«Arna-b» баспасынан Бегімбай Ұзақбаевтың «Тұғыр» атты кітабы жарық көрді. Тарихи романда Тұғыр Кенжесұлының ел тәуелсіздігі үшін жоңғар, қалмақ және түрікпен жауларынан азат ету соғыстары егжей-тегжейлі баяндалады. Оқиға желісі жас жаужүрек батырдың балалық кезінен бастау алып Тұғырдың ұлт тұтастығын сақтаудағы жанқиярлық ерлігі романның өн бойында деректермен өріліп отырады.
Кітаптың құрылымына да автор талғампаздықпен қараған. Бұл ретте жаңа кітап үш кезеңді суреттейді: Тұғырдың атасы, әкесі және өзі туралы. Тақырыптар бір-бірімен үндес, өзектес болып өрілгенін бірден байқауға болады. Қазақ халқының ғасырлық тарихында мемлекеттің тұрақтылығы мен тұтастығын сақтауда ұлт батырларының орны ерекше болғаны белгілі. Елін басқыншылардан қорғап, жерін сақтап қалған осындай батырлардың қатарына Тұғыр Кенжесұлын жатқызамыз. Бұл еңбекте оның елін қорғаудағы жеке ерліктері мен халқымыздың жатжұрттық жаулаушыларға бірлесе жасаған қарсы күресі баяндалады. Жау шапқыншылығынан шаршаған қазақ халқы бірігіп, ең әуелі жоңғарға тойтарыс беріп, одан соң қалмаққа соққы беріп, соңынан түрікменді тәубесіне келтіргені әдемі келтірілген. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған, тілі жеңіл, тартымды.
Бегімбай Ұзақбаевтың еңбегі өзінің өзгеше стилімен, тың деректерімен, қызғылықты материалдарымен оқырман жүрегіне жол табары күмәнсіз.
Кітап қоғам қайраткері, белгілі кәсіпкер Әлжанов Алтынбек Тыныштықбайұлының демеушілігімен жарық көрді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<