Еліміз үшін өте маңызды институт

411

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан қызметін бастаған Конституциялық Соттың жаңа әкімшілік ғимаратына барып, тағайындалған судьялармен кездесті.

Мемлекет басшысы Конституциялық Сот ел өмірінде айрықша рөл атқаратын орган екенін атап өтіп, бұған дейін 27 жыл бойы табысты жұмыс істеген Конституциялық Кеңес мүшелеріне және онда әр кезеңде еңбек еткен қызметкерлерге алғыс айтты.

Конституциялық Сот барлық заңдар мен заңға сәйкес актілердің Конституцияға сәйкестігін қамтамасыз етуге тиіс екеніне тоқталды.

– Шын мәнінде, Конституциялық Сот – еліміз үшін өте маңызды институт. Енді азаматтарымыз Конституцияға қайшы келетін нормаларды заңсыз деп тану үшін Конституциялық сотқа тікелей өздері шағымдана алады. Сонымен қатар Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де  Конституциялық Сотқа жүгінуге құқығы бар. Жалпы, Прокуратура, Сот, құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талап айтарлықтай күшейеді. Конституциялық Сот депутаттардың және Үкіметтің заң шығару жұмысына оң ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық Сот адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегіне айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, заң үстемдігі қағидатының мызғымастығы еліміздегі саяси реформалардың өзегі саналады. Жүргізіліп жатқан реформалардың саны жағынан, ең бастысы, мазмұны мен сапасы тұрғысынан Қазақстан әлемде көшбасшы елдердің қатарына кіретіні сөзсіз.

– Шын мәнінде, тек былтыр атқарылған жұмыстар біздің қоғамдағы өзгерістердің ауқымы мен тереңдігі туралы оң әсер қалдырмауы мүмкін емес. Қазақстан мемлекет ретінде айтарлықтай  жаңғырды. Бұл деректі әлемдік қоғамдастық ашық мойындады. Оған көптеген халықаралық байланыс пен ең жоғары деңгейдегі кездесулер дәлел. Конституциялық Сот Әділетті Қазақстанның айнасы болады десек, артық айтқандық емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Жаңа, Әділетті Қазақстанның басты қағидаты – әділдік екеніне назар аударып, қазылардың осы маңызды міндетті абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

– Халқымыз қара қылды қақ жарған қазыларға ерекше құрметпен, сыйластықпен қарайды, «тура биде туған жоқ» деп судьяларға зор үміт артады. Әрбір шешім Ата заңға сәйкес қабылдануға тиіс. Өйткені бұл, ең алдымен, еліміздің тағдырына ықпал ететін шешімдер болмақ, – деді Президент.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<