Қазір өндірісте 283 мың атқарушылық іс бар. Оның ішінде борышкер ер адамдар саны 272 мың болса, ал әйелдер саны 11 мыңнан асады. 16 мың іс бойынша берешек 16 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы Әділет министрлігі мәлімдеді деп хабарлайды Syrboyi.kz сайты atamekenbusiness_qaz телеграм каналына сілтеме жасап.
Өз міндеттерін орындамаған борышкерлер жауапкершілікке тартылады. Мәселен, былтыр 4,5 мыңнан астам қазақстандыққа әкімшілік жаза белгіленді. Ал алимент төлеу міндеттерін орындамаған 391 адам сотталды. Жиған-тергенін сатып, балаларының алдындағы берешегін өтеп жатқандар да кездеседі.
«Мәселен, Астанада алимент бойынша борышкердің Mercedes-Benz S400 маркалы көлігі 23 млн теңгеге сатылды. Жамбыл облысында борышкер 11 млн теңгеден астам тұратын жылжымайтын мүлкін қарызын өтеу үшін берді. Борышкерге қылмыстық іс қозғалды. Алматыда 9 млн теңгеден астам қарызды өтеу үшін 2017 жылғы Hyundai Tucson автокөлігі өндіріп алушыға тапсырылды», – деді министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли.






