Еліміз жаңа уақыт белдеуіне көшеді

408

0

Кеше «Достық үйінде» еліміздің жаңа уақыт белдеуіне көшуіне байланысты жиын өтті. Басқосуға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, ғалымдар мен қоғам белсенділері қатысып, өзгеріске қатысты пікірлерін айтты.

Биыл наурыз айынан бастап еліміз бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне көшеді. Осыған дейін аталған уақыт белдеуімен еліміздің батыс облыстары мен Қызылорда аймағы жүретін, ал өзге өңірлер UTC+6 сағатына бағынатын. Бұл бастама әуелі ғалымдар мен медицина мамандарының қатысуымен қолға алынған еді. Зерттеуде UTC+5 уақыт белдеуіне ауысу азаматтардың денсаулығына, психологиясына және өмір сүру тәртібіне тиімді екені анықталған. Өзгеріс енгізілмес бұрын мәселе ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына талқылауға шығарылды. Халықтың басым бөлігі уақыт белдеуін өзгертуге келісті.

– Мемлекет басшысы аталған мәселені көтеріп, уақыт белдеуін реттеу бойынша жұмыс істеуді тапсырғаны белгілі. Көп ұзамай Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Техникалық реттеу және метрология комитеті ғалымдармен бірлесіп, зерттеу жүргізді, оған дәрігерлер де қатысты. Нәтижесінде ел азаматтары үшін бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуі тиімді екені анықталды, – деді қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов.

Жиында зерттеуге қатысқан ғалымдар сөз сөйлеп, өзгерісті егжей-тегжейлі түсіндірді. Әсіресе, бастаманың адамдардың денсаулығына пайдасы мол. Өйткені осыған дейін еліміз Орта Азияда уақыт белдеуі бойынша біраз ауытқып келген. Бірыңғай норманы енгізу арқылы кемшіліктерді түзеп, мүмкіндігінше аурулардың алдын алып, ұйқы уақытын реттеп, балалардың психологиясын сақтай аламыз. Сондай-ақ қоғам белсенділері де ғалымдарға сұрақ қойып, жауап алды. Мамандар әзірге уақыт белдеуін өзгертудің тиімділігі байқалмағанымен, алдағы уақытта пайдалы тұстары көріне бастайтынына сендірді.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<