Қазақстанда толыққанды оқу процесін қамтамасыз ету мақсатында Бірыңғай онлайн білім беру платформасы әзірленеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жолдаудағы тапсырмаға сәйкес өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға баса назар аударылады. Өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуетін ескере отырып, өсу нүктелері қалыптастырылады. Шекара маңындағы аумақтарда қазақстандық тауарларды ілгерілету үшін ынтымақтастық кеңейтіледі. Бұл мақсатта барлығы 2 шараны жүзеге асыру көзделген», – деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын жариялай отырып.
Ол сондай-ақ азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық екенін атап өтті.
«Азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу және емдеу үшін пайдалануға мүмкіндік беріледі. Жалға берілетін тұрғын үйді дамыту, әлеуметтік жағынан осал халықты жалға берілетін баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені қабылданады. Әлеуметтік және демографиялық саясатты жетілдіру жалғасады», – деді ол бұл бағытта барлығы 10 іс-шара жүзеге асырылатынын айта отырып.
Руслан Дәленов толыққанды оқу процесін қамтамасыз ету мақсатында Бірыңғай онлайн білім беру платформасы әзірленетінін жеткізді. Оның айтуынша білім беру жүйесіне білікті кадрлар тартылады. Педагогтардың мәртебесі артады. «Кәсіби білім беру еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға қайта бағдарланатын болады. Елдің ғылыми әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылады», – деді ол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<