідегі нысандар еңсе тіктеді. Орталық мешіттің іргетасының қалануына себепші болдыңыз. Сындарлы сәтте ел мүддесі үшін аянбай қызмет атқарғаныңызды тұтас ел бағалайды. Бүгінгі мерей, сіз шыққан абырой осының айқын дәлелі десек артық болмас, – деп толықтырды облыс әкімі. Осы ретте аймақ басшысы мерейтой иесіне облыстың Құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жауып, ілтипат білдірді.
Басқосуда теңізді өлкеден түлеген Имамадин Зәкірұлы туралы әріптестері, замандастары жылы пікір білдіріп, оның азаматтық болмысын аша түскендай болды.
– «Ел азаматымен еңселі» деген. Қиын да өтпелі кезеңде әлеуметтің әлеуеті үшін істің иінін тауып, барды ұқсата білу тек жанашыр азаматтардың ғана қолынан келеді. Бұл істе туған жерге ту тіккен азаматтардың қатарында қолтаңбасы ерек мерейтой иесімен сонау жетпісінші жылдың ортасынан аралас-құраласпыз. Еңбектің қай саласында болмасын абырой биігінен көріне білді. Біз оның дос ретінде бойындағы асыл қасиеттерін жақсы білеміз. Сабырлығы, қарапайым мінезі, кішіпейілдігі, еңбеккештігі көп адамға үлгі боларлықтай, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев.
Мұнан кейін қоғам қайраткері, Жаңақорған, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері Бекмырза Еламанов сөз алып, мемлекеттік қызметте бірге атқарған жұмыстары жайлы әңгіме айтты. Арда азаматтың біліктілігі, әр істегі жауапкершілігі мен адалдығы айшықтап тұратынын атап өтті.
– Имамадин Зәкірұлының өмірінен бір ғана мысал келтірейін. Мен ол уақытта Жаңақорған ауданында әкім болдым. Күкірт қышқыл зауытының құрылысы бізде салынатын болды. Зауыттың іргетасынан бастап, барлық технологиялық құрал-жабдығына дейін жасап берген мықты маман ретінде бағалаймын. Сол зауыттың басында түнеп, таңғы жетіде жұмысшыларды жиып жұмысты жоспарлап, кешкі сегізде оның есебін талап ететінін көзбен көрдік. «Мен құрылысшымын, химия жағынан хабарым жоқ» деп айтпады. Нөлден бастап жұмысты өзі алып шықты. Ертеңіне зауыттың ашылуы болады деген күні басқа жұмысқа ауысып кетпесі бар ма? Бірақ шетелдік инвесторлар да, жергілікті жұмысшылар да күні бүгінге дейін «Имекеңнің арқасында салынған зауыт» деп айтып жүрді. Уақытпен санаспай, отбасым бар деп артына қарайламай осы жауапты істі соңына дейін табандылығымен алып шықты. Жан-жақты, сегіз қырлы бір сырлы әріптесіме зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін, – деп ақжарма тілегін жеткізді.
Мерейтой иесіне ыстық ықыласын білдірушілер қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қызылорда қаласы және Жалағаш ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қылышбай Бисенов те болды.
– Мен Имекеңді институтта жүрген кезінен білемін. Алдыңғы курста оқитын оның әрбір тиянақты жұмысы бізге үлгі еді. Бұл азаматты туабітті инженер десек артық айтпағанымыз. Өзі жұмыс істеп жүріп, Жамбыл гидромелиорациялық құрылыс институты филиалының құрылысшылар мен су шаруашылық инженер мамандарын даярлауға атсалысты. Дипломдық жоба жүргізіп, оларға сарапшы болды. Облысқа Икрам Адырбеков әкімдікке келгенде мықты инженерлерді іздеп, нәтижесінде Имамадин Зәкірұлының іскерлігіне тәнті болғанын да ел біледі.
Қазақта «құданы құдай қосады» дейді. Бірге оқығанымыз өз алдына, бүгінде балаларымыздың қалауымен құда атанғанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Қазір ортақ немерелеріміз бар. Алды Қазақ Ұлттық университетінде, одан кейін Назарбаев зияткерлік, Білім-инновация мектептерінде білім алуда. Имекеңнің өнегелі жолы, мазмұнды ғұмыры жалғаса беріп, денсаулығы зор болсын, – деді.
Еңбек ардагері, Арал ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қуанышқали Шапшаңов ағалық ақ батасын беріп, бар өмірін халықтың игілігі жолына арнаған азаматтардың өнегелі жолын ұлықтаудағы игілікті іске алғыс білдірді.
Сыр елінде елдік мүддені ұлы мұрат жолына байлаған, парасаты биік, адами болмысы ерек абыройлы азаматтар жетерлік. Алдағы уақытта да мұндай жандар марапат мінберінен көрініп, олардың ғибратты ғұмыры кейінгі толқынға үлгі етіле бермек.
Айсәуле Қарапаева,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<